Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Қазақстанда жаңа инвестиция құралын енгізу жоспарланып отыр

Инвестициялық облигациялар – табыстылығы алдын ала белгіленген оқиғалардың басталуына байланысты болатын бағалы қағаздар болып табылады.

Қазақстанда жаңа инвестиция құралын енгізу жоспарланып отыр
Дереккөз: liter.kz

2021 жылдың 2-ші қаңтарда ел экономикасын қалпына келтіруге бағытталған нормативтік өзгерістер туралы заң қабылданды. Аталған заңдағы бағыттардың бірі – қазақстандықтарға қор биржасында табысын арттыруға мүмкіндік беретін жаңа қаржы құралдарын әзірлеу болды. Осы және өзге жаңа инвестициялық құралдарға қатысты жауаптарды біздің бүгінгі материалымыздан біле аласыздар.

Инвестициялық құралдар тақырыбына қалам тербеместен бұрын, жалпы инвестиция түсінігіне тоқталып өткенді жөн көрдік. Жалпы инвестиция дегеніміз - бұл белгілі бір қаржы құралдары арқылы қаражатты көбейту тәсілі болып табылады. Оларға акциялар, облигациялар, инвестициялық қорлардың үлестері және т.б. жатады. Бұған қоса Қазақстанда бүгінде қаржы құралдарының жаңа түрлерін: "жасыл" және инвестициялық облигацияларды енгізу жоспарлануда. Енді олардың әрқайсысының ерекшеліктері жайлы жеке-жеке түсіндіріп өтсек.

«Жасыл облигациялар» дегеніміз не?

Облигация – бұл компаниялар шығаратын қарыз туралы түбіртек (оларды эмитент деп те атайды). Яғни, азаматтар эмитент - компанияның облигациясын сатып алып, оның кредиторына айнала алады. Ақшаны пайдаланудың орнына эмитент белгілі бір сыйақы төлейді. Басқаша айтқанда, бұл банктегі пайыздық несиеге ұқсас, бірақ бұл жағдайда инвестордың өзі "банк" болып табылады.

Ал "жасыл" облигациялар - қаражаттың экологияны жақсарту жөніндегі жобаларды іске асыруға ғана жұмсалатындығымен ерекшеленеді. Бұл ретте іріктелген немесе мақұлданған жобаларды жіктеуді және оларды бекітуді мемлекеттік органдар жүргізетін болады. Сондай-ақ кез-келген басқа бағалы қағаздар сияқты, "жасыл" облигацияны коммерциялық ұйымдар шығаруға құқылы екенін атап өткен жөн. Айта кетерлігі бұл облигациялар айналым мерзімі бойынша әр түрлі, қамтамасыз етілген немесе қамтамасыз етілмеген, айырбасталатын немесе айырбасталмайтын болып жіктеледі.

Айналым мерзімін, купонды төлеу кезеңділігін, айналым, өтеу шарттарын және басқаларын эмитент компания қарастырады. Олар "жасыл" облигацияларды шығару шарттарында белгіленеді. Осылайша, инвестор экологиялық жобаларға демеушілік жасау арқылы пайда табады. Сол сияқты қазақстандықтар үшін екінші жаңа қаржы құралы инвестициялық облигация болмақ.

Инвестициялық облигациялардан қандай пайда табуға болады?

Инвестициялық облигациялар – табыстылығы алдын ала белгіленген оқиғалардың басталуына байланысты болатын бағалы қағаздар болып табылады. Мұндай жағдайда азаматтардың қаражатын пайдаланғаны үшін негізгі сыйақыдан басқа, алдын ала көрсетілген мән-жайлар орын алған немесе орын алмаған кезде қосымша ақшалай төлемдер қарастырылады. Бұл ретте сыйақының базалық пайызы әдеттегі облигацияларға қарағанда төмен болады. Инвестордың кірістілігі қарыз қағазында көрсетілген жағдайға байланысты болатынын ескеру керек.

Бұл шарттар көпшілікке қолжетімді әртүрлі нарықтық индикаторларға:

  • валюта бағамына, акциялар құнына (бағаның белгілі бір шегінде төмендеуі, өсуі немесе сақталуы);
  • эмитенттің табыс деңгейіне;
  • бағалы металдардың, шикізаттың немесе өзге де тауарлардың баға белгіленімдеріне және т.б. байланысты болуы мүмкін.

Ол үшін инвестициялық қарыз қағаздарын мысал ретінде келтіруді жөн санадық.

Мысалы, инвестициялық облигацияның доллар бағамы 450 теңгеден асқан кезде қосымша сыйақы төлеу туралы шарты бар. Егер мұндай жағдай орын алса, онда инвестор пайыздық сыйақы түрінде кіріс алады, оның мөлшері облигацияның шарттарына байланысты болады. Бұл ретте осы облигацияларды сатып алудың номиналды сомасын қайтаруға кепілдік беріледі. Яғни, азаматтар қарыз қағаздарын сатып алған сома белгілі бір шарт болмаса да қайтарылады.

Сонымен бірге, бұл лотерея билеті емес, қаржы құралы екенін де есте ұстаған жөн. Оны шығару Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады. Мұндай облигация ол бойынша сыйақы төлеу шарттарын неғұрлым икемді етуге және осылайша эмитент-компанияның нарықтық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Облигация бойынша кірістің белгілі бір көрсеткішке, индикаторға немесе индекске қосылуы белгілі бір нарықта мамандандырылған және ұзақ мерзімді болжамдар жасай алатын инвесторлар үшін тартымды болып қала бермек.

Естеріңізде болса, бұған дейін 2020 жылдың тамыз айында Қазақстанда алғаш рет жасыл облигациялар іске қосылған болатын. Осылайша "Даму" Қоры БҰҰДБ-ның қатысуымен AIX биржасында 200 млн теңге сомасында бағалы қағаз орналастырды. Тартылған қаражат жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) бойынша шағын көлемді жобаларды іске асыратын шағын және орта бизнеске одан әрі несие беру үшін, екінші деңгейдегі банктерге және микроқаржы ұйымдарына жіберілетін болады. Бұл ретте «Даму» қоры не себепті БҰҰДБ-мен серіктестік орнатты деген заңды сауал туындайтыны рас. Себебі ұйым ұсынып отығар қаржы тетігі өте тартымды және оның көмегімен ақша құны төмендемек. Ұйым несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін 10 пайыздық субсидиялауды, сондай-ақ негізгі қарыздың 25%-на дейін ұсынады. "Даму" облигациялары жағдайында, ол 11,75% купондық мөлшерлемені субсидиялауды өзіне алды.

Мәмілені құрылымдаумен айналысқан BCC Invest Корпоративтік қаржы департаменті директорының орынбасары Индира Әлкенова жасыл облигацияларды сатып алушылар жергілікті брокерлік компаниялар болғанын және шығарылым толық көлемде орналастырылғанын мәлімдеді. Негізінде аталған нарықта жасыл облигацияларға сұраныстың болатыны айқын еді. Себебі үш жылдық облигациялар - бұл соңғы жылдардағы инвестициялық негізгі бағыт еді.