Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Елімізде «естілетін мемлекет» тұжырымдамасы аясында қандай жұмыстар қолға алынуда?

2019 жылғы 2 қыркүйегінде "Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың сұрауларына жедел әрі тиімді жауап беретін "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру бүкіл елдің ортақ міндеті екенін атап өтті.

Елімізде «естілетін мемлекет» тұжырымдамасы аясында қандай жұмыстар қолға алынуда?
Дереккөз: liter.kz

Тұрғындармен ашық диалог жүргізу, азаматтардың сұраныстарына дер кезінде ден қойып, жауап беру, мемлекеттік маңызды шешімдерге халықтың қатысуы және т.б. факторлар – Қазақстанда ашық мемлекет құруға негіз болды. Осы орайда елімізде мемлекеттік аппарат пен халық арасындағы өзара қарым-қатынасты трансформациялау үшін "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдама мемлекеттік органдар мен халық арасындағы қарым-қатынастың өзгеруіне әсер ете ала ма? Бұл сұрақтың жауабын бүгінгі материалдан біле аласыздар.

2019 жылғы 2 қыркүйегінде "Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың сұрауларына жедел әрі тиімді жауап беретін "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру бүкіл елдің ортақ міндеті екенін атап өтті. Ал Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде 2020 жылдың 6 ақпанында "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына көшу тәсілдерін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өткен еді. Еске салсақ, онда тікелей және кері байланыс арналарының ағымдағы проблемалары негізінде тұжырымдаманы іске асыру тәсілдері талқыланған болатын.

"Естілетін мемлекет" - бұл ең бастысы азаматтардың мүдделері ең алдыңғы орынға қойылатын мемлекет болып табылады. Онда мемлекеттік органдардың азаматтармен өзара іс-қимыл тетігі жолға қойылған және азаматтардың шешім қабылдау, оларды бақылау процесіне тартылуына мүмкіндік беретін кедергісіз инфрақұрылым жұмыс істейді. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының басты міндеті - азаматтардан түсетін сұрауларды жинау ғана емес, сондай-ақ халықты осы проблемаларды шешу жолдарын іздестіруге тарту және жаңаларына жол бермеу болып табылады. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" жүйелі болуға және агломерацияларды ғана емес, бүкіл елді, барлық қалаларды, кенттер мен ауылдарды қамтуы тиіс. Қазақстанда тұжырымдамаға көшу қажеттілігі мемлекеттік қызмет дағдарысынан туындады. Себебі азаматтардың мемлекеттік институттарға сенім деңгейі төмен және халықтың оларға тартылуы да тиісті деңгейде болмады.

Ақпарат еркін және барлық жерде қолжетімді интернетті жаппай пайдалануына байланысты, адамдарға тексерілген дереккөздер, бірінші тұлғалардың ақпараты, сондай-ақ мемлекеттік органдар тарапынан олардың талаптарына жылдам реакция талап етіледі. Бұл бағыттағы өзгерістер қазірдің өзінде байқалады, себебі бастапқы жұмыс - шенеуніктердің мемлекеттік коммуникацияларынан басталды. Себебі соңғы екі жылда билік өкілдері Үкіметтің кеңейтілген отырысында, Президент халық алдында барынша ашық болуға шақырғаннан кейін, әлеуметтік желілердегі парақтарын белсенді түрде аша бастады.

Бұл ретте мемлекет басшысының әлеуметтік желілерде парақшалары барын, 2011 жылдан бастап ол өзінің Twitter-дегі аккаунтын белсенді түрде жүргізіп келе жатқандығын, сол сияқты Instagram-да аккаунт ашқанын ескеру керек. Дегенмен, барлық шенеуніктер өз парақшаларын белсенді түрде қолдана бермейді. Олардың кейбірі парақшаларды белсенді түрде жүргізбейтін болса, енді бірі оған тек атқарылған жұмыс туралы есептерін салады.

Бұған қоса қоғамдық сенімді қайтару үшін, 2019 жылы ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Осы ұлттық кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады, оның негізгі мақсаты - жұртшылық және саяси партиялар, азаматтық қоғам өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу болып табылады. Ұлттық Кеңестің құзыретіне:

  • тұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалар мен нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу;
  • жұртшылық пен азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып, маңызды стратегиялық проблемаларды қарау;
  • жұртшылық, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор және мемлекеттік органдар өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету;
  • өз құзыреті шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру сияқты міндеттері кіреді.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" жаңа заңды әзірлеу процесінде ерекше рөл атқарды. ЖОЖ екінші отырысында Президент "ҚР-дағы сайлау туралы" Заңға өзгерістер енгізуді тапсырды.

"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының базалық қағидаттарын іске асыру Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртып, сол арқылы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруы тиіс. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметтерді, мемлекеттік бағдарламаларды, ЖАО жұмыстарын және т.б. ұсыну сапасына оңтайлы әсер етпек.

Халықтың әлеуметтік белсенді болуы және саяси процеске тартылуы үшін халықпен тікелей өзара іс-қимыл жасайтын азаматтық қоғамды қолдау және нығайту қажет. Осындай өзара іс-қимылдың өз тетігін әзірлеуге немесе дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенуге болады.

Дамыған елдердің халықаралық тәжірибесі ашық мемлекет кезінде халықтың шешім қабылдау процесіне белсенді түрде тартылғанын көрсетеді. Ұзақ уақыт бойы көптеген елдерде ашық деректер порталдары бар. Онда үкімет билік органдарының, бизнестің қызметін бақылау, қолданыстағы ақпараттық өнімдерді құру және дамыту мақсатында қоғамдық ұйымдар да, азаматтар да пайдалана алатын мәліметтерді жариялайды.

Сонымен бірге Қазақстанда "ашық деректер" порталы бар, бұл ҚР "электрондық үкіметінің" элементі болып табылатын Ашық үкімет бастамасының бір бөлігі болып табылады.

Ұлыбританияда Азаматтарға арналған кеңес беру бюросы бұрыннан жұмыс істеп келеді. Ол кез-келген мәселелер бойынша үкіметтік емес ұйымдар арқылы азаматтарға тегін, тәуелсіз кеңес беру қызметін атқарады. Бюро азаматтардың мәселелерінен бастап, несиені өтеу мәселелері, иммиграция мәселелеріне дейін шешуге көмектеседі. Бюро жұмысының арқасында үкімет азаматтардың сұраныстарын естиді, өзгерістерді талап ететін бағыттарды сезіне алады.

Сол сияқты дамыған елдерде "азаматтық қазылар алқасы" процедурасы кең таралған, онда белгілі бір параметрлер мен қарастырылып отырған проблемаға қатысты халықтың өкілдері болып табылатын 15-25 азамат кездейсоқ таңдалады. Бұл адамдар тобы сарапшылар ұсынған мәселе бойынша барлық қажетті ақпаратты зерттейді, мамандардың әртүрлі көзқарастарын тыңдайды және нәтижесінде мәселе немесе жоба бойынша нәтижелерді айтады. Бұл технология АҚШ-та пайда болды. Қазіргі таңда бұл жүйе Ұлыбританияда, Израильде, Жапонияда және басқа да көптеген елдерде қолданылады.

Сондай-ақ, "Open Government Partnership" халықаралық ұйымына қатысушы елдердің тәжірибесі мен әдіснамасын пайдалануға болады, ол қоғамдық бақылауға ашық әкімшілік кәсіпқойлықты дамытуға бағытталған.

Осылайша, біз қазіргі кезеңде еліміздің одан әрі дамуы үшін мемлекеттік билік институттары мен халықтың қазіргі шындыққа сай келмейтін өзара қарым-қатынасын өзгерту қажет екенін түсініп келеміз. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының базалық элементтерін іске асыру осы өзгерістерге ықпал етуі және көптеген мемлекеттік институттардың жұмысын өзгертуі мүмкін, бұл барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың ашық жұмысына алып келеді. Егер мемлекеттік органдар қандай да бір мәселелер бойынша нәтижелі өзара іс-қимыл жасаса, азаматтардың мұңы мен тілектерін тыңдаса, оларға уақтылы ден қойып, қанағаттандырса, қоғамда әлеуметтік шиеленіс болмайтыны анық. Аталған тұжырымдама Қазақстан үшін билік пен қоғамның өзара іс-қимылының дербес тетігі болуы тиіс.