Мемлекет басшысы коронавирустың жаңа толқыны жойқын екенін айтып, қазақстандықтарды барынша сақ болуға шақырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі коронавирустық инфекцияның өршуіне байланысты ведомствоаралық комиссияның кезекті кеңесін өткізіп, онда эпидахуалдың алдын алу әрі оны жақсарту үшін бірқатар тапсырмалар берді. Кеңесте не айтылғаны жөнінде бүгінгі материалдан біле аласыздар.
Мемлекет басшысы коронавирустың жаңа толқыны жойқын екенін айтып, қазақстандықтарды барынша сақ болуға шақырды.
"Коронавирустың жаңа толқыны ең жойқын болып отыр. Соңғы күндері жүздеген азаматымыздан айырылып қалдық. Әр өңірде ауруханаға түскен науқастардың саны күрт көбейді. Жансақтау бөлімдерінің барлығы іске қосылды. Қосымша дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық сатып алынды", - дейді мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, қазір алда тұрған басты мақсат - адам өмірін сақтап қалу. Ал оның бір ғана жолы - жаппай вакцинация болып отыр.
"Біздің ең өзекті мақсатымыз – вирустың таралуын тоқтату емес. Әлемдік тәжірибе мұның мүмкін емес екенін көрсетіп отыр. Ең бастысы – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау. Сондықтан, оның бір ғана жолы бар. Бұл – жаппай вакцинация, екпе салу", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз сөзінде облыстардың басым бөлігі «қызыл аймақта» екенін атап өтті.
"Өңірлердің басым бөлігі "қызыл аймақта". Ауыр және аса ауыр жағдайдағы науқастардың саны күн сайын көбейіп барады. Ең өкініштісі, азаматтарымыздан айырылып жатырмыз. Сондықтан шұғыл түрде іс-шараларды қолдануымыз керек. Тиісті жұмыс жоспарын дайындап, оны міндетті түрде іске асыруымыз қажет", - деді президент.
Бұл ретте мемлекет басшысы елде "Спутник Лайт" вакцинасын шығаруды бір жолға қою қажеттігін атап өтті.
"Келесі мәселе осы саладағы жетекші өндірушілердің вакциналар желісін кеңейту қажеттілігімен байланысты. Отандық фармацевтикалық алаңдарда Ресейдің жаңа "Спутник Лайт" вакцинасын жеткізу және шығару мәселесін пысықтау қажет", - деді Тоқаев.
Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова бүгінде Қазақстан "Спутник лайт" вакцинасын өндіру және оны жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, ол қазақстандық QazVac КВИ-ға қарсы вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеуді жеделдету қажеттігін атап өтті. Айта кетерлігі, елімізде қыркүйек айында осы препараттың өнеркәсіптік өндірісін бастау жоспарлануда.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы Батыстың кейбір дамыған елдерінің билігі сендіру әдістерінен мәжбүрлеу шараларына көшкендіктерін атап өтті.
"Біз ірі еңбек ұжымдарының қызметімен байланысты ерекше жағдайларды қоспағанда, мұндайға бармаймыз. Себебі "қыңыр" антиваксерлердің шағын тобының арқасында өз отбасыларының әл-ауқатын өз еңбегімен қамтамасыз ететін азаматтарымыздың денсаулығына қауіп төндіре алмаймыз", – деп мәлімдеді президент.
Ел президенті, сонымен бірге, вакцинация паспорттарын қолдан жасайтындармен күресу үшін, ішкі істер министрі жанынан арнайы топ құруды тапсырды.
Осыған байланысты ол ІІМ жанынан жұмысты үйлестіретін, қоғам белсенділері мен тұрғындардан ақпарат алатын және өңдейтін ведомствоаралық арнайы топ құрылатын болды.
Президент кеңес барысында бұған қоса, былтырғы жылы елде жұқпалы аурулар ауруханалары салынғанын, сол себепті оларды тиімді пайдалану керектігін мәлім етті.
«Өткен жылы бірнеше ай ішінде жаңа жұқпалы аурулар ауруханалары салынды, қажетті жабдықтар сатып алынып, дәрі-дәрмектер қоры құрылды. Сонымен қатар медициналық қызметкерлерді оқыту жүргізілді. Енді мұның бәрін дұрыс және тиімді пайдалану керек. Өткен жылдың жазында елде қалыптасқан жағдайдың қайталануына жол бермеу керек. Денсаулық сақтау жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі үшін бәрін жасау керек. Өкінішке орай, бұл мәселеде олқылықтар бар. Менің тапсырмам бойынша өңірлердегі медициналық мекемелер тексерілді. Нәтижелер көңілсіз. Стандарттарға жаңадан салынған модульдік инфекциялық орталықтар ғана сәйкес келеді", - деді мемлекет басшысы.
Сонымен бірге мемлекет басшысы халықты карантин талаптарын сақтауға шақырды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев карантинді бұзған тұрғындар үшін, жазаны қатаңдатуды тапсырды.
"Соңғы уақытта ауруды жұқтырғандар мен байланыста болғандар, яғни қоғамдық орындарға баратын "қызыл" және "сары" мәртебесі бар адамдар саны артып келеді. Бағдарлама оларды тіркегеннен кейін, азаматтар түк болмағандай басқа демалыс орнын іздеуге қашады. Шамасы, мұндай жауапсыз адамдар айыппұлдардан қорықпайды, өйткені оларды ешкім жазаламайды. Ал жүйеде ЖСН мен иммундық мәртебені бекіту бар ғой. Мұндай жауапсыздық жазалануы керек. Карантиндік шектеулерді сақтамағаны үшін талаптарды қатаңдатуды тапсырамын", - деді Тоқаев.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке елдегі коронавирус мәселелерін шешу үшін Үкіметке бір ай уақыт беретінін мәлімдеді.
Еске салсақ, 20-шы шілде күні ресми деректерге жарияланған ақпаратқа сәйкес, ПТР тесті расталған Қазақстанда коронавируспен ауырған азаматтардың саны 499 111-ге жетті. Олардың ішінде 433 994-і індеттен жазылып шықса, 5062-сі қайтыс болған.