Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

БЖЗҚ шоттарынан қанша қазақстандық зейнетақы жинақтарын алды?

Қазақстанда ақпан айынан бастап БЖЗҚ-нан зейнетақы жинақтарын жеткіліктілік шегінен артылған соманы мерзімінен бұрын алуға өтінімдер қабылдау басталған болатын.

БЖЗҚ шоттарынан қанша қазақстандық зейнетақы жинақтарын алды?
Дереккөз: inbusiness.kz

Биылғы жылы қазақстандықтарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) қаражат алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Осыған орай, ел азаматтары тұрғын-үй жағдайларын жақсарту, емдік мақсатта пайдалану сияқты бағыттарда жеке шоттарындағы қаражатты пайдалана бастады. Материалдың бүгінгі санында «БЖЗҚ-ғы жеткілікті сомадан артылған қаржыны қанша қазақстандық ала алды?» деген сауалға жауап іздемекпіз.

Қазақстанда ақпан айынан бастап БЖЗҚ-нан зейнетақы жинақтарын жеткіліктілік шегінен артылған соманы мерзімінен бұрын алуға өтінімдер қабылдау басталған болатын. Естеріңізде болса, бұған дейін миллионнан астам қазақстандық азаматтардың жеке зейнетақы шоттардағы ақшаны пайдалана алатындығы жайлы белгілі болған еді.

Осы орайда, елімізде БЖЗҚ-нан зейнетақы жинақтарын ала алатын азаматтардың үш топқа бөлуге болады:

  • салымшының жасымен бірге "өсетін", жеткіліктілік шегінен артық зейнетақы жинақтары бар жұмыс істейтін азаматтар – 760 мың адам;
  • алынғаннан кейін олардың зейнетақысының жиынтық мөлшері жоғалған табыстың кемінде 40%-ын құрайтын жағдайда зейнетақы жинақтарының жартысын пайдалана алатын зейнеткерлер – 170 мың адам;
  • зейнетақы аннуитетін рәсімдеген азаматтар БЖЗҚ-дағы шотта жинақталған соманың барлығын ала алады - 23 мың адам.

Айта кетерлігі аталған деректер жаңартылуы да мүмкін. Себебі осы уақыт ішінде жеткіліктілік шегінен артық сомасы бар немесе керісінше жасына байланысты жеткіліктілік шегі төмендеуі мүмкін. Яғни, кейбір қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы жинақтарын алу үшін қолжетімді болатын, тек азғантай ғана мөлшерде сомасы болуы мүмкін, ондай жағдай әрине аталған саманы пайдалану мүмкін емес.

Бұл ретте ел тұрғындары зейнетақы жинақтарын келесі мақсатта пайдалана алатынын тағы бір мәрте еске саламыз:

  • тұрғын үй жағдайларын жақсарту;
  • емделу;
  • инвестициялық портфельді басқарушыға аударым жасау.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) ағымдағы жылдың 14-ші шілдесіндегі деректері бойынша, БЖЗҚ – ға тұрғын үй жағдайларын жақсартуға келіп түскен өтініштердің саны 601 819-ға тең болды. Олардың ішінде 246787 азаматтың өтінімі қабылданбаса, 2800 өтінім қаралу үстінде екен. Сондай-ақ 352 232 адамның өтінімі расталып, оларға 1, 5 триллион теңгеден астам көлемде ақша аударылған. Сонымен бірге 51 980 өтінім қайтарылып, 150 миллиард теңгедей қаражат қайта зейнетақы қорына жолданған.

Бүгінде өңірлер бойынша ең көп өтінім берген әрі расталған азаматтар саны Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Маңғыстау, Атырау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында тіркеліп отыр. Ал өтінім аз берген облыстар қатарынд СҚО, Түркістан, Жамбыл, Қостанай және т.б. аймақтар еніп отыр.

Сонымен бірге БЖЗҚ өкілдері келіп түскен өтінімдердің көп жағдайда не себепті кері қайтарылғандығын түсіндірді. Айтуларынша егер сұратылған сома қолжетімді сомадан асып түссе немесе өтінімдер бір азаматтан қайталанып түссе және басқа да маңызды себептер бойынша өтінімдер қабылданбаған екен. Сол сияқты кей уақытта өтінімдерді жинақтары немесе тіпті зейнетақы шоттары жоқ азаматтар берген көрінеді.

Бұдан бөлек қазақстандықтар БЖЗҚ-ғы ақшаларын емдік мақсатта да пайдалана алады. БЖЗҚ сайтындағы 14 шілдедегі жағдай бойынша, бұл мақсатта 37 717 өтінім түсіп, олардың 15 656-сы қабылданбаған екен. Сол сияқты сол күнгі мәлімет бойынша 611 өтінім қаралу үстінде болса, 21450 өтінім мақұлданған көрінеді. Сонымен бірге 5096 өтінімнің қайта қайтарылғаны анықталды.

Облыстар бойынша емдік мақсатта өтінім берушілердің басым көпшілігі Нұр-Сұлтан қаласынан -  3870 (2021 жылғы 14 шілде бойынша көрсеткіш), Алматы қаласынан – 4514 (2021 жылғы 14 шілде бойынша көрсеткіш), Маңғыстау облысынан – 3316 (2021 жылғы 14 шілде бойынша көрсеткіш) екендігі белгілі болды.

Ал аталған бағытта өтінімді аз берген өңірлер қатарында Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қостанай және тағы да басқа облыстар бар.

Пайдаланылмаған зейнетақы жинақтарын не күтіп тұр?

Егер Қазақстан азаматтары зейнетақы жинақтарын алып, бірақ оны пайдаланылмаса, онда ол сол қолданылмаған күйі ел тұрғындарының арнайы шоттарында жататын болады. Осы кезең аралығында оларға инвестициялық табыс есептелмейтін болады және инфляция "жеп қойған" ақшаны толықтыру жөнінде мемлекеттік кепілдік қолданылмайды.

Сондықтан мамандар салымшының алынған зейнетақы жинақтарын жұмсағысы немесе ақшасын БЖЗҚ-дағы шотына уақытында қайтарғысы келетін мақсатты мұқият жоспарлауға кеңес беріп отыр. Егер зейнетақы жинақтарын алған кезде табыс салығы бірден төленген болса, оларды қайтарған кезде төленген сома да салымшының шотына автоматты түрде аударылады.

Тағы бір жаңалық биылғы жылдың шілде айында «Ашық НҚА» порталында "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 15 ақпандағы № ҚР ДСМ-18 "Емдеуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" жоба жарияланды. Ұсынылған алғашқы өзгерістердің бірі – бұл зейнетақы жинақтарын жақын туыстардың, жұбайының немесе зайыбының емделуіне жұмсау мүмкіндігі болып отыр.

Десе де бұл процесс тұрғын-үй жағдайын жақсарту сияқты зейнетақы жинақтарын алу ережелерімен бірдей болмайды. Яғни, бұл жерде екі тарапқа да арнайы арнайы шот ашып, БЖЗҚ-дан алынған ақшаны бір-біріне беріп, біріктіру қажет емес. Жеткілікті соманы жинақтаған БЖЗҚ салымшысы балалары, ата-аналары, туған аға-інілері мен апа-сіңлілері, аталары мен әжелері мен немерелері сияқты жақын туыстарының емделуіне тікелей ақы төлейді деп жоспарлануда. Бұл өзгерістің негіздемесіне ең алдымен жас балалардың медициналық қызмет алуына зейнетақы жинақтарын пайдалану қажеттілігі әсер етті.

Заңға енгізілгелі отырған тағы бір өзгеріс - медициналық комиссияның функцияларын кеңейтуге қатысты болып отыр. Ережелердің қолданыстағы редакциясында дәрігерлік комиссия бір рет өткізіледі және өтінім берушіні зейнетақы жинақтары есебінен емделуге жіберу-жібермеу туралы шешім қабылдайды. Осылайша жаңа өзгеріс бойынша комиссия алынған медициналық қызметтердің немесе сатып алынған дәрілік заттардың рұқсат етілген тізбесімен сәйкестігі туралы шешім қабылдайды деп жоспарлануда.

Айта кетерлігі, зейнетақы жинақтары есебінен дәрілік заттарды сатып алу - бұл заңға енгізілетін тағы бір толықтыру болғаны отыр. Бұл ретте БЖЗҚ-дан алынған ақшаның мақсатты пайдаланылуын растау үшін сатушымен шарт жасасу қажет. Сондай-ақ барлық жоспарланған өзгерістерге байланысты емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерінің мақсатты пайдаланылуын растайтын құжаттарды рәсімдеу бойынша шарттардың тізімі кеңейтілді. Мысалы, егер зейнетақы туысқанға жұмсалған болса, туыстықты растайтын құжаттарды ұсыну қажет. Сонымен бірге уәкілетті оператордың зейнетақы жинақтарын олардың нысаналы мақсаты бойынша аудару мерзімі бес күннен он күнге дейін ұзартылды.

Шетелде емделу

Шетелде емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын жеке параграфқа енгізу жоспарлануда. Ал негізінде зейнетақы жинақтарын емдеуге алу алгоритмі өзгерген жоқ. Бұл жағдайда да өтінім беруші дәрігерлік комиссияның қорытындысын алады, шетелдік медициналық ұйыммен медициналық қызмет көрсету немесе дәрілік заттарды сатып алу туралы шарт жасасады, сондай-ақ, өтінімге құжаттарды тіркейді және қаражаттың түсуін күтеді.

Өтініммен бірге қаражатты алушы біржолғы зейнетақы төлемдерін айырбастау және халықаралық аудару өтініштеріне қол қоюы тиіс деп жоспарланып отыр. Бұл ретте халықаралық аударым үшін комиссия біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомасынан ұсталуы мүмкін. Сондай-ақ, толықтыруда зейнетақы төлемі БЖЗҚ-дағы шотқа қайтарылған жағдайда, сома бағамдық айырма немесе шетелдік банктің ұсталған комиссиясы есебінен өзгеруі мүмкін деп болжануда.

Емдеу шығындарын өтеу

Жаңа толықтырулар сонымен қатар біржолғы зейнетақы төлемдері медициналық қызметтердің ережелерімен рұқсат етілген тізім аясында мақсатты пайдалану бойынша бұрын келтірілген шығындарды өтеуге пайдаланылуы мүмкін деп болжанып отыр. Ол үшін өтінім беруші медициналық комиссияның қорытындысын алып, медициналық тарихтан үзінді көшірмелер, төлем құжаттары және т.б. ұсынуы керек. Бұл ретте өтемақы 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап алынған және сатып алынған медициналық қызметтер мен дәрілік заттарға ғана қолданылмақ.

Медициналық қызметтер тізімін кеңейту

Сонымен қатар зейнетақы жинақтарын жұмсауға болатын медициналық қызметтер тізімін де кеңейту жоспарлануда. Осы орайда стоматологиялық қызметтерге ортопедияның, имплантацияның және ортодонтияның барлық түрлері кіргенін атап өткен жөн. Көптеген медициналық қызметтерге «тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде немесе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде оларды жүргізу мүмкін болмаған жағдайда» деген тіркеу қосылды.

Яғни, егер қандай да бір қызмет Қазақстанда тегін көрсетілсе, онда оған зейнетақы жинақтарын жұмсауға болмайды. Жоғарыда көрсетілген шарттар сақталған жағдайда БЖЗҚ шотынан ақша жұмсауға болатын жаңа медициналық қызметтер арасында: Қазақстан Республикасы аумағында санаторийлік-курорттық емдеу, гендік-инженерлік биологиялық терапия, онкологиялық аурулар кезінде Car-Т-жасушалық терапия және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру көлемінен тыс экстракорпоралдық ұрықтандыру сияқты қызмет түрлері бар. Барлық сипатталған түзетулер ағымдағы жылдың 15 шілдесіне дейін талқыланатын болады.