Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Қазақстанда зейнетақыны рәсімдеу үшін қандай құжаттар қажет?

Зейнетақыны тағайындау мерзімі өтінім тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күнінен аспауы тиіс

Қазақстанда зейнетақыны рәсімдеу үшін қандай құжаттар қажет?
Дереккөз: liter.kz

Қазақстандық зейнеткерлер жұмыс орнында зейнет жасына жеткен соң, арнайы мемлекеттік органдарға өтінім беріп, зейнетақыны рәсімдей алады. Елімізде зейнет жасына шыққан азаматтарға зейнетке шығуына байланысты, зейнетақы тағайындалуы үшін қандай құжаттар қажет? Бүгінгі материалдың тақырыбын осы тақырыпқа арнайтын боламыз.

Қазақстандық зейнетақы жүйесі бойынша зейнет жасына жеткен ел азаматтарына базалық, ынтымақты зейнетақы және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдер түрінде зейнетақы тағайындалады. Ол үшін зейнеткерлер "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына келіп, өтінім береді. Осылайша зейнетақы зейнет жасындағы тұлғаларға оны алуға өтінім бергеннен бастап тағайындалатын болады. Бұл ретте өтінім берген күн ретінде, өтінім жазылған әрі зейнетақы рәсімдеуге қажет құжаттар тіркелген күн болып есептеледі. Сол себепті зейнетақыны тез арада рәсімдегісі келетін азаматтар, зейнетақы жасына келгеннен кейінгі бірінші айдан бастап зейнетақы алу үшін барлық құжаттарды уақытында тапсыру керек.

Зейнетақыны тағайындау уақыты

Зейнетақыны тағайындау мерзімі өтінім тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күнінен аспауы тиіс. Сол себепті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтінім мен тиісті құжаттарды зейнет жасына жеткенге дейін, яғни зейнет жасына толғанға дейінгі 10 күннің ішінде беруге болады. Қазіргі таңда елімізде бұл жас ерлер үшін бұл 63 жасты құраса, ал әйел адамдар үшін бұл жас 2021 жылдан бастам – 60 жасты құрап отыр.

Сол сияқты егер зейнет жасына шыққан адам зейнетақыға қажет құжаттарды мерзімінен бұрын тапсырса, онда зейнетақы тағайындалған күн – оның туған күні мен тұлғаның зейнет жасына жеткен күні деп есептелінеді. Мұндай жағдайда зейнеткер өзінің алғашқы зейнетақысын еңбек демалысының бірінші айында алуы тиіс.

Қажетті құжаттар

Зейнетақы төлемдерін тағайындауға қажет өтінімді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының өңірлердегі филиалдарында да, сондай-ақ,  электрондық цифрлық қолтаңба болған жағдайда электрондық үкімет сайтында да рәсімдеуге болады. Электрондық үкімет порталында бұл үшін келесі құжаттар қажет екендігі көрсетілген:

  • Зейнет жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтінім. Бұл ретте жеке және қашықтан рәсімдеу кезінде де тиісті органға бланкілер берілуі тиіс.
  • Жеке куәлік және оның көшірмесі.
  • Табыстар және солардан зейнетақы қорына аударылып отырған зейнетақы жарналары туралы анықтама. Айта кетерлігі, ондай анықтаманы зейнет жасына шығушы азаматтың жұмыс орны береді. Ал егер «болашақ» зейнеткер жеке кәсіпкер болса немесе АҚС шарты бойынша жұмыс істеген болса, онда жергілікті мемлекеттік кірістер органынан кірістер туралы құжатты алуы қажет.
  • Өтінім берушінің еңбек өтілін растайтын құжаттар. Осы орайда, ең алдымен, еңбек кітапшасының маңыздылығына тоқталып өткен жөн. Сондай-ақ, оған архивтерден алынған анықтамалар мен құжаттардың көшірмелері, бұрын істеген жұмыс орындарындағы актілерден үзінді және зейнеткердің жұмысы туралы мәліметтерді растайтын басқа да құжаттар да жатқызылуы мүмкін.

Қосымша құжаттар

Жоғарыда аталған құжаттардан бөлек, қажеттілік деңгейіне байланысты төмендегі құжаттар да зейнетақыны рәсімдеу үшін, қажет болуы ықтимал:

  • Зейнеткердің білімі туралы құжат.
  • Зейнеткердің әскери билеті немесе қорғаныс істері жөніндегі басқарманың анықтамасы.
  • Зейнетке шығушы тұлғаның балаларының туу туралы куәліктері. Бұл құжаттар болмаған кезде туу туралы акт жазбасынан үзінді немесе азаматтық хал актісін тіркеу туралы анықтама алынады.
  • Зейнет жасына шығатын азаматтың неке және некені бұзғаны туралы куәліктер. Немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтамалар.
  • "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі Заңының 10-бабына сәйкес прокуратура органдары берген ақтау туралы анықтама.
  • Соғыс қимылдарына қатысқаны туралы әскери комиссариаттың анықтамасы.
  • Бөгде адамның көмегіне мұқтаж бірінші топтағы мүгедек жандарға, екінші топтағы жалғызбасты мүгедек азаматтарға және жасына байланысты зейнеткерге, сексен жастан асқан қарияға, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаға күтімді жүзеге асыру фактісін және кезеңін растайтын сот шешімі.
  • Бұрынғы кеңестік мекемелердің, Қазақстан Республикасы мекемелерінің, халықаралық ұйымның қызметкері зейнетақы рәсімдеген кезде, жұбайының немесе жұбайының шетелде тұрғанын растайтын құжат.
  • Әскери қызметшінің немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің жұбайының немесе жұбайының мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жерлерде тұрғанын растайтын құжат.
  • Тарихи Отанында тұрақты тұру мақсатында, Қазақстан Республикасына келген этникалық қазақтардың өзге елде еңбек еткенін, оның еңбек өтілін, қызметін растайтын құжат.
  • Төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығында 5 жыл бойы тұру фактісін растайтын құжат.
  • Қамқоршылық немесе қорғаншылық белгіленген жағдайда оны растайтын құжат ұсынылады.

Ескере кетерлігі, бұл құжаттары тапсыру міндетті емес. Алайда аталған құжаттар зейнетақы тағайындалатын жандарға, зейнетақы көлемінің артуына жол ашуы мүмкін. Мәселен мұндай жағдайда еңбек өтіліңіздің ұзақтығы мен қосымша, жеңілдігі бар жәрдемақы мөлшері де есепке алынуы әбден ықтимал. Тағы бір айта кетерлігі, шет тілінде жасалған құжаттарды ұсынған кезде, нотариус құжаттың қазақ немесе орыс тілдеріне аудармасының дұрыстығын куәландыруы тиіс.