Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы қаржыны қандай медициналық қызмет түрлеріне жұмсай алады?

Қазақстандықтар ақшаны емделуге белгілі бір медициналық қызмет көрсететін комиссия бекіткен диагноз және сол комиссияның қорытындысынан кейін ғана ала алады.

Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы қаржыны қандай медициналық қызмет түрлеріне жұмсай алады?
Дереккөз: Tengrinews.kz

Қазақстанда зейнетақы қорындағы ақшаны баспана алу мақсатында ғана емес, сондай-ақ, ем алу үшін де жұмсауға болады. Биылғы жылдың басынан бастап заңға енгізілген өзгерістер, ел тұрғындарының еңсесін тіктеп, серпілтіп тастағаны анық. Ендеше мақаланың бүгінгі санында зейнетақы қорындағы қаражатты қандай медициналық қызмет түрлеріне жұмсауға болатыны жайлы жазатын боламыз.

Қазақстан халқы зейнетақы қорындағы қаражатты түрлі жеке мақсаттарда пайдалану мүмкіндігін биылғы жылдың ең ауқымды әрі ең ірі жаңалықтарының бірі ретінде қабылдады. Айта кетерлігі, бүгіннің өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) жинақталған қаражатты тұрғын-үй жағдайларын жақсартуға және емделуге пайдалану қағидалары әзірленіп үлгерді.

Тағы бір айта кетер жайт, БЖЗҚ-да жиналған қаражатты жеке қаржы компанияларына сенімгерлік басқару мақсатында да беруге болады. Алайда аталған талаптар бойынша ережелердің қашан бекітілетіні әзірге белгісіз болып отыр. Сол сияқты қазақстандықтарға бұған дейін аталған қаржыны білім беруге де жұмсауға болатындығы жайлы айтылған еді. Десе де БЖЗҚ-ындағы қаражатты пайдаланудың бұл мүмкіндігі әзірге тек ұсыныс күйінде қарастырылып отыр және заң жүзінде әлі де қолға алынған жоқ.

БЖЗҚ-ғы қаражатты қандай ем түріне жұмсауға болады?

Қазақстандықтар БЖЗҚ-ындағы қаражатты жинауға қатысты қуана қабылдаған тағы бір жаңалық – ол аталған қаражатты емдік мақсатқа пайдалана алу құқығы болды. Осылайша емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін мерзімінен бұрын пайдалану жөніндегі бұйрық 2021 жылғы 15 ақпанда бекітілді және Әділет министрлігінде 2021 жылғы 17 ақпанда тіркелген болатын. Естеріңізде болса, бұған дейін «Ашық НҚА» сайтында ел азаматтары қандай жағдайларда БЖЗҚ-ғы қаражатты жұмсай алатыны жайлы жарияланған еді. Оған сәйкес қазақстандықтар төмендегі бағыттар бойынша БЖЗҚ-ындағы ақшаны жұмсай алатын болатын:

  • Орфандық, яғни сирек кездесетін ауруларды емдеу, оларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ емдеу тактикасын анықтау үшін диагностикалық зерттеулер. Айта кетерлігі, бұл тек "миллион адамның ішінен тек біреуден" ғана кездесетін, сирек ауруларға шалдыққан науқастарға ғана қатысты болып отыр.  
  • Радионуклидтік және радиойодтерапияны талап ететін аурулар. БЖЗҚ-ындағы қаражатты алудың бұл түрін көп жағдайда қалқанша безінің аурулары, ағзада метастаз тараған науқастар ала алады.
  • Гамма пышақ немесе кибер пышақ көмегімен радиохирургиялық емдеуді қажет ететін аурулар. Аталған тәсіл түрлі ісіктерді емдеуде қолданылатын сәуле арқылы емдеу әдісі болып табылады.
  • Протон терапиясын қажет ететін аурулар - онкологиялық ауруларды емдеудің заманауи әдісі болып саналады.
  • Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтер.
  • Операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды түзету, дененің жұмсақ тіндеріне косметикалық сипаттағы реконструктивті және қалпына келтіретін пластикалық операциялар.
  • Офтальмологиялық қызметтер (мүйізді коллаген кросслинкингі, көздің көру қабылетін лазерлік түзету)

Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен жабылмайтын медициналық қызметтерді қосымша алуға мүмкіндік беретіні жазылған. Тағы бір ескере кетерлігі, халықтың түрлі қажеттіліктерін ескере отырып, медициналық қызметтердің тізбесі қайта қаралуы да әбден мүмкін.

Емдік мақсатта БЖЗҚ-дан қаражатты қалай алуға болады?

Қазақстандықтар ақшаны емделуге белгілі бір медициналық қызмет көрсететін комиссия бекіткен диагноз және сол комиссияның қорытындысынан кейін ғана ала алады. Мысалы қандай да бір пластикалық операция үшін дәрігердің медициналық нұсқауы қажет болады. Науқастың денсаулығына қауіп төнетін жағдайда, зейнетақы жинағындағы артылған қаражаттан липосакция немесе блефаропластика жасатуға мүмкіндік болмайды.

Сол себепті аталған комиссияның қорытындысын алу үшін, тіркелу орны бойынша емханаға бару қажет. Одан кейін ЭЦҚ көмегімен зейнетақы жинақтарын алуға жауапты оператордың интернет-ресурсында тіркелу керек. Кейін жеке кабинетте зейнетақы жинақтарын қандай да бір мақсатта пайдалануға өтініш жазуға және барлық қажетті құжаттарды, оның ішінде емдеу құнын айқындайтын медициналық комиссияның шешімін қоса беруге болады.

Ал, зейнетақы шотында жеткіліктілік шегінен артық қажетті сома жатса, ол арнайы шотқа аударылатын болады. Ол соманы кейін жоба серіктестерінің тізіміне кіретін медициналық ұйымның қызметтеріне жұмсауға болады.

Сол сияқты арнайы шотта сақталған ақша белгілі бір уақыт аралығында жұмсалмаса, онда белгілі бір уақыттан кейін олар қайтадан БЖЗҚ шотына оралады. Осылайша, зейнетақы жинақтарын қажет болған жағдайда бірнеше рет сұратуға болады. Естеріңізге сала кетейік, заң жобасы әлі талқылануда, сондықтан зейнетақы ақшасынан төлеуге болатын медициналық қызметтердің тізімі кеңеюі немесе керісінше қысқаруы мүмкін.

Емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерінің мақсатты пайдаланылуын растайтын құжаттар мыналар болып табылады:

1) комиссия қорытындысы;

2) медициналық ұйым мен алушы арасында жасалған медициналық қызметтер көрсету туралы келісімшарт (шарт шет тілінде жасалған жағдайларда нотариалды куәландырылған аудармасын қоса беру керек) және (немесе) сатушы мен сатып алушы арасындағы дәрілік заттарды сатып алуға арналған келісімшарт.

Медициналық ұйым мен алушы арасында жасалған медициналық қызметтер көрсету туралы шартта осы талаптарға 1-қосымшаға сәйкес медициналық қызметтердің түрі және дәрігерлік комиссияның қорытындысынан белгіленген диагноз көрсетіледі.

Сонымен бірге емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдері сомасының бір бөлігі жеткіліксіз болған кезде алушының өз қаражаты пайдаланылады.

Қазіргі таңда денсаулық сақтау министрлігі өкілдері зейнетақы қорындағы артылған қаражатты пайдалану мүмкіндіктерін халыққа кеңінен түсіндіруде. Мәселен, денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева БЖЗҚ-ғы қаражатты, емдеу барысында елде тіркелмеген дәрілік препараттарды қолдану мәселесіне тоқталып өтті. «Егер препарат қандай да бір басқа елде тіркелсе, бірақ Қазақстанға әлі келмесе, бірақ оны пайдалану үшін клиникалық рұқсат болса, мұндай жағдайларда осы препаратты сатып алуға рұқсат алуға болады. Кодекске сәйкес тіркелмеген, бірақ осындай сирек кездесетін аурулар үшін қажетті препараттарды бір реттік әкелуді көздейтін норма бар", - деді Гүлнар Сәрсенбаева ОКҚ алаңында өткен брифингтердің бірінде.

Сонымен бірге ол зейнетақы қаражатына стоматологиялық қызметтерді тек Қазақстан клиникаларында ғана алуға болатынын атап өтті. "Тізімге офтальмологиялық қызметтерді қосу қажеттілігі сұралды. Бұл қызметтерге кезек үлкен, егер азамат күткісі келмесе, ол бұл ақшаны алып, таңдаған медициналық ұйымнан қызмет ала алады. Бұл тізімге барлық қымбат медициналық қызметтер кіреді", - деп түсіндірді ол.

Жалпы, естеріңізде болса, өзінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты қажеттіліктерге пайдалану құқығын келесі тұлғалар пайдалана алады:

  • тиісті жаста "жеткіліктілік шегінен" асатын, зейнетақы жинақтарында бекітілген сомадан артық қаражаты бар, жұмыс істейтін азаматтар;
  • БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде сақтандыру компанияларымен оларға өмір бойы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан тұлғалар;
  • қалыптасқан зейнеткерлер (әлеуетті құрылымдар қатарындағы зейнеткерлерді қоса алғанда) – БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының қалған сомасының 50% - ынан аспайтын шекте. Олардың зейнетақысының жиынтық мөлшері (жасы немесе еңбек еткен жылдары бойынша зейнетақыны, базалық зейнетақыны қоса алғанда) жоғалтылған табысты халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейде (кемінде 40%) алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда.