Орал қаласындағы қос жоғары оқу орны коронавирусқа қарсы вакцина алғандарға жеңілдіктер ұсынуда. Махамбет университеті мен Жәңгір хан университеті ұжымдық иммунитетті қалыптастыру және 2021-2022 оқу жылында дәстүрлі оқыту форматына көшуді қамтамасыз ету, қызметкерлер мен профессорлық-оқытушылық ұжым мен білім алушыларды Сovid-19-ға қарсы вакцина алуға белсендіру мақсатында акция ұйымдастыруда.
Мәселен, М.Өтемісов атындағы БҚУ ректораты 1 шілде мен 31 тамыз аралығында «Мен өмірді таңдаймын!» атты акциясын өткізеді. Акцияға 1 шілдеден бастап вакцина алғандар қатыса алады. Олардың арасында ұтыс ойнатылмақ. Атап айтқанда, 120 магистрант пен студентке оқу ақысына 5 пайыздық жеңілдік беріледі. Сонымен қатар сыйлықтар қатарында Нұр-Сұлтан қаласына – 25 туристік жолдама, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан Баб кесенесіне, Отырар қалашығына, Керуен сарайына – 20 туристік жолдама, «Мобилография» курсын оқуға – 10 сертификат, Фитнес орталыққа – бір айлық 10 абонементтік сертификат бар. 50 қатысушы 15 000 теңге көлемінде сыйақыға ие болады. Акцияға қатысушы 50 оқытушы мен қызметкер 30 000 теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталады және 4 адамға «Ақжайық» сауықтыру шипажайына 100 пайыз төлеммен жолдама беріледі.
Ал Жәңгір хан атындағы БҚАТУ вакцина салдыртқан 50 оқытушы мен қызметкердің «Ақжайық» шипажайында демалу үшін төлеген қаражатының 50 пайызын өтеп береді және еңбек демалысы кезінде вакцина алған 100 оқытушы мен қызметкерге қосымша демалыс беріледі. Алғашқы 150 студенттің оқу ақысына 5 пайыздық жеңілдік жасалып, екпе алған студенттер жатақханада кезексіз орналастырылады. Вакцина салдыртуды әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы белсенді насихаттаған 50 оқытушы мен қызметкерге, 100 білім алушыға арнайы сыйлықтар тағайындалып отыр. Бұдан бөлек оқытушылар мен білім алушыларға біліктілікті арттыру және академиялық алмасу бойынша басымдықтар беру және университеттің фитнес залына тегін абонементтер ұсыну қарастырылуда.
Томирис СҰЛТАН