Жалған ақпараттан қалыптасқан стереотиптерді ажырата білейік

Алматы  қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы экстремизм мен терроризмнің алдын алуға байланысты жан-жақты түсіндіру жұмыстары мен түрлі шараларды үздіксіз  ұйымдастырып келеді. Алайда көпшілік арасында бұл тақырыпты мүлде түсінбейтіндер, неден сақтанып, ненің алдын алуды білмейтіндер кездеседі. Сол себепті «Әлеуметтік желідегі алдап-арбаудан сақтану әдістері» тақырыбын тарқатуды жөн көрдік.

Жалған ақпараттан қалыптасқан стереотиптерді ажырата білейік

Бүкіл әлемде және біздің елімізде көптеген діни ұйымдар бар екенін білеміз. Соңғы 20-30 жылда дінге, дәстүр салтқа адамдардың қызығушылығы ояна бастағаны белгілі. Сол қызығушылық сан түрлі ұйымдардың ашылуына түрткі болды. Иә, шын мәнінде дәстүр-салтты сақтап, оның құндылығын үлкен-кішінің бойына сіңіріп, соның негізінде халықты жақсы жаққа жетелейтін  ұйымдардың бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, біздікі ғана дұрыс, бізден басқалар білмейді, өзгелер адасқан деп біржақты кеткен күмәнді ұйымдардың да көбейіп кеткені рас. Ненің ақ, ненің қара, қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін ажырату қиын.

Халықты дәстүр-салтпен сусындатып, мәдени-рухани құндылықтарды насихаттап, өткенді жаңғыртып, кемтікті толтырғысы келетін шын мәніндегі ұйымдарды ұйымдастырушылар халық арасынан шыққан, елдің бірлік-ынтымағын ойлайтындар десек болады. Ал исламның атын жамылып, мемлекеттің құрылымына қарсы, елдің қалыпты өмірін бұзғысы келетін экстремизм мен терроризмді көздеген ұйымдардың артында ірі корпорациялар тұрғанын, миллиардтаған ақша жатқанын арнайы мамандар анықтап, ғалымдар зерттеп қойды.

Бұлар өздерінің шынайы бейнесін көрсетпейді. Исламның атын жамылады, халықтың атынан сөйлеп, өтірік көлгірсиді, бетперде киеді. Бірақ олардың бетпердесін анықтау оңай емес. Бар қиындық осы жерде екенін айтады діни  экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша Алматы қалалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, оқытушы Абдуллина Зарема Альфредовна. Бұл  ұйымдар – дейді – Зарема Альфредовна – арғы жағында қару-жарақ сатып, есірткі саудасымен айналысып, миллиардтаған ақша айналымдары бар экономикалық холдингтер деуге болады. Сонымен қатар тағы бір айта кететін, тіпті астын сызып тоқталатын жайт, ол біздің осындай өте қауіпті нәрселерге жеңіл де немқұрайды қарайтынымыз және мен білемін, мен бәрін түсінемін, мен ешкімнің алдауына көнбеймін, маған мұның қатысы жоқ, мен бұлармен кездеспеймін, мен алданбаймын немесе олар мені алдай алмайды  деген сияқты пайдасыз менмендік.

Ең бірінші адасушылық: Әлемдік БАҚ өкілдерінің өтірік ақпараты. Ол экстремизм мен терроризм тек қана исламда деуі. Бұл жалған ақпарат. Жоғарыда айтып өткеніміздей  артында алып күш пен мол қаржы тұрған  исламнан басқа да теріс діни конфессиялар  экстремизм мен терроризмді  ұйымдастырады. Экстремизм мен терроризм тек қана исламға тән бүліншілік емес. Керек десеңіз, атап өтуге болады. Мысалы: «Сыны Иисуса», «Господня армия сопротивления», «Армия бога», т.б. Бұлардың исламға еш қатысы жоқ.    

Екінші адасушылық: Экстремизм мен терроризм ХХ ғасырда пайда болды деген жалған ақпаратқа жаппай халықтың сенуі. Жоқ, экстремизм мен терроризм кеше ғана басталған жоқ. Жүз жылдар бұрын да болған. Мысалы: сикарилар, ассаиндар, ниндзялар, т.б. Осы айтылғандардың ішіндегі сикари секталары біздің эрамызға дейінгі І ғасырда  болған эктремисттік және террористтік ұйым. Оның арғы жағында да болуы мүмкін, бірақ біздің әзірше білетініміз осы. Сикари деп аталуы – олардың сика деп аталатын қысқа қылыш ұстауына байланысты. Сыртқы киімдері «плащ» болған, сикаларын (қылыш) соның ішінде ұстаған. Мәселен, алаңға жиналған кезде өздеріне ұнамаған адамды байқатпай барып, қылыштап өлтіретін болған.

Үшінші адасушылық: Мен алдаушы-арбаушыны бірден танимын дегендік. Бұл ұғымға экстремист-террорист  тек қана шығыстық адам деген стереотиптің қалыптасуынан. Яғни, оның сақалы болады, балағы қысқа, т.б. Жоқ, олай емес. Бұл жалған ақпараттан қалыптасқан стереотип. Экстремист-террорист кез келген болмыста болуы мүмкіню

Төртінші адасушылық: Алдап-арбаушылар сауатсыз, білімсіз, терең адам емес. Мен олардан ақылдымын, мен білемін. Егер, алдап-арбаушылар ақылсыз, білімсіз, сауатсыз болса, олардың соңынан жоғары білімі бар, өмірде тәжірибесі мол адамдар ілесіп кетер ме еді?! Оларды білімсіз, ақылсыз, сауатсыз деу қателік. Жоғарыда айттық олардың артында ірі корпорациялар, үлкен холдингтер тұр деп. Сондай-ақ қолында мол қаржысы, адамды арбайтын мол тәжірибелік әдісі бар идеологқа ақылсыз деп қарауға болмайды.

Экстремисттер мен террористтер кімге, қандай аудиторияға назар аударады? Өздерінің жұмысынан нәтиже шығуы үшін олар екі категорияны өз ықпалына түсіруге тырысады. Бірінші  қолдарында билігі, айналасына ықпалы бар мемлекеттік қызметтегі адамды тұзаққа түсіруді діттейді. Ондағы мақсат ықпалды адамды өз уысына түсірсе, ол бұл ұйымды қорғайды деп біледі және солай да. Ықпалы бар адасушы мемлекет тарапынан теріс ұйымға қарсы іс-шаралар жасалғандай болса, қауіпті ескертеді, сөйтіп ұйым құтылып кетуі мүмкін. Сонымен қатар, теріс діни ұйымдар бай адамдарды құрыққа түсіруге талпынады. Бұл түсінікті. Ал қарапайым халық, яғни, сіз бен біз оларға не үшін керекпіз? Қарапайым халықтың өз қолымен өздерін бүлдіру үшін керекпіз. Туысқандар, ағайындар, достардың құрыққа түсуіне жұмыс жасайды және біздің арамызда олар үшін  өте тиімділері болуы мүмкін. Мысалы үшін жоғары оқу орнында сабақ беретін мұғалім олардың құрығына түссе, қаншама студенттің басы айналуы кәдік қой.

Сонымен қатар, деструктивті ұйымдардың құрығына түсіргісі келетіндерді төмендегідей тізіп шығуға болады:

  1. Жоғары білімді,  сенгіш, аңқау және қарызы көп, стресс алғандар;
  2. Әлі ойы тоқтамаған, мақсаты тұрақтамаған жас және жасөспірімдер;
  3. Жалғызбасты әйелдер мен ерлер;
  4. Фанатизмге бейім білімсіз адамдар;
  5. Ішімдікке жақын, нашақұмар адамдар және арманшыл аңқау қыздар;
  6. Өз-өзіне қол жұмсағысы келетін, психикасы бүлінген адамдар;

Әрине, адамның бәрінде проблема бар. Проблемасыз адам жоқ шығар, сірә...  Демек, жоғарыдағы арбаушылардың назар аударатын категориясына біз де кіріп кетуіміз мүмкін. Сондықтан мен білемін, мен алданбаймын, менен басқалар деген ойдан аулақ болған жөн-дейді, ұстаз Зарема Альфредовна.

Иә,  жоғары оқу орнының оқытушысы, экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Зарема ханым ескеруге тұрарлық, үнемі есте ұстауға қажет дүниелерді дұрыс атап өтті. Ендеше осы айтылғандарға аса назар аударып, жан-жаққа жіті қарап жүрген жағдайда қауіптің ауылы алыс болады екен. Бәрі де сіздің қауіпсіздігіңіз үшін, құрметті оқырман. Сақ болайық! Сақтанайық!

                                                      

Еділ АНЫҚБАЙ