23 шілде Жапонияда өтетін ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарына ел спортшылар 27 спорт түрінен 96 жолдама алғаны белгілі. Олардың ішінде батысқазақстандықтар да бар. Нақтылап айтқанда, екі спорт түрі бойынша 3 спортшы ұлттық құрама сапында өнер көрсетпек. Олар Павел Липилин және Данил Артюх су добынан, Георгий Шейко жеңіл атлетикалық спорттық жүріс бағдарламасынан сынға түспек.
Айта кетейік, Георгий Шейко – 1989 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Азия чемпионатының жүлдегері және Қазақстан Республикасы чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы. 2012 және 2016 жылдың жазғы Олимпиада ойындарының қатысушысы.
Павел Липилин – 1999 жылы Орал қаласында дүниеге келді. Су добынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қақпашы. Жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері (Тайланд, 2015 жыл). Жазғы Азия ойындарының жеңімпазы (Джакарта, Индонезия, 2018 жыл).
Данил Артюх – 2003 жылы Орал қаласында дүниеге келді. Су добынан жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері (Индия, 2018 жыл).
Су добынан еліміздің ұлттық құрама командасы «В» тобында Австралия, Хорватия, Сербия, Испания, Черногория командаларымен кездеседі.
Топтағы іріктеу нәтижелері бойынша 4 – 8 тамыз аралығында шешуші ойындары өтеді.
Георгий Шейко 5 тамыз күні 20 шақырым қашықтыққа жүруге шығады.
Жұбан МҰРАТ,
Орал қаласы