Жастарға кеңес берілді

16 шілде күні Оралдағы «Московский» сауда үйінде «Жастарға кеңес» жобасы аясында мамандардың кеңес беруі ұйымдастырылды.

Жастарға кеңес берілді

Қалалық жастар ресурстық орталығы жастарды жұмысқа орналастыру, мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен түсіндіру, кәсіпкерлікке тарту мақсатындағы «Жастарға кеңес» көшпелі кеңес беру шараларын, жұмыссыз жастарды ынталандыру, олардың өмірге деген құлшынысын арттыру бағытында «Болашағың өз қолыңда», «SOFT SKILLS»,  «Master class» жобалары бойынша арнайы семинар-тренингтер, кеңестер өткізіп келеді.  Кеңес беру халық көп шоғырланатын саябақтарда, орталық алаңдар мен сауда үйлерінде ұйымдастырылып жүр.

Орталықтағы ірі сауда үйінде  өткен кезекті шараға әр саланың мамандары тартылып, жұмысқа орналасу, тұрғын үйге қол жеткізу, мемлекеттік  бағдарламалар, ХҚКО-ның қызметтері туралы ақпараттық түсіндіру жүргізілді. Келушілердің басым бөлігі жұмысқа орналасу мәселесі  бойынша  кеңес алды.

  – Қоғамдық жұмыстар, жастарға арналған еңбек жасақтары, «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен ауылға» сынды бағдарламалар, бизнес бастауға грант ұсынатын жобаларды таныстырамыз. Біздің кеңесімізбен мемелекеттік бағдарламаларға қол жеткізіп жатса немесе өзінің өмірлік мақсатын айқындап, жолын тауып жатса, мақсатымыздың орындалғаны, – дейді ресурстық орталықтың бөлім басшысы Алма Төлепқалиева. 

Томирис СҰЛТАН