Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Заң жазалау үшін шығарылмайды

Қазіргі уақытта халықтың дін саласындағы құқықтық мәдениетін қалыптастыру және жауапкершілігін арттыру өзекті болып тұр. Осыған байланысты Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы  «Дін саласындағы құқықтық жауапкершілік» тақырыбында  қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Заң жазалау үшін шығарылмайды

Дін саласындағы мәселелер заңмен реттеліп отыратыны белгілі. Заң жазалау үшін емес, азаматтардың құқықтарын қорғау үшін шығарылады. Әрбір азамат кез келген саладағы шығарылған заңды білген сайын оның құқығы сақталады, жауапкершілігі артады, сауаттылық деңгейі көтеріледі. Осының нәтижесінде әрбір адамның өмір сүру салты жақсы болады, қиыншылықтан айналып өтеді, білместікпен азап шегіп, жаза тартпайды. Бұлай деуімізге ресми статистика себеп болып отыр. Ресми  мәліметтерге сүйенсек, көптеген азаматтар заңды білмегеннен, құқықтық сауаттылығы төмендігінен әкімшілік айыппұл төлеп немесе әрекеті қылмыстық іске жататындар жазасын өтеп жатыр. Демек, құқықтық нормаларды, заң баптарын білу әрбір азаматты құқық бұзушылықтан сақтайды. 

Заман дамып, уақыт алға озған сайын әрбір әрекет үлкен жапуапкершілікті талап етуде. Тіпті, ауызға келген әр сөзді ойланып айтуға тура келеді. Әсіресе, діни алауыздықты тудыратын, экстремизм мен тероризмді қолдайтын, оны насихаттайтын ақпараттарды өндіру, оларды тарату  мәселесіне қатысты көптеген құқықтық-әкімшілік жауапкершіліктер қарастырылған. Ол 453-бапта көрсетілген. Мысалы үшін таратылған ақпараттарда жоғарыда айтылған діни алауыздық пен экстремизм және терроризм белгілері болса, жеке тұлғаларға 25 айлық, заңды тұлғаларға 50 айлық  көрсеткіш айыппұл салынады екен. Бұл қылмыстық әрекеттен тыс, тек құқықтық-әкімшілік айыппұл. Сол себепті әркім өзінің мессенжерлеріне, вацап желісіне, электронды поштаға келген ақпараттарға абай болуға тиіс екендігін ескеруі қажет. Егер келген ақпаратта діни алауыздықты тудыратын немесе экстремистік пен терроризмді қолдайтын белгілерін білмей, байқамай қалып таратылғанның өзінде, таратқан адам құқық бұзушылық жауапкершіліктен құтылмайды. Яғни, байқамадым, білмедім деген уәж жүрмейді. Сондықтан өте мұқият болған жөн.  Тағы бір ескеретін жайт, егер осы әрекет бір жыл ішінде тағы қайталанатын болса, құқықтық-әкімшілік айыппұл тиісінше көбейеді. Сонымен қатар діни ақпарат шыққан жердің арнайы органдарда тіркелген-тіркелмегенінен де әр азамат мүмкіндігінше хабардар болуға тиіс. 

Енді осы тұста Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, философия ғылымдарының докторы, профессор  Қайрат Айтбекұлы  Затов мырзаның азаматтардың құқығына байланысты айтқан сөзінен үзінді келтірейік:  «489-бап бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелмеген діни бірлестіктердің жұмысына қатысу, заңсыз миссионерлікпен айналысуға байланысты құқықтық жауапкершіліктер да қаралған.Қазақстан Республикасының «Діни бірлестік және Діни қызмет туралы» заңы бар. Осы заңға сәйкес барлық бірлестіктер тіркелуден өтуі қажет. Заңды тіркелмеген бірлестіктердің жұмысына қатысу азаматтарымызға әртүрлі мөлшердегі айыппұл салу шаралары қарастырылады. Сонымен қатар әртүрлі ғимараттардың нысандық мақсатын өзгертуге байланысты да бірқатар шаралар бар. Мысалы әрбір азамат өзінің үйінде діни құлшылықтарды өткізетін нысанға айналдырмауы керек. Біздің елімізде «Діни бірлестік және Діни қызмет туралы» заңға сәйкес діни құлшылықтар, діни рәсімдер заңмен белгіленген. Яғни, діни құлшылықтар, діни рәсімдер арнайы уәкілетті органдардың көрсетуімен жүзеге асуға тиіс. Қазіргі уақытта өзінің мекен-жайын, тұрғын үйін немесе басқа да нысандарды рұқсат-тіркеусіз құлшылық-ғибадат орындарына айналдыруға тиым салынады. Мұндайлар анықталған жағдайда кодекстің 489-бабы бойынша азаматтарға 50 немесе 100 айлық көрсеткіш мөлшерінде  айыппұл салынуы мүмкін.  Сондай-ақ Қазқстан Республикасының аумағында заңсыз миссионерлікпен айналысқан шетелдік азамат болса, әкімшілік айыппұл салынып, ол азамат еліміздің аумағынан шығарылады. Сол сияқты Діни бірлестіктер өздерінің жарғыларында көрсетілмеген қызметтерді жүзеге асырған жағдайда да әкімшілік айыппұл бар және діни бірлестіктердің саяси партияларды, саяси ұйымдарды қаржыландыруға тиым салынған. Еліміздегі барлық азаматтар осы айтылған заң талаптарын орындауға тиіс»-дейді ғалым. Иә, еліміздегі кез келген жағдайға байланысты заң талаптары бар. Біздің сөз етіп отырғанымыз әкімшілік құқық бұзушылыққа байланысты заң талаптары. Бұл жерде ескере кететін тағы бір нәрсе  бар. Заң тек қана біржақты қарастырылмаған. Егер Діни бірлестіктің жұмысы заң талаптарына сай, арнайы уәкілетті органдарга тіркелген, халықты рухани жетілдіруге бағытталса және ол бірлестікке лауазымды тұлғалар қызметін асыра пайдаланып, олардың жұмысына кедергі келтіретін болса, олар да  жауапкершілікке тартылады. Бұл кодекстің 490-бабында көрсетілген. Мемлекет заң талаптарын жан-жақты қарастырып отыр. Демек, әрбір азамат құқықтық сауатын көтеруге міндетті десек, артық айтқандық емес. Неғұрлым құқықтық сауатты болған адамның жолы ашық.

Сондай-ақ кодексте қылмыстық істер де қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық әртүрлі мөлшердегі айыппұл көлемімен шектелсе, қылмыстық істерге апаратын әрекеттер азаматтардың бас бостандығынан айрылуына дейін апарады. Сондықтан әрбір қадамды аңдап басып, әрбір сөзді абайлап сөйлеген абзал. Білместікпен өз тағдырын тәлкекке салғаннан ауыр жаза жоқ. Мұндай жаза арқалап, темір торда отырған адасушылар да жоқ емес. Солардың кебін кимес үшін  сауаттылыққа қадам басқан абзал. Қандай қадамға барсаңыз да сол салаға байланысты заң талаптарын білген жөн. Әйтпесе, арандап қалуыңыз әбден мүмкін. Сол үшін сақ болайық! Сақтанайық! 

                                                   Еділ  АНЫҚБАЙ