Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Қостанайда үш бүйрегі бар адам тұрады

Қостанай облыстық ауруханасының бас хирургі Қанат Әбілдин адамның жаратылысында мұндай ауытқушылықтардың болып тұратынын айтады. Бірақ дәл мынадайды өзі бірінші рет кездестіріпті.

Қостанайда үш бүйрегі бар адам тұрады
фото: ашық дереккөз

Қостанай қаласының тұрғыны Батырбек Қаринның бүйрегі басқалардан бөлек жаратылған деп хабарлайды Paryz.kz, ЭК сайтына сілтеме жасап.

Батырбек ішкі құрылысындағы бұл ерекшелікті 18 жасында, әскери комиссиядан өткен кезінде бір-ақ біліпті.

Тексерілуге барар алдында кездейсоқ соққы алған едім. Дәрігерлер содан секемденіп, ультрадыбыстық зерттеу аппаратынан өтуге жіберді. УДЗ-ға түсіріп жатқан мамандардың көздері шарасынан шыға жаздады. Не болғанын сұрадым. "Сіздің үш бүйрегіңіз бар!" дегенде, бұған өзім де сенбедім. Дәрігерлер аппаратты бұрып жақындатып, көзіме анық көрсетті. Экранға үңілсем шынында да үш бірдей бүйрегім бар екен, — дейді ол.

Батырбек 1987 жылы бұрынғы Торғай облысындағы Жангелдин ауданының Көкалат ауылында туған. Бүгінде Қостанай қаласында тұрады. Көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Отбасылы, үш баласы бар. Анасы Бақыткүл — зейнеткер, жұбайы Аягүл — мектепте мұғалім.

Бүйрегім ешқашан ауырған емес. Денсаулығымның мазалаған кезі жоқ. Қайта бұл менің артықшылығым, — деп әзілдейді 34 жастағы жүргізуші жігіт.

Қостанай облыстық ауруханасының бас хирургі Қанат Әбілдин адамның жаратылысында мұндай ауытқушылықтардың болып тұратынын айтады. Бірақ дәл мынадайды өзі бірінші рет кездестіріпті.

Өз тәжірибемде екі бүйрегі қосылып кеткен, жалғыз ғана бүйрегі бар адамдарды кездестірдім. Ал бір бүйрегі артық адам туралы алғаш естуім, — дейді тәжірибелі дәрігер.