Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Оралдағы банкет залдарының орнына әлеуметтік нысандар ашылды

Коронавирус пандемиясына байланысты адам көп шоғырланатын қоғамдық орындардың жұмысына шектеу қойылды. Әсіресе, банкет залдарының жұмыс жасауына қойылған шектеу кәсіпкерлерге қиындық тудырғаны рас. Орал қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің  мәліметінше, осы кезеңде шаһардағы 90-нан астам банкет залының қызметі тоқтаған. Дегенмен, жергілікті биліктің қолдау көрсетіп, жасаған ұсыныстары негізінде бірқатары ғимаратты халық үшін бүгінде маңызды бағытқа өзгертіп, бизнесті қайта форматтауға ықылас танытуда.

Оралдағы банкет залдарының орнына әлеуметтік нысандар ашылды

Осы орайда қаланың рестораторларымен бейне-конференция және өңірлік Кәсіпкерлер палатасы базасында кеңес өткізілді. Рестораторлардың ұстанымдары тыңдалып, оған қоса банкет залдарын шығармашылық және мәдениет үйлері, спорт нысандары, әлеуметтік қолдау орталықтары, әлеуметтік жобалар, санитарлық дәрігерлік амбулаториялар, мектептен тыс жұмыс орталықтары, оңалту ұйымдары, медициналық мекемелер ретінде қайта жабдықтау ұсынылды. Ауданы 250-ден 3000 шаршы метрге дейінгі ғимараттарды 1 жылдан 3 жылға дейін жалға алу жоспарланды. Жүргізілген конференция мен кеңестің қорытындысы бойынша бизнесті қайта форматтауға және қайта жабдықтауға дайын мүдделі кәсіпкерлермен жеке кездесулер ұйымдастырылды.

Бүгінгі таңда 10-нан астам банкет залы ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдіріп отыр. Әлеуметтік, мәдени және спорттық нысандарды қайта форматтау бойынша нұсқалар қарастырылуда, келісім бойынша жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ қазірдің өзінде банкет залдарын бизнестің басқа түріне қайта форматтағандар бар. Мәселен, «Ақ босаға» банкет залы – электр тауарлары дүкеніне өзгерсе, «Айлуна 2» банкет залы киім дүкені ретінде жұмыс жасауда. «Карат» банкет залы  жеке меншік балабақшаға, «Золотой век» мейрамханасы жеке медициналық орталыққа айналды. «Той сарайы» банкет залын қалалық білім беру бөлімі жалға алып, балаларды жан-жақты дамыту мақсатында  қолдау көрсететін «Шабыт» шығармашылық орталығын ашты. Бүгінде  мұнда 1500 бала үйірмелерге  қатысып жүр. Ал  «Ару ана» банкет залының орнына жуырда «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы ашылды. Орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында жұмыстанады. Ғимараттың жалпы ауданы – 323,03 шаршы метр. Кеңес беру орындары ұйымдастырылып, көмекші құралдарды алатын жандар үшін әлеуметтік қызмет көрсету порталы арқылы тапсырыс беруге арналған өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы жасақталған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар мұнда шахмат, дойбы, теннис ойнап, шығармашылықпен де айналыса алады.

Томирис СҰЛТАН