Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Жалақымыз 51 мың теңге": Алматыда метро құрылысшылары ереуілге шықты (ВИДЕО)

Жұмысшылар бұдан былай 51 мың теңге айлыққа төзбейді. Олар метро құрылысын тоқтатып, үйді-үйіне тарасқаны хабарланды.

"Жалақымыз 51 мың теңге": Алматыда метро құрылысшылары ереуілге шықты (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Алматы метросының құрылысшылары 12 шілдеде жалақыларын екі есе арттыруды талап етіп, жұмысқа шығудан бас тартты деп хабарлайды Paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Азық-түлік дүкендеріне дейін қарызға батқан метро құрылысшылары жалақысының көтерілуін талап етті. Айтуларынша, жер астында ерінбей еткен еңбегіне алатын айлықтары небәрі 51 мың 663 теңге. 15 жылдан бері басшылары жалақысын 15 теңгеге де көтермеді, дейді олар. 51 мың теңге айлықпен отбасын асыраған құрылысшылардың соңғы мәрте қашан ет жегені есінде жоқ.

"Жұрт бізді 200-дің үсті, көп алады деп ойлайды. Сенбейтін болсаңыздар, есеп парақшасын көрсетуге болады. Соңғы қымбатшылықты білесіз, қандай болып жатқанын, ол ештеңеге де жетпейді. Тіпті оны айтып жатудың еш қажеттігі жоқ", - дейді "Алматыметроқұрылыс" АҚ жер асты үнгушісі Пахрдин Мұсалиев.

Журналистерге жалақы түбіртегін көрсеткен құрылысшылар бет-жүзін төмен қаратты. Сөйтсе, телеарна тілшісінің айтуынша, "Алматыметроқұрылыс" компаниясының ең ауыр жұмысын атқаратын азаматтардың айлығы бар-жоғы 76 635 теңге. Зейнетақы мен медициналық сақтандыру қоры, тағы кәсіподақ жарнасын төлегенде, қолға тиетіні небәрі 51 663 теңге. Метро басшылығы айлықтарын 15 жылдан бері 15 теңгеге де көбейтпепті. Елдегі ең ірі мегаполистің метросын салған мамандар азық-түлікті қарызға алып, ал етті тек түсінде көретінін айтқан.  

"Айтсақ, "қарызбыз біз" дейді. Ол бастықтың бізге айтқаны: сендердің айлықтарың 60 мың! 60 мың теңге азық-түлікке кетті. Оның ішіне етті қоспаңыз. Ет ол бөлек, етті қарызға барып алады тағы біреуден. Сонымен қарызға істеп жүр былай қарап тұрсаңыз. Біз шахтердің де жұмысын істеп жатырмыз, құрылысшының да жұмысын істеп жатырмыз, сылақшы, еден жуушы дейді, жер астында солардың бәрінің жұмысын істеп жатырмыз. Метро жүрсін деп жүрміз", - дейді "Алматыметроқұрылыс" АҚ жер асты жұмысшысы Дауытбай Алмат.

Тілшінің айтуынша, жер астында күні бойы жер қазатын 100-ге тарта жұмысшы қуықтай ғана бөлмеде жуынады. Төрт адамға арналған тар моншада түн ортасына дейін ұзын-сонар кезек. Оның өзі қабырғасын көк басып, төбесі құлағалы тұр.

Жұмысшылардың киім ауыстыратын бөлмесі - вагон. Мұнда 200-ге тарта темір шкаф бар. Бірақ жұмысшылар мұнда киім ғана ауыстырмайды, осында жуынады, тамақ ішеді. Терезенің барлығы бітеу. Тазалықтан жұрдай жерде тышқан қаптаған. Көгерген иіспен тыныстап, шаң жұтқан құрылысшылардың біразы денсаулығынан айырылып, ендігі мүгедек атанған. Алайда жер астында жүріп тапқан дертті емдеуге компания көк тиын де төлемейді екен. Тілшінің сөзінше, жұмысшылардың жағдайына басы ауырмаған басшылар басы ауырғанын сылтауратын сұхбат беруден қашты. 

"Мен ол кісілерге айтам, мені түсірмей-ақ қойыңызшы, мен ауырып тұрмын, шын айтамын", - деді "Алматыметроқұрылыс" АҚ тау-кен департаментінің директоры Дастан Ержекенов.

Құрылысшыларға қамқор болады деп мемлекет осы нысанға бекіткен маслихат депутатына да шағымданыпты. Онда халық қалаулысы құрылыс басына келген. Алайда артынша коронавирусқа шалдықтым деп, ат ізін кесіпті. Содан бері үш ай өткенімен, депутат шетелге тағы емделуге кетіпті.

Жұмысшылар бұдан былай 51 мың теңге айлыққа төзбейді. Олар метро құрылысын тоқтатып, үйді-үйіне тарасқаны хабарланды.