6 шілдеде сағат 5.30-да "102"-ге Мәңгілік ел көшесінде орналасқан дүкеннің алдында белгісіз тұлғалар мас күйінде тұраққа қойылған көліктер мен банкоматтарды соғып жатқаны туралы қоңырау түскен.
Елордадағы дүкеннің алдында тәртіп бұзған жас жігіттердің видеосы тарап жатыр. Таң атпай айғайлап, елді ұйқыдан оятқан олар, бұған қоса, сол жерге келіп жеткен полицейлерге де қарсы шыққан. Instagram пабликтерінің бірінде пайда болған видеода бірнеше жігіттің боғауыз сөз айтып, тәртіп бұзғандарын анық көруге болады деп хабарлайды Paryz.kz.
Одан бөлек жастар дүкен алдында тұрған банкоматтар мен көліктерді соққан. Желі қолданушылары жастарды осындай тәртіпсіздіктері үшін аяусыз сөгіп жатыр.
"Нағыз мамбет шоу болыпты ғой", "Ішімдік ішіп нелері бар? Қазір осылай ішімдік ішетін заман ба?", "24 сағат жұмыс істейтін дүкендердің барлығы осы, ішімдікті түнімен сатады, сосын осындайлар түнімен "концерт" қояды", "Біздің үйдің алдында да дәл осындай дүкен бар, кейде осылай таңға дейін айғай-шу болып жатады", "Ұят-ай, жастарға не болып бара жатыр өзі?" деп жазған олар.
Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 6 шілдеде сағат 5.30-да "102"-ге Мәңгілік ел көшесінде орналасқан дүкеннің алдында белгісіз тұлғалар мас күйінде тұраққа қойылған көліктер мен банкоматтарды соғып жатқаны туралы қоңырау түскен. Оқиға орнына полиция жасағы келген соң, 18-21 жас аралығындағы тәртіп бұзушылар ұсталып, Есіл ауданының полиция бөліміне жеткізілді. Сондай-ақ төрт азамат сыра дүкеніне шығып, жолда өздері сияқты тағы үш жігіт пен бір қызды кездестіргені анықталды.
Сөйтіп, жастардың арасында түсініспеушілік туындап, оның соңы төбелеске ұласа жаздаған. ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 437-бабы (тыныштықты бұзу) бойынша барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы (ұсақ бұзақылық) және ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы (құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау) бойынша әкімшілік іс қозғалды, оның нәтижелері бойынша кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады, - дейді полициядан.