Путин Назарбаевқа "Кенесарының сүйегін қайтаруға көмектесетінін" айтты

Назарбаев қазақ халқы үшін соңғы ханның сүйегін тауып, оның туған жерінде жерленіп, рухының тыныш табуы өте маңызды екенін жеткізген. 

Путин Назарбаевқа "Кенесарының сүйегін қайтаруға көмектесетінін" айтты
фото: ашық дереккөз

Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінде Қазақстан халқына Кенесарының сүйегін қайтаруға көмектесуге уәде еткен. Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібайдың inform.kz-ке жазған мақаласынан белгілі болды деп хабарлайды Paryz.kz

"Елбасының Ресей Федерациясына жасаған жұмыс сапары барысында маңызды мәселелер талқыланды. Соның бірі – қазақ халқы үшін киелі артефакт болып саналатын Кенесары ханның сүйегін табу және Қазақстанға қайтару. Нұрсұлтан Әбішұлы Ресей президентінен осы жұмысқа ықпал етуді сұрады", - деп жазады Үкібай.

Сондай-ақ, Үкібайдың жазуынша, Назарбаев қазақ халқы үшін соңғы ханның сүйегін тауып, оның туған жерінде жерленіп, рухының тыныш табуы өте маңызды екенін жеткізген. 

Владимир Путин Қазақстанның тұңғыш президентіне ресейлік тарап жан-жақты көмек көрсететінін хабарлады. Путиннің айтуынша, артефакт табылады және Қазақстан халқына қайтарылады, - деп атап өтті Елбасының баспасөз хатшысы.