Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Шынайы исламда бөліну жоқ

Діни экстремистер негізінен қоғамға ірткі салады. Адамдар арасында алауыздық тудырады. Ұлттық кемсітушіліктерге бұрады. Мәдениет, салт-дәстүр, ұлттық құндылық олар үшін жат.

 

Шынайы исламда бөліну жоқ

Діни экстремистер негізінен қоғамға ірткі салады. Адамдар арасында алауыздық тудырады. Ұлттық кемсітушіліктерге бұрады. Мәдениет, салт-дәстүр, ұлттық құндылық олар үшін жат.

«Терроризм – миллиондаған адамның жеке қиялын жаулап алу арқылы таралып жатқан қауіп» деп тұжырымдама жасаған екен Ювал Харрари. Жоғарыда айтып өткен діни экстремистердің шабуылы осы тұрғыдан болады.  Негізгі мақсат сананы жаулау. Сананы жаулау үшін олар түсінікті бұзады, ұғымды шатастырады. Өз идеяларынан тыс жүргендердің барлығы олар үшін жау, дұшпан. Ұлттық құндылық, мәдениет, салт-дәстүр олар үшін көк тиын, еш құны жоқ.

Мемлекеттің міндеті осы қауіп жаппай жайламас үшін оның алдын алу.  Халықты сақтандыру, көпшілікке дұрыс бағыт сілтеу, түсіндіру, жастарға жол көрсету. Діни экстремистердің жеке қиялды жаулаушы дертінен  арашалау.

Қазақстан –  зайырлы  мемлекет және біздің елімізде 130-дан аса этнос өкілдері тұрады. Ал Алматы мемлекетіміздің ең үлкен қаласы. Алматы қаласы Дін істері басқармасының ұйымдастырып жүрген әрбір шараның астарында терроризм мен экстремизмнің алдын алумен қатар этностар арасындағы татулықты бекіте түсу мақсаты жатыр. Бұл қалада діни конфессиялар, бірлестіктермен қоса түрлі этно-мәдени орталықтар орналасқан. Тәуелсіздігіміздің отыз жылында осы этностар қазақ ұлтымен бірге бір үйдің баласындай бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл мемлекеттің бірлік пен ынтымақты ту еткен саясатының нәтижесі деуге толық негіз бар.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың «Бір халық – бір ел, бір тағдыр» деп атауында үлкен мән бар.

Ол: - Бүгінде олар тегі басқа болғанмен теңдігі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды.Туған елдің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды бір тағдыр күтеді.Осылай, елдігіміздің ертеңі ошақтың үш тағаны сияқты «бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген үш сөзге сыйып тұр. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс-несібесі мол болмақ.Осыны халқымыз бек түсініп, бірлігіне бекем болды. Ел иесі – қазақ халқы да ешкімге шетқақпайлық көрсеткен жоқ – деп  Қазақстан –2050 стратегиялық бағдарламасында айтқан болатын.

Яғни, жерлестеріміз бәрі тұтасып, бір елге, бір тағдырға айналса, олардың құндылықтары да ортақ болуға тиіс. Ең басты ол  құндылық – Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі. Тәуелсіз отыз жылдағы тұрақтылық пен бейбітшілік осы татулықтың, бірліктің, ынтымақытың арқасында сақталып тұр. Исламның атын жамылған жат ағымдар ынтымағы жарасқан Қазақстанның бейбіт өміріне қол сұққысы келеді. Олар кәпір, жиһад, хижра сияқты ұғымдарды ымырасы бір ынтымаққа қарсы құрал ретінде пайдаланғысы келеді. Сөйтіп бірлігі жарасқан елді бүлдіргісі келеді. Діни экстремистерге қажеті дін емес, ислам да емес, халық та емес,  діннің атын жамылып, өтірік көлгірсу арқылы билікке жету. Сол биліктің жолында қандай қадамға баруға қаймықпайды.

Адам өлтіру, жаппай жару, бала-шаға, жазықсыз жанның жапа шегуі сияқты адами мораль оларды селт еткізбейді. Алайда, олардың өз дітіне қарай, арбау тәсіліне құрық бойламайды. Аса зымиян, тым айлакер. Өшпенділікті бірден тудырмайды. Санаға сыналап, құранды бұрмалап, өтірік хадистерді ойдан құрап, адамдар арасына, этностар ортасына от тастайды. Ең қауіптісі олардың алауыздыққа байланысты ойлап тапқан өтіріктері логикаға сәйкес келетіні сонша, адамдар аңғармай қалады. Шын айтып, ақиқатты сөйлеп тұрғандай көрінеді. Аңғармай қалғандықтан да арбалады, алданады. Әсіресе, ұлттар арасында алауыздыққа байланысты айтатын әңгімелері қисынды. Кәпір, дінсіз дегенді алға тартуы мүмкін. Қалай болғанда да  біз Отан деген ұғымды ұмытпауымыз керек. Отан оттан да ыстық дейді дана халқымыз. Қазақстанда тұратын 130-дан астам этностардың да Отаны – Қазақстан. Олар да Отаны үшін, еліміздің дамуы үшін  өздерінің еңбегімен, маңдай тер, табан ақысымен үлес қосып жатқанын көзі ашық, көкірегі ояу жерлестеріміз білсе керек. Ислам дінінде Отан ұғымы анық та айшықты көрсетілген. Мысалы үшін, бауыр-туыстықтықтың төрт түрі болатыны айтылады. Бірінші бірге туған бауырың, екінші бір діндегі бауырың, үшінші бір Отанда өмір сүретін, яғни, ол қандай ұлт, қандай дінде болмасын, ол – бауырың, төртінші адамның бәрі бір-біріне бауыр. Міне, қандай дінде болмасын осы қағиданы ұстанады. Ал ислам діндердің ішіндегі асылы. Ислам – мейірім діні. Сондықтан исламда бөлу, бөліну деген жоқ. Осыны есте сақтаған адам даспайды, арбау сөзге көнбейді. Халқымыздың дана да , дара перзенті, ғұлама Абай: «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»  деген жоқ па?! Қазстан Республикасы да осы бағытты ұстанады. Осының арқасында тәуелсіздіктің отыз жылында бейбіт те тұрақты өмір сүріп келеміз. Бірлікке сызат түсіргісі келетін теріс дін, жат ағымдарға алданып қалмайық. Шынайы исламда ұлт емес, үмбет деген ұғым бар. Исламның атын жамылған жат ағымнан аулақ жүрейік! Сақ болайық! Сақтанайық!   

                                                   Еділ  АНЫҚБАЙ