Прямая трансляция

Астана

Астана

9°C

Еліміздегі заңсыз қоқыс полигондары жойылады

Келер жылдан бастап еліміздегі жергілікті әкімдіктер заңсыз қоқыс полигондарын жоюды бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміздегі заңсыз қоқыс полигондары жойылады
yandex.kz

Ол үшін атқарушы билікке қосымша қаражат беріледі. Сонымен қатар пластиктерді өңдеу, жою жүйесі бір ретке келтіріледі. Қазір Парламентте қаралып жатқан жаңа Экологиялық кодексте аталған мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға аса көңіл бөлініп отыр. Су құйылған пластикалық бөтелкелер кемінде бір рет қана қолданылуы тиіс. Одан кейін өнімнің сапасы төмендеп, құрамындағы микро элементтер бөліне бастайды.

Қазақстандық эко белсенділер осылай дейді. Пластикалық пакеттер де солай. Мұндай өнімнен бас тартып, тез ыдырағыш қағаз қораптарды қолданған жөн.

«Негізі пластиктің адам ағзасына зияны көп. Мысалы, пластиктен бөлінетін токсинді заттар адам денсаулығын улап, тез қартаюына әсер етеді. Бұл проблеманың алдын алу үшін ең оңай тәсілі – оны қолданудан толық бас тарту», - деп айтты экологиялық белсенді Базарбек Қамысбаев.

Зиянды пластикалық ыдыстар көбіне контрафактілік тауарларда қолданылады. Ал мұндай өнімдер заңсыз полигондарда шашылып жатыр. Олардың қатарын азайту қажет. Бұлай деуімізге ғарыштан түсірілген фотосуреттер себеп. Соңғы деректер бойынша ел аумағында 9 мың заңсыз полигон анықталған.

Проблеманы шешу үшін қолданыстағы заңдарға өзгеріс енгізілуі қажет. Ең алдымен ірі кәсіпорындар төлейтін экологиялық төлемдер толықтай қалдықтарды қайта өңдеуге жұмсалуы тиіс.

«Кей компаниялар қалдықтарды далаға, заңсыз жерлерге төгеді. Еліміз бойынша 9 мыңға жуық космо съемкалар арқылы экология министрлігі заңсыз свалкалар тапқан. Оның өзіне біршама қаражат жұмсалады. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 150 млн теңгеге дейін заңсыз свалкаларға қаражат бөледі. Егер келесі жылдан бастап осы норма іске қосылса, онда барлық табиғатты қорғау іс-шарасына бүгін 70-130 млрд жуық қаржы жиналады. Оның 10 пайызы ғана табиғатты қорғау шараларына жұмсалса, осы қаражат арқылы полигондар мәселелерін, контейнер, сұрыптау механизмін енгізе алады», - деп айтты ҚР экологиялық ұйымдары қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов.

Ұсынылған өзгеріс Парламентте қаралып жатыр. Егер қолдау тапса, жергілікті әкімдіктер бюджеті толыға түседі. Экологиялық төлемдер арқылы қоқыстарды сұрыптау ісі де алға басады.