Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

«Сұмырай қазақ митинг деп, үй сұрап миды ашытты...» – Серікжан Біләш (ВИДЕО)

Айтуынша, дамыған елдер «қыстың қамын жаз ойлағаны» былай тұрсын, жүз жылдығын алдын ала қамдап қояды екен.

«Сұмырай қазақ митинг деп, үй сұрап миды ашытты...» – Серікжан Біләш (ВИДЕО)
фото: ашық дереккөз

Қоғам белсендісі Асқар Сембай өзінің facebook-тегі парақшасына үнемі атышулы Серікжан Біләштің видеоүндеулерін жариялап тұрады. Кезекті бір түсірілімінде ол Маңғыстау және Қызылорда облыстарында қуаңшылықтан қырылып жатқан малдар туралы айта келіп, халық басына сондай нәубет түссе де, біздің биліктің одан сақтап қалу үшін ештеңе істей алмайтынын айтқан.

Мал екеш малды сақтай алмаған Үкімет ертең халқы аштан қырылып жатса, сақтай ала ма? Мал екеш малды жем-шөппен қамдап, ұйымдастырып, Қазақстанның шығысы мен оңтүстігіндегі дайын жем мен шөпті жеткізе алмай отырған мына мемлекет әбден салданып қалған, 80-90-ға келген шалдың аяқ-қолы сияқты икемге келмей, қиюы қашқан, берекесі кеткен. Анау жылқыларды, түйелерді көрсең, жылағың келеді. Ертең осы аштық, осы қырылу қазаққа келеді. Бүкіл астық қамбаңды тексеріп, соған есеп берген бір жүйені көрдік пе? Жоқ, - деп ашынды Серікжан Біләш.

Айтуынша, дамыған елдер «қыстың қамын жаз ойлағаны» былай тұрсын, жүз жылдығын алдын ала қамдап қояды екен.

Мысалы, Америка бір ғасырға жететін тауық етін сақтайды. Бір ғасыр бидай, күріш сияқты дәнді дақылдар өнбесе, халқын да, әскерін де бағатын сол бір ғана тауық еті, басқасын айтпай-ақ қояйын! 1991 жылы Совет үкіметі құлағанда, олар сол бір ғасыр бұрынғы тауық еттерін сатты. Соны өткізу үшін KFC, Kentucky деген пәлелері шықты. Астықтары да сол бір ғасыр бұрынғы. Ал біздің қамбадағы астықты Қытайға сатып жіберсе, қазақ биыл қырылып қалуы мүмкін. Біздің сұмырайлар батыстағы жылқы мен түйеге жем-шөп жеткізе алмай отырғанда, айналайын халқым, саған ешкім көмектеспейді! Сондықтан өз амандығыңды өзің сақта, қазақ! Үкіметтен бірдеңе күтпе! Ол Үкімет қайта сен қырылып қалсаң қуанады, «Жақсы болды ғой, мына сұмырай қазақтар минтинг деп, үй сұрап миды ашытты. Орнына мына қытайларды әкеп жақсы болды ғой, бақа-шаянын жеп жүре береді. Біздің банкіміздің 20-30 пайыз кредитін жауып отыра береді» дейді, міне! Сен оған салық төлеушісің. Қорадағы сауып отырған сиырсың. Басқа түк емессің! - деп төтесінен бір-ақ тартты ашулы белсенді.

Сондай-ақ ол жер шарында мемлекетке қазақтан басқа сұмдық өсім төлейтін халық жоқ екенін алға тартты. Айтуынша, біздің билік Дүниежүзі банкінен «Ойбай, біздің халқымыз кедей еді» деп өтірік жылап, 0 пайыздан 3 пайызға дейінгі несиелерді алып, оны өзімізге 22-50 пайызбен беріп отырған көрінеді.

«Бұл – рэкеттік!» - дейді Серікжан Біләш.

Тұрсын ЖАМАНТАЙ