Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Сапалы өнімге сұраныс бәсеңдемейді

2013 жылы  Орал қаласында негізі қаланған «KazPolimerPlast» ЖШС - мемлекеттік бағдарлама аясында аяғынан тік тұрған компаниялардың бірі. Бүгінгі таңда бұл өндіріс орнында 33 адам нәпақасын тауып жүр.

Сапалы өнімге сұраныс бәсеңдемейді

Бұл зауыт сумен жабдықтау, кәріз, газбен қамту, телекоммуникация, технологиялық тұрба құбырлары жүйесіне арналған полиэтилен тұрбалар шығаруға маманданған.  Өндірістік қуаты жылына 11000 тонна тұрба өнімін өндіруге жетеді.   

Қазіргі уақытта «KazPolimerPlast» компаниясының нарықта өзіндік орны, өндірістік тәжірибесі, заманауи технологиялы құрал-жабдығы, жоғары білікті инженер-техникалық мамандары бар. Сондықтан зауытта өндірілген өнім түрлері сапа стандарттарының талаптарына сәйкес келеді. 

2019 жылдың соңында компания өндірістік қуатты арттыру және шикізат сатып алу үшін «ВТБ Банк» АҚ-ның еншілес ұйымына (Қазақстан)  қаржыландыру жөнінде өтініш берді. Екінші деңгейдегі банк 14,25% -бен несие беріп, оның 50%-ы «Бизнестің жол картасы-2020» кәсіпкерлікті қолдау мен  дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында «Даму» қоры филиалы арқылы субсидияланды. Сонымен қатар «Даму» қорының кепілдік беру бағдарламасы бойынша кепілдікпен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Бұдан кейін де компания мелекеттік көмек-қолдауға әлденеше мәрте жүгініп, субсидиялау және кепілдік беру тетіктерін   пайдаланды. Өндірістік әл-қуаттың күшеюінің арқасында оралдық өндірісшінің құрылыс компаниялары арасында жаңа сенімді серіктестерінің қатары өсті. Компанияның тұрба құбырларын еліміздің барлық өңірі тұтынады. 

«KazPolimerPlast» ЖШС директоры Алтай Тұяқовтың сөзіне қарағанда, мұнда негізінен диаметрі 1200 миллиметрлік тұрбалар шығарылады. Қазақстанда тұрба өндіретін 40, облыс аумағында 3-4 зауыт барын ескерсек, тұрба нарығында бәсекелестіктікке төтеп берудің оңай еместігін білуге болады. Сондықтан зауытты толық қуатпен жұмыс істейді деу қиын. Дегенмен де аталмыш зауытқа Атырау, Ақтөбе, Қостанай өңірлерінен, Нұр-Сұлтан қаласынан  тапсырыстардың түсуіне қарап қай уақытта да сапалы өнімге деген сұраныстың бәсеңдемейтінін білуге болатындай.

 

Жұбан МҰРАТ,

Батыс Қазақстан облысы