Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Журналистерге әлеуметтік мәртебе керек - депутат

"...Мысалы, квазимемлекеттік, жекеменшік ЖШС-ларға қарасты, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған және жас ерекшеліктеріне қарай БАҚ өкілдері ешқандай республикалық, өңірлік бағдарламаларға іліне алмайды..."

Журналистерге әлеуметтік мәртебе керек - депутат
фото: ашық дереккөз

Журналист-қаламгер, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан "Жас Алаш" газетінде журналистердің әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу қажет екенін жазды деп хабарлайды Paryz.kz

"Даңқты қаламгер, ұлттық журналистиканың ұстазы, бірнеше буынды тәрбиелеп шығарған Шерхан Мұртаза ағамыздан «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деген сөз қалған. Мұны неге айтып отырмыз? Жақында маған Қазақстанға аты мәлім бір топ журналист өздерінің әлеуметтік мәселесіне назар аударуымды өтініп, арнайы хат жолдады.

Расында, еліміздегі кәсіби журналистердің еңбегін талдап, таразыға тартып жатпайын. Шіліңгір шілде мен қақаған қаңтарда, жыл он екі ай сапарда жүріп, қоғамдық-әлеуметтік жағдайларды жіті зерттеп, түрлі орталарда болып, ел-жұртқа ақпар жеткізіп, жанкешті еңбек етіп жүрген тілшілер қауымының әлеуметтік ахуалы шын мәнінде алаңдатарлық. Қаншама сын-қатерлермен бетпе-бет келуде. Алысқа бармай-ақ, соңғы жыл жарымда күллі әлемнің есін екеу, түсін төртеу етіп, адамзат баласын бір тарының қауызына әкеліп тыққан індет кезінде қатермен бетпе-бет келіп, күндіз-түні дәрігерлермен бірдей алдыңғы шепте тәуекелге барып, еңбек еткен дәл осы журналистер. Қоғамдағы ақпарат-насихат жұмыстарында, идеологиялық кеңістіктегі менің ардақты әріптестерімнің атқарып жүрген миссиясы сұрапыл.

БАҚ қызметкерлері арасында журналистердің әлеуметтік мәртебесін айқындау мәселесінің көтеріліп жүргеніне біраз жыл болды. БАҚ өкілдері өз саласын «мәртебесі жоқ мамандық» деп атайды. Мемлекеттік, квазимемлекеттік, жекеменшік БАҚ өкілдері ретінде ғана бөлінеді және құрылтайшы, редакциялық саясат деңгейінде ғана белгілі бір мәртебеге ие.  Қолданыс аясындағы заңдар БАҚ өкілдерінің кәсіби қызметін ғана реттейді. Ол жерде әлеуметтік статусы қарастырылмаған. Сондықтан БАҚ өкілдеріне мемлекеттік қызметші, мұғалімдер, ІІМ қызметкерлері, әскерилер сияқты арнайы мәртебе берілсе үлкен шаруаның біткені болар еді. Әлемнің көптеген елдерінде заңмен реттеліп, әлеуметтік мәселесі шешілуіне қатысты тетіктер жолға қойылған. Мысалы, Түркияда журналистерге белгілі бір еңбек өтілінен кейін сары карточка беріледі. Журналист ол арқылы таксиге, қоғамдық көліктің бар түріне тегін мінеді, бүкіл мемлекеттік, қоғамдық мекемелер, мұражай-көрмелердің де есігі ашық. Осыған ұқсас қолдау қазақстандық журналистер үшін де маңызды.

Журналистер қауымының арқасын аяздай қарып жүрген басты мәселе – баспана тауқыметі. Айлығы шайлығынан аспайтын, бала-шағасымен пәтерден-пәтерге көшіп, жанын жалдап жүріп отбасын асырап қана қоймай, қоғамдық-саяси өмірдің барометрі болып жүрген тілшілер қауымы заңды түрде ешқандай санатқа жатпайды. Сол себепті мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, полиция, қауіпсіздік қызметкерлері, өзге де әлеуметтік сала өкілдері секілді мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, баспанаға қол жеткізе алмайды. Осы ретте, онсыз да кәсібін көлденең көк аттылар иемденіп жүрген журналистерге үкімет тарапынан заңды түрде  арнайы статус беріп, ресми түрде мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, бірінші кезекте тұрғын үй алуын  қолдау қажет. 

БАҚ өкілдері қазіргі кезде мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілетін баспанаға қол жеткізуде түрлі кедергілерге тап болуда. Тұрғын үй алуға лайықталған бағдарламалардың талаптары әртүрлі болғандықтан, қиындықтар шаш-етектен. Мысалы, квазимемлекеттік, жекеменшік ЖШС-ларға қарасты, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған және жас ерекшеліктеріне қарай БАҚ өкілдері ешқандай республикалық, өңірлік бағдарламаларға іліне алмайды. Мысалы, жас санаты 35 жасқа дейін журналистер арасында бұл жастан асып, баспанасыз жүргендері аз емес. Сондықтан БАҚ өкілдерінің қандай БАҚ-та (квазимемлекеттік, жекеменшік, мемлекеттік) жұмыс істегеніне және жас шегіне, қай өңірде тұрғанына қарамастан, баспанасы болмаса, мұғалімдер, дәрігерлер, әскерилер сынды арнайы әлеуметтік статус аясында ортақ шартпен (ұзақмерзімді жалға немесе несиеге алса, сыйақы мөлшерлемесі төмен, кезекпен) жеңілдетілген баспанаға ие болудың арнайы бағдарламасын қабылдауға ықпал ету қажет.

Журналистік нарықта жалақы, қаламақы мөлшері төмен. Сондықтан жалақы мөлшері төмен журналистерді мемлекеттік қолдаудың қосымша тетіктері қарастырылуы  керек. Мен бұл бағытта тиісті орындарға өз ұсыныстарымды бергенмін, әлі де індетіп, іздену керек болып тұр.

Журналистердің әлеуметтік мәселесіне қатысты сөз бұған дейін де бірнеше рет көтерілген, бірақ негізінен қоғамдық талқылаудан ары барған емес.

Республикадағы өңірлер мен орталықтарда еңбек етіп жүрген, қолында дипломы бар (блогерлер емес) кәсіби журналистер саны көп те емес. Қоғамдық өмірдің алдыңғы шебінде қызмет жасап жүрген журналистер қауымының жағдайына көңіл бөліп, тиісті деңгейде шешім қабылданса қоғамдық өміріміздегі елеулі жаңалықтардың бірі болары сөзсіз", - деп жазды депутат.