"Таңғы 5-те тұрып, барлық нысанды аралау керек": Шөкеев қарамағындағыларға тапсырма берді

"...Аудандардың әрқайсысы өзінің секторына жауап берсін. Көшетті отырғызғаннан бастап әр талдың түбін қопсыту, оны суару керек", - деді ол.

"Таңғы 5-те тұрып, барлық нысанды аралау керек": Шөкеев қарамағындағыларға тапсырма берді
фото: ашық дереккөз

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қарамағындағы қызметкерлерді таңғы сағат 5-те тұрып, барлық нысанды аралауға шақырды деп хабарлайды Paryz.kz, облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жауаптыларды көшеттерді күтіп-баптаудың маңыздылығын естен шығармауға шақырды. Тамырынан нәр алмайтын қураған ағаштың көбеюіне алаңдаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев апталық аппарат отырысында жауаптылар жұмысын қатаң сынға алды. Таңмен таласа оянып, қызу тіршілікке кірісуге кеңес берді", - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Түркістан қаласында барлығы 55 саябақ пен сквер бар.

"Таңғы сағат 5-те тұру керек. Жұмыс киімін киіп алып, барлық нысанды аралап жүру керек. Аудандардың әрқайсысы өзінің секторына жауап берсін. Көшетті отырғызғаннан бастап әр талдың түбін қопсыту, оны суару керек. Шөлдеп тұрған тал бірден көрінеді ғой. Каналдан суды бұрып, алып келу қажет болса, оны жасаңдар. Ешкім жоқ демейді. Резервуар керек пе, сорғы керек пе, суды жеткізу керек. Каналдар не үшін керек, суарылмаса?", - деді Шөкеев.

Сондай-ақ хабарламада биыл түркістандық 500-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлайтыны аталып өткен. Оның шінде кезекте тұрған азаматтарға 252 пәтер, кредитпен 204 пәтер берілді.

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, жыл соңына дейін 76 тұрғын үй жоспарға сәйкес қабылданып отырады.

Жалпы, әкімшілік-іскерлік орталығында 7, 9 және 12 қабатты жалпы 82 тұрғын үй (342,7 мың ш.м., 5353 пәтер) бюджет есебінен салынуда.