Бауыржан Байбектің заңгері Айжан Ташимова Facebook парақшасында пост жазып, азаматтық белсенділер Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қатысты шыққан сот шешіміне қатысты пікір білдірді.
«Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның және олардың өкілдерінің түрлі әрекеттеріне қарамастан, сот шешімі толықтай заңды әрі әділ болғанын көрсеткім келді», - деді ол.
Еске сала кетейік, соттың жауапкерлерді шындыққа сәйкес келмейтін, Б.Байбектің ар-намысына, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді терістеуді, сондай-ақ өздері орналастырған видеоларын өшіруді міндеттеп қаулы шығарған болатын. Бұған қоса сот жауапкерлерден талап қоюшының пайдасына 876 402 теңге сомасында сот шығындарын өндірді. Белгілі болғандай, Б.Байбек бұл қаржыны аутизммен ауыратын балаларды қолдауға бағыттауды жоспарлап отыр.
«Бұл процестің саяси-құқықтық маңызы зор. Интернет пен мессенджерлер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып кеткен қазіргідей жағдайда, «жаңа медианың» есеп айырысу, арзан популизм мен хайп, кемсіту құралы ретінде барынша кең таралған кезеңде абыройлы атыңды қорғау, жабылған жалаға қарсы тұру айрықша өзекті болып отыр», - деді А.Ташимова.
Оның айтуынша, Б.Байбектің талап-арызы бойынша жүргізілген процесс жаңа саяси-құқықтық мәдениеттің бет-бедерін қалыптастыруда өте маңызды прецедент болды. Себебі оның негізінде әрбір жасаған әрекет пен айтылған сөзге жауапкершілік жатыр.
«Еліміздің кез келген азаматы өзін жария түрде, арсыздықпен және негізсіз қаралайтын жағдаймен ұшырасуы мүмкін. Бұл – заң мен әдеп нормаларын бұзу, бұған жол беруге болмайды. Болашақта осы материалдарды оқыған адамдар өзіне қарата жасалған заңсыздықтармен ымыраға келмей, кінәлі адамды жауапкершілікке тарту үшін сотқа немесе құқық қорғау органдарына жүгінеді деп үміттенемін», - деп түйіндеді сөзін заңгер.