Прямая трансляция

Астана

Астана

-2.03°C

Қос өңірдің аштан қырылған мал иелеріне өтемақы төленбейді

Ал жағдайдың бұлайша шиеленісуін министрлік жергілікті биліктегілердің шикілігі деп отыр.

Қос өңірдің аштан қырылған мал иелеріне өтемақы төленбейді
фото: ашық дереккөз

Маңғыстау, Қызылорда облыстарында аштан қырылып жатқан мал иелеріне өтемақы төленбейді. Тек азығын алып, қалған мал басын сақтап қалуға Үкіметтен көмек беріледі, деп хабарлайды Paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Әзірге шығынның нақты сомасы есептелмеген. Ауыл шаруашылығы министрлігі жағдайдың бұлайша ушығып кетуіне тағы да әкімдерді кінәлады.

Бір ғана Маңғыстау облысында құрғақшылықтың кесірінен 1 300-ден астам мал басы арам қатқан. Оның ішінде 540 бас жылқы, 46 бас ірі қара және 492 ұсақ мал. Ауыл шаруашылығы министрлігі қалған төрт түлікті аман алып қалуына Үкіметтен 3 миллиард 500 миллион теңге қордан бөлуді сұрап отыр. Қазір "Каспий" корпорациясынан мал азығын арзандатуға 200 миллион теңге бөлінген. Ал маусымның 20-на қарай Маңғыстау облысына 600 тоннадан астам арпа жеткізіледі. Жалпы 1 700 тоннадан астам арпа осы өңірге бөлінбек. Ал жағдайдың бұлайша шиеленісуін министрлік жергілікті биліктегілердің шикілігі деп отыр.

Негізі жергілікті әкімдік жағдайдың ушығып бара жатқаны жайында алдын ала хабарлауы керек еді. Малдың қырылып жатқанын ауыл шаруашылығы министрлігі өзі анықтады. Бұл қалыптасқан жағдай күзде ет бағасының қымбаттауына еш әсер етпейді. Себебі, қырылған мал басының саны өңірдегі жалпы көлемінің 0,1 пайызын ғана құрайды. Ет қымбаттамайды деген сенімдеміз, - дейді АШМ Мал шаруашылығы өнімін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Қайрат Мұтаев.