Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"30 жыл бойы орындалмаған уәде". Нұр-Сұлтан маңындағы ауылда жол жоқ

Жұртшылықты мазалаған мәселе көп. Жайылым жер тарылған, жарықтың да тозығы жетіп тұр. Тіпті күн жылысымен ауыз суға да мұқтаждық туындаған.

"30 жыл бойы орындалмаған уәде". Нұр-Сұлтан маңындағы ауылда жол жоқ
фото: panoramio

Елорда маңындағы бүтін бір 4 ауыл 30 жыл бойы жолға жарымай келеді. Тұрғындар атқамінерлердің бос уәдесінен тойындық деп отыр. Тіпті ашуға булыққан ауыл жұрты қалаға қатынайтын көшені бөгеп тастаған. Егер бұлай кете берсе, мүлде басқа да амалдарға барудан тайынбайтындарын жеткізді деп хабарлайды Paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

"Тек бұл емес, елді мекенде қордаланған мәселе шаш етектен", - дейді тұрғындар.

Иә, жылдар бойы төзіп келген бұлақсайлықтардың төзімі таусылған. Бас шаһардың маңында орналасса да, тәуір жолға жарымай келеді.

"85 пайыз адам қалада істейді. Олар жұмыстан емес, жолдан шаршап келеді. Машиналар ескі, сына береді. Оны өз ақшаларына жөндейді", - дейді Бұлақсай ауылының тұрғыны Орал Әбдіқұлов. 

30 жыл бойы орындалмаған уәде. Қала маңындағы ауылдардың кешкен күйі осы. Тозығы жеткен жол жаяу жүргіншілерді ғана емес, көлік жүргізушілерін де сергелдеңге салған. Жұртшылықты мазалаған мәселе көп. Жайылым жер тарылған, жарықтың да тозығы жетіп тұр. Тіпті күн жылысымен ауыз суға да мұқтаждық туындаған. Тұрғындар қордаланған түйткілді айтып, әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Жылда уәдені үйіп төгеді. Бірақ құр сөзбен алдап келе жатқанына талай жыл өтті деп отыр. Амалы таусылған халық жолды жапты.