Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы түрлі форматта іс-шаралар өткізуде.
Айталық сауда орталықтарында, базарларда, білім ошақтарында, қоғамдық орындарда кездесулер, онлайн жүйеде дәрістер, әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлер, т.б. Бұл іс-шаралардың негізгі мақсаты – діни сауаттылықты көтеру. Бүгінгі әңгімеміздің арқауы осы діни сауаттылық болмақ.
Өскелең ұрпақ, болашақ жастар сауатты болса, біз көп қиыншылықтан айналып өтер едік. Өткен замандарда, ерте дәуірлерде, білім мен ғылым бірінші орында тұрған. Ғылымның соңына түскен адам тұлғаға айналады. Ғылымның қай саласында да мұндай тұлғалар жетерлік. Ондай тұлғаларды кез келген хат танитын көзі ашық адам біледі. Болашақ та білім мен ғылымға байланысты.
Білім, ғылыммен қоса сауаттылық деген бар. Мысалы үшін еліміздегі барлық азаматтар хат таниды десек болады. Бірақ хат танитын азаматтардың барлығы сауатты ма? Сауат та сан салаға бөлінеді. Айталық діни сауат. Міне, мәселеге біз осы діни сауат тұрғысынан келгенді жөн көріп отырмыз. Яғни, діни сауаттылық дегеніміз бұл жалпы хат танудан мүлде бөлек нәрсе. Керек десеңіз, деструктивті топтардың алдауына ілесіп кеткен жоғары білімді азаматтар бар.
Түркістандық оқытушы өзімен бірге әке-шешесін, іні-қарындастарын жат ағымға адастырғанын өткен мақаламыздың бірінде жазған болатынбыз. Сол сияқты жоғары оқу орнын бітірген талай азаматтар Сирия асып, Ирак жерін басып, мемлекеттік «Жусан» операциясымен елге оралғанын, қазіргі таңда жазаларын өтеп жатқанынан хабардармыз. Олар хат танығанмен, жоғары білімі бар маман болғанмен, діни, мәдени, тарихи сауаты төмен деген тұжырым жасауға болады. Демек, діни, мәдени, тарихи сауаттың маңызы зор деген сөз. Осыдан барып ұлттық болмыс шығады. Ұлттық болмысы бос, тілі шала, ділі беймәлім адамның діни сенімінде ағаттық кетіп, шалыс басатынын адасқан жандарды зерттеу барысында көз жеткізіп келеміз. Ұлттық болмыс, халықтық өзек деген жай сөз еместігін біле түстік.
Адам жаратылысы, қанмен берілетін әдет, ген, тек дегендеріңіз өте күрделі де терең нәрсе. Отбасы ошақ қасында ұлттық тәрбиені бойына сіңіре алмаған адамның көбісі адасады. Олардың адасуына қаны, гені, қазақша айтқанда тегі итермелейді. Осы қан, ген, тек деген нәрселер оларды еріксіз ізденуге жетелейтін көрінеді. Әрине, олар адасайық, біреуге алданайық деп бастамайтыны анық. Жаратушыға жақындағысы келеді, Құдайдың алдында тазарғысы келеді, өздерін күнәдан пәктеуге ұмтылады. Мұның бәрі жаратылыс заңдылығы. Осы жаратылыс заңдылығы бойынша ізденіс басталады. Қазір интернет заманы. Барлық дүниені интернеттен табасыз. Діни сауатты да интернет арқылы көтергісі келеді. Міне, осы интернетке кіргенде әлгі ізденуші ұрынады. Өйткені деструктивті топтар діни шала сауаттыны қалай қолға түсіріп, тұзаққа іліндіруді алдын ала ойластырып қойған. Олар бұл мүмкіндіктің бәрін бос жібермейді, тиімді пайдаланады. Өз діттегеніне сай дінге байланысты ақпаратты бұрмалап жеткізеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін арнайы маманға сөз берейік. Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының директоры Тимур Нүсіпханұлы: «Мысалы үшін, Абу Ханифа деген сөзді қарапайым googleге теріп көрсек, ханафи деген сөз терілгеннен теріс діни топтың, яғни, сәлафилік көзқарастағы ағымның ақпараты бірінші шығады. Өйткені олар солай жасаған. Интернетті өте тиімді пайдаланады. Сирияға кеткендерді сол жақтан келіп, қолдарынан жетектеп, ақшасын беріп, ешкім әкеткен жоқ. Барлығы дерлік осы жердегі жұмысынан шығып, дүние мүлкін, көлігін, үйіне дейін сатып, өз аяғымен кеткендер. Деструктивті топтар табанын тоздырып, бұл жаққа келмей-ақ интернет арқылы санасын уалды. Неше түрлі материалдар әзірледі. Соның нәтижесінде қаншама біздің жерлестеріміз адасып, жат елге кетті. Міне, сананың сауаттылығы дегенді осы жерден анық байқауға болады. Сондықтан сананың сауаттылығы, әсіресе, жастар арасында өте-мөте маңызды. Сана сауатсызданғанда қоғамның тұрақсыздануы белең алады. Бұл тек қана діни тұрғыда ғана емес, жалпы сананың сауатсыздануы дегеніңіз өте қауіпті нәрсе. Қасиетті Құран Кәрімдегі алғашқы аят «Оқы!» деп келген. Алла Тағала оқумен, біліммен, қаламмен, жазумен, сызумен ант еткен. Яғни, Алланың бұлай ант етуі жай нәрсе емес. Бұл өтеүлкен нәрсе. Мысалы үшін Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз мешітте намаз оқып жатқан сахабаларының емес, кітап қарап, хадис қайталап, ғылым айтып, біліммен шұғылданып отырған сахабаларының жанында көп болған екен.
Міне, білімге деген құрметтілік. Ғылымды, сонымен қатар діни сауаттылықты тар шеңберде емес, кең түсінуіміз керек. Егер біз діни сауаттылықты тар шеңберге тіресек, онда біз радикалды топтан айырмашылығымыз болмайды. Дін өте терең, ауқымды. Жат ағымдар көп нәрсені шектейді. Біз сүннетпен ғана жүреміз дейді. Сөйтеді де көп нәрсені бұрмалайды. Шындығында Мәдинә қаласы ислам мәдениетінің бастауы болған. Мәдениеттің бастауы – Мәдинә деуге толық негіз бар. Мәдениеттің, тәрбиенің, этиканың дәнегі осында себілген. Бұл туралы ғұлама ғалымдар еңбектер қалдырған. Сол себепті дінді білім-ғылыммен ұштастырып, оны жастар дұрыс түсіну үшін жұмыс жасауға тиіспіз. Жастарға діни сауаттылықты дұрыс үйретсек, қоғамдағы жат нәрселер белең алмас еді. Қазіргі кезде салыстырмалы тұрғыда телевизорды ашсаңыз, радионы қоссаңыз, әлеуметтік желілерді, интернетке үңілсеңіз, газет-журнал, кітапты қарасаңыз барлық мүмкіндік бар. Бірақ біз оқуды, білім алуды азайттық. Сол себепті де сауат төмендеп кеткен».
Сауаттылық – көкіректің ояулығы, көңілдің сұңғылалығы. Бүгінгі тілмен сауаттылықты интеллект деуге болады. Интеллект алған дипломмен, бітірген оқу орнымен есептелмейді. Интеллект көрген-білгенді, оқығанды көкірекке түйе білу болса керек. Мәдениет, тарихи таным, діни сауаттың жиынтығы осы интеллект. Интеллектінің өзін рухани байлық деп те атауға болады. Рухани байлық – оқумен, оны бойға тоқумен қалыптасатын дүние. Сол себепті бұл заман интеллектіні мейлінше жоғары деңгейге көтеретін заман болып тұр. Интеллектісі жоғары адамның кез келген нәрсеге қарсы тұра алатындай иммунитеті де болатыны анық. Сондықтан интернеттегі жеңіл-желпі дүниелер интеллектіні де, иммунитетті де көтере алмайды. Байқамаса, керісінше құрдымға жіберуі мүмкін. Сондықтан аңдап басып, таңдап оқыған абзал. Сақ болайық! Сақтанайық!
Еділ АНЫҚБАЙ