Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Алматыда жәрдемақыдан қағылған аналар әкімдікте шу шығарды

Мұнайға бай елміз деп мақтанатын Қазақстан үшін әр балаға 42 500 төленсе де көп емес деген пікірде. Тіпті талаптарын жазып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдамақ. Ал әкімдіктер аналардың арызын жазып алғанын ғана айтады.

Алматыда жәрдемақыдан қағылған аналар әкімдікте шу шығарды
фото: видеодан скриншот

Алматыда бір топ көпбалалы ана бір жылдан бері атаулы әлеуметтік көмек ала алмағандарын айтып, шу шығарды. Оған қоса ашынған әйелдер әр балаға 42 500 теңгеден жәрдемақы төленсін деп талап қойды. Олар жазған талап-арыздарын президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін жеткізбек деп хабарлайды Paryz.kz, 31-арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Жиынға жиналған аналардың басым бөлігінде "тұрақты тіркеуі" жоқ болғандықтан мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектен қағылып отыр.

Күміс алқа иегері Гүлнәр Құсайынова соңғы бір жылда атаулы әлеуметтік көмек алмағанын айтады. Біріншіден, басында баспанасы жоқ, екіншіден, мүгедек қызына алатын жәрдемақы мен күйеуінің зейнетақысын қосқанда отбасы кірісі асып кеткен екен. 

“Біздің үйде инвалид қыз бар, пенсиясын санайды, күйеуімнің пенсиясын санайды мен жұмыс істеген жоқпын. Бір ай болды. Өйткені менің денсаулығым жарамайды. Операция болған. Өтті алған”, – дейді көп балалы ана Гүлнәр Құсайынова.

“Мен, міне, неше жылдан бері тұрақты тіркеусіз жүрмін. Ақша да төлеп отырдым. Мені шығарып тастайды. Маған айтады біздің кірісімізді санайды, мен сізді тіркеуге отырғыза алмаймын дейді”, – дейді көп балалы ана Гүлнұр Дауылбекова.

Жәрдемақыдан қағылған ашынған аналар бір балаға берілетін 10 500 теңгенің өзі аз деп отыр. Тіпті елімізде күніне иттің тамағына 10 мың 500 теңге бөлінеді екен. Мұнайға бай елміз деп мақтанатын Қазақстан үшін әр балаға 42 500 төленсе де көп емес деген пікірде. Тіпті талаптарын жазып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдамақ. Ал әкімдіктер аналардың арызын жазып алғанын ғана айтады.

Бос уәдеден шаршаған аналар мұнымен тоқтамақ емес.