Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Әйелдер оң өзгерістер мен прогрестің қозғаушы күші бола алады – Ләззат Рамазанова

Ұлттық комиссия басшысы теңдік қағидаттарын жаппай ілгерілетуге ұлттық институттардың әлеуетін және әйелдердің құқықтарын қорғау тетіктерін нығайту, әйелдердің шешімдер қабылдау деңгейінде демократиялық қатысуын дамыту, сондай-ақ барлық салаларда әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту ықпал ететінін атап өтті.

Әйелдер оң өзгерістер мен прогрестің қозғаушы күші бола алады – Ләззат Рамазанова
фото: дереккөз

Биыл 10 маусымда Тәжікстан астанасында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдері әйелдерінің 3-форумы басталды деп хабарлайды Paryz.kz, BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Форумға Қазақстаннан Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанова, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, сондай-ақ, Ұлттық комиссияның басқа да мүшелері мен сарапшылары онлайн форматта қатысты.

Форумның пікірталас алаңдарының тақырыптары – ШЫҰ елдерінде әйелдердің құқықтарын қорғаудың институционалдық тетіктерін нығайту, кемсітушілікті, оның ішінде әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты жою мәселелеріндегі өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты жақсарту, сондай-ақ, әйелдердің кәсіпкерлік қызмет саласындағы құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды.

Пандемиямен байланысты жаһандық қиындықты еңсеру үшін барлық елдер үшін қазіргі қиын уақытта әйелдердің күш-жігері ерекше маңызға ие болды. Әйелдер оң өзгерістер мен прогрестің, дағдарыс салдарын еңсерудің қозғаушы күші бола алатынын түсіну маңызды, - деді Лаззат Рамазанова.

Ұлттық комиссия басшысы теңдік қағидаттарын жаппай ілгерілетуге ұлттық институттардың әлеуетін және әйелдердің құқықтарын қорғау тетіктерін нығайту, әйелдердің шешімдер қабылдау деңгейінде демократиялық қатысуын дамыту, сондай-ақ барлық салаларда әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту ықпал ететінін атап өтті.

Форум алаңында бейбітшілік және өңірлік қауіпсіздік мәселелері талқыланды.

Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан бейбітсүйгіш мемлекет ретінде өңірлік және халықаралық деңгейлерде елдер арасында жанжалды жағдайларға жол бермеуді қолдайды. Біз әйелдер превентивті дипломатияның алдыңғы қатарында болуға, өңірдегі өзара сенімді, тату көршілікті, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту бойынша ортақ күш-жігерімізді шоғырландыруға тиіспіз, - деп атап өтті Ұлттық комиссия төрайымы.

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова форумға қатысушыларды Мемлекет басшысының 2021 жылғы 9 маусымда қол қойған «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлығы жөнінде хабардар етті, онда Үкіметке адам құқықтары саласындағы, оның ішінде әйелдерге қатысты кемсітушілікті жоюға бағытталған бірінші кезектегі шаралар жоспарын қабылдау тапсырмасы қамтылған.

Қазақстандық тарап қаралатын мәселелер бойынша ынтымақтастықты нығайтуға және халықаралық бастамаларды іске асыруға сындарлы үлес қосуға дайын екенін білдірді. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің әйелдердің саяси көшбасшылығы мәселелері, әйелдерді қолдау мақсатында дағдарысқа қарсы қабылданған шаралар және әйелдер құқығына қатысты басқа да мәселелер бойынша ақпарат және озық тәжірибе алмасуының Бірыңғай банкін құру ұсынылды.

Форум қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылдау жоспарлануда.