Қазақстанның тәуелсіз отыз жылындағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа байланысты сөзқозғау үшін біз ең алдымен еліміздегі 130-дан астам диаспоралар мен этностардың өзара қарым-қатынасына, олардың мемлекетке деген көзқарасына назар аударамыз.
Әрине, бірден бәрін қамту мүмкін емес және сырттай айтып, тыстан сөз еткен болжам ғана болар еді. Дәлел мен дәйекті келтіру, пікір мен көзқарасты айқындау және оны оқырманға жеткізу мақсат. Сондықтан еліміздегі этнос пен диаспоралардың бірі – дұңған ұлтының өкілі, бұрынғы ішкі істер қызметкері, бүгінде зейнеткер-полковник Абубакир Вайсыровичпен әңгімелескен едік.
- Абубакир мырза, дұңған диаспорасының Қазақстанда қоныс тепкеніне 140 жыл болыпты. Еліміздегі дұңғандардың саны 70 мыңнан асатынын білеміз. Ата-бабаларыңызды Қазақстанға қандай тағдыр айдап келді екен? Әңгімені осыдан бастасақ.
- Қазақстандағы дұңғандардың келукезеңінен, олардың бүгіндегі санынан хабардар болғаныңыз үшін сізге рақмет айтамын!
Иә, біздің бабаларымыз қазақ жеріне 1872 жылдары Қырғызстан арқылы Қытайдан келген. Сол себепті біздің бір бөлігіміз Қырғыз елінде өмір сүреді. Кішкентай кезімде бұл жерге келуімізге байланысты әкем әңгіме қылып отыратын. Сол замандарда қазақтың хан-билері бізді мұсылман болғанымыз үшін қабылдапты. Қазіргі Масанчиден қоныс беріпті. Ол кезде, әрине, Масанчи ауылы болған жоқ. Дұңғандардың сол жерге орналасып, өмір сүруіне, ұрпақ таратуына жағдай жасаған қазақ еліне алғыс білдіремін. Қазақ еліне құрметіміздің, алғысымыздың белгісі ретінде 2013 жылы Масанчи ауылына ескерткіш қойдық. Ескерткішке: «Қиын кездерде дұңғандарды қабылдаған қазақ халқына мың алғыс!» деп жаздырдық.
- Сіз үшін толеранттық деген қандай мағына береді? Осы жағына тоқталып өтсеңіз.
- Толеранттық деген жай сөз емес және бұл сөздің дұңған мен қазақ арасына көп қатысы бар. 140 жыл бұрын келген бабаларымыздан бастап есептесек, қазақ жерінде өмір сүріп жатқан мен бесінші ұрпақпын. Менің балаларым алтыншы ұрпақ. Ата-бабаларымыздың өмірін көзімізбен көрмегендіктен, олар туралы ештеңе айта алмаймын, ал мен және менің балаларым бұл елде өзімізді бөтен сезінген емеспіз. Кеңес кезінде өмірге келдім, сол уақытта оқыдым, жұмыс істедім, өмір сүріп келемін. Мен ішкі істер саласында қызмет еттім. Тергеуші болдым, тергеу бөлімінің жетекшісі болдым, қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшысы болдым. Еш уақытта ұлтымның басқа болғандығы үшін құқығым шектелген емес, қысым да жасалған жоқ. Барлық ұлт өкілдері бірге жұмыс істедік. Әсіресе, қазақ халқы тарапынан толерантсыздық болған емес.
Бүгінде Қазақстанның тәуелсіздігіне отыз жыл толып отыр. Мен кеңес кезінде де, тәуелсіз жылдарда да қызмет еткен адаммын. Тәуелсіздік кезінде өзімді тіпті еркін сезіндім, ешқашан ыңғайсыздық күйін бастан кешпедім. Ментолеранттықты осылай түсіндірер едім.
- Қазақ пен дұңған арасындағы тығыз байланысты, қарым-қатынасты қалай жеткізген болар едіңіз?
Қазір зейнеттемін. Көптеген достарым бар. Біз қазақ ұлтымен, басқа этностармен етене араласып кеттік. Әулетімізде аралас некелер бар. Мысалы менің үлкен ағамның әйелі қазақ және екінші ағамның әйелі ұйғыр. Біз Қазақстанды өзіміздің Отанымыз санаймыз. Ең маңыздысы осы және 140 жылдан астам уақыт біз қазақ халқымен тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Дұңғандар негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады, өндірістерде жұмыс атақарады, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерде, түрлі салаларда істейді. Біз ешуақытта бөлініп, бөлектенген емеспіз, өйткені бізді ешкім бөлген жоқ. Билікке ұмтылған емеспіз. Қазақ халқы да барлық ұлт өкілдеріне, этностар мен диаспораларға тең қарайды, қазақ болмағаны үшін кемсітпейді. Әр этностың тіліне, мәдениетіне, әдет-ғұрпына құрметпен қарайды. Міне, ұлтаралық байланыс пен қарым-қатынастағы толеранттық дегеніміз осы дер едім. Тату-тәтті, ынтымақтың арқасында дамып келеміз және бүкіл әлемге осы бірліктің арқасында, бейбітшіліктің, тұрақтылықтың нәтижесінде таныла береміз деп ойлаймын. Қазақстан сияқты 130-дан астам этнос пен диаспоралардың басын қосып, күннен күнге дамып жатқан елдер аз. Бұл жағынан Қазақстан үлгі бола алады.
- Зайырлы Қазақстанның конституциясындағы көп ұлттылыққа негізделген ерекшеліктер деп нені айтар едіңіз?
- Тәуелсіздіктің алдында кеңес өкіметіне байланысты одақтас елдердің біртұтас конституциясы болғаны белгілі. Одан кейін Қазақстан тәуелсіздік алды. Конституция тәуелсіздікке байланысты жазылды. 1995 жылы толықтырылды. Қазақстан конституциясында көпұлттылық ескерілген деуге болады. Мысалы үшін қазақ халқы мұсылман болғанымен, мемлекет зайырлы. Жергілікті халық мұсылман бола тұра, конституция бойынша мұсылман мемлекеті деп бекітілмеген. Зайырлылық басқа ұлт өкілдері мен этностарға, диаспораларға ыңғайлы. Сауд Арабиясы, Иран сияқты елдер – мұсылманмемлекеті ғой. Бірақ Қазақстан біржақты кетпеген. Басқа ұлт өкілдерінің жағдайын ойлаған. Осындай жағдай туғызып, жергілікті ұлт – қазақ халқымен теңдей құқық беріп, ешқандай шектеуге, қысылып, қымсынуға жол бермеген мемлекеттің сарабдал саясаты деуге болады. Қазақстан біздің Отанымыз. Қазақстанда мемлекттік тіл - қазақ тілі. Қазақ халқы бізге қандай құрмет көрсетсе, біз де қазақ халқына, мемлекеттік тілге солай құрмет көрсетеміз. Міне, бұл біздің елдің бейбітсүйгіштігі мен тұрақтылығының нәтижесі. Осылайша біз отыз жыл тәуелсіз өмір сүрдік. Ынтымақ пен бірлік бар жерде әлі де өмір сүре береміз деген ойдамын. Қазақ халқына рақмет!
- Сізге де көп рақмет, Абубакир Вайсырович!
Сұхбаттасқан: Еділ АНЫҚБАЙ