Әр қадамды аңдап басқан абзал

Өткен жолы Мүрия Шерібаева сіңілісі және  күйеулерімен теріс діни ағымның арбауына ілініп, Ирак еліне адасып барғаны туралы жазған едік. Бүгін сол мақаланың жалғасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Әр қадамды аңдап басқан абзал
Фото: Kursiv.kz

Мүриялар адасқан. Анығында оларды адастырған теріс діни ағым. Миын улап, санасын өтірікпен шырмаған. Алланың жолы, хақ өлім деп исламның қағидаларын бұрмалап, оларды сендірген. Білімсіздіктің кесірі осылайша әпкелі-сіңілілі Мүриялардың отбасын ойран етіп, шаңырағын шайқалтып кетті. Күйеулері жырақта, жат жерде өлім құшты. Балалары жетім, өздері жесір қалды. Не үшін? Кім үшін? Іздегені қайда? Тапты ма? Әрине, тапқан жоқ.  Күйеулерінің кім, не үшін соғысқаны  белгісіз. Олардың іздегені беймәлім. Олай болатыны, теріс ағым олардың  көздерін тәтті сөздерімен байлап, көкіректерін өтірікпен бітеген. Мүрия оны мойындайды. Көзінің жасы көл болып, өзегі өртеніп, өксіктен аһ ұрғанмен  өткен қайтып келмейді. Бейбіт елдің, тыныш жердің, ағайын-туыстың қадірін білмеген, басындағы бақты кері тепкен адамның көрер күні осындай болады. Ол туралы өзі айтады. Өзгелер осылай адаспаса дейді.

Өткен жолғы мақаламызда оларды Ирак жеріне барғаннан кейін екіге бөліп жібергенін айттық. Бірі Мосу, екіншілері Шабдат деген қалаларға тұрақтаған көрінеді. Күйеулерін соғыс тәсіліне үйретеміз деп алып кеткен, ал әйелдері біздің тілмен айтқанда жатақханаға орналасқан. Екінші кездескенде Мүрия әңгімені осылай бастады: «Біз өзіміз сияқты адасып барған қазақтармен бір жерге түстік. Бізше жатақхана, ол жақта «махар» деп атайды.  Көбі қазақтар. Арасында өзбек, ұйғырлар бар сияқты. Бәрі орысша сөйлейді. Қазақ болғанмен, қазақша білмейді. Ол жерде еуропалықтар да, орыстар да болды, бірақ олар бізден бөлек, басқа жақта тұрды.  Бір бөлмеде төрт әйелден тұрамыз. Әр әйелде ең кемінде екі баладан бар. Балалар төбелеседі, әйелдер ұрсысады. Тыныш өмір жоқ қой...

Бізді осы махарға қалдырып, күйеулерімізді соғысқа үйретуге алып кетті. Оған дейін күйеуім қолына қару ұстамаған.  Ол үйретушілерді «муаскар» деп атайды. Соғысуды солар үйретеді. Арабтар ғой деймін.  Негізінен арабтар, оларды   «әмирлар» дейтін. Бірақ оларды соғыс тәсіліне қалай үйрететінін көрмедік. Күйеуімнің сөзінен ұғып қалатынмын. Оларға айтуға болмайды, тиым салған. Ол жерде тиым көп.  Бізге көшеге шығуға болмайды. Сол жерде күйеулерімізді бір ай, кейбіреулері екі айға дейін күтеміз. Жаңа айттым олардың дайындығын көрген емеспіз. Тек кейіннен видеосын көрдік. Жырақтан жұмақ іздегеніміз бекершілік екен. Бізге айтылған уағыз жайына қалды. Аш, жалаңаш, атылған оқ, жарылған бомба зәреңді ұшырады. Ұйқы, күлкіні ұмыттық. Сөйтіп жүргенде күйеуім қайтыс болды. Күйеу балам да қайтыс болды. Менің күйеуім отыз үш жасында қайтыс болды. Ең соңғы рет маған ол: Аллаһ разы болсын. Мен кетіп бара жатырмын. Келмеуім де мүмкін деді. Ол кездер өте ауыр. Еске түсірудің өзі қиын...

Ер адамдардың бәрін соғысқа жіберетін. Оны «амалия» дейді. «Амалия» -  операция деген сөз.  Яғни соғыс операциясы. Амалияға кеткендерден келмейтіндер көп. Ажалы жоқтар келеді. Жараланғандарды алып келетін. Қайтыс болғандарды әйелдеріне естіртетін адамдар болады. Кейбіреулеріне тек қана видеосын көрсетеді. Ондағылары қайғыға ортақтасу емес, тек қайтыс болғанын дәлелдеу үшін ғана. Күйеуің қайтыс болған соң, аяқсыз, қолсыз сияқты болып қалады екенсің. Қатты қиналдық.

2017 жылы сіңілім екеуіміздің күйеулеріміз қайтқан соң, бір-бірімізді тауып алдық. Екуіміз бір-бірімізге сүйеу болып, елге келудің жолын іздей бастадық. Бірақ ешқандай жол таппадық. Жолы табылады деген үмітпен өмір сүрдік. Әне болып қалар, міне болып қалар деп жүрдік. Өте қиын сәттер болды. Балаларымыз үшін қатты қорықтық. Адасып кетпесе екен... Бомбаға түсіп қалмаса екен... Оқ тиіп кетпесе екен деген сияқты үрейдің өзі ауыр. Әбден қорқып қалғанбыз. Сіңілімнің қызы қайтыс болып кетті, сол кезде. Үшке енді келген қыз еді. Снаряд үйдің ішіне түсті. Балалар ойнап отырған. Снаряд жарылып, үш жастағы қыз қайтыс болды. Үлкен баласы жарақаттанып қалды. Барлық денесі жарақаттанды. «Осколки» дейді ғой. Менің балаларым басқа бөлмеде еді. Құдай сақтап қалды. Өте қиын. Қалай да кету керек деп күнде ізденеміз. Басқа ел, басқа жұрт, тіл білмейміз. Сіңілім маған қарағанда ширақтау. Ол күнде қарайды, елге қайтудың жолын. Соғыс болса жүріп жатыр. Ол жерде қауіпсіздік қызмет деп аталатын адамдар болды. Адамдардың барлығын бақылауға ала бастады. Жер кішірейген сайын, бақылау оңай ғой. Кетіп қалуды ойлап жүр ме, кетіп қалмай ма деген сияқты сұрақтарға ойланып, назар аудара бастады. Өйткені адамдар кете бастаған еді. Қашып кетуге тырысқандар болды. Біз де бірнеше рет қашып шықтық, бірақ бізді қанашама рет жолдан қайтарды. Кетпейсіңдер дейтін. Ол жақта көшеде тек қана ерлер жүреді. Әйелдер шықпайды. Шыға қалған жағдайда неге жүрсің? қайда барасың? не үшін шықтың? күйеуің қайда? деп бәрін сұрайды.  Мысалыға мені көшеде тоқтатқан. Неге жүрсің? Күйеуің қайда? деп сұрайды. Тіл білмегеннен кейін дұрыстап ойыңды жеткізе алмайсың. Ол жақта бір махарға қарайтын бір ер адам болады. Азық-түлік әкеп береді. Біз оған тапсырыс береміз, не қажет екенін. Қауіпсіздік адамдары сол махарға қарайтын ер адамның атын сұрайды. Ол кім дейді. Сен неге бұлай жүрсің? Сен оларға бағынбай жүрсің ғой деп бәле жабады. Неге көшеге шығасың деп қыспаққа алады. Қатты өкінемін. Көп нәрсені білдік. Қазір Аллаға шүкір дейміз. Қаншама уақыт екі-екіден төрт баламен сіңілім екеуіміз шырылдап жүрдік. Ол жақтан шыға алмайтын себептің бірі бізді қорқытатын. Жолдың бәріне мина қойылған. Кімде-кім өз бетімен шығып кетсе, минаға түсіп өледі дейтін. Біз соған сенетінбіз. Бірақ тәуекел деп жергілікті араб әйелдермен қосылып,  шығып кеттік. Сөйтсек ешқандай да мина жоқ екен. Күрдтердің лагері деген болатын. Лагерьге он сағат жаяу жүріп жеттік. Лагерьде  жарты жылдай тұрдық. Сол жерден Қазақстан келіп алып кетті. Қазақстаннан алып кету үшін келгендерді естігенде қатты қуандық. Бұл азаптың, қиындықтың соңы жоқ шығар деп ойлайтынбыз. Аллаға шүкір, қиындықтың да бітетін кезі болады екен. Бірақ бұл қуанышымызға сенімсіз болдық. Күдік, күмән тұрды. Қазақстан сияқты көмекке келген басқа елдер болған жоқ. Біз сияқты азап шеккендерге, адасқандарға, қиналғандарға Қазақстан сияқты қол ұшын бергендерді көрген жоқпыз. Елімізді мақтаныш етеміз. Қатты қателескен екенбіз. Сүрінбейтін тұяқ жоқ дейді ғой. Біз де сүріндік, адастық. Уақыт өтіп жатыр. Оның бәрі артта қалды. Сириядан, Ирактан «Жусан» операциясымен әкелді. Бізді бірнеше топқа бөлді. «Жусан-1» -ден бастап, «Жусан-5»ке дейін болды.  Біз «Жусан-3»-тің ішінде болдық.

Сіңілім екеуіміз тағдырласпыз. Қазір үйдеміз, бірге тұрамыз. 45 шаршы метрлік үйде әке-шешем, мен екі баламмен, сіңілім екі баламен және інім бар. Бәрімізге Алла жар болсын! Біз сияқты, мен сияқты ешкім қателеспесін. Өзінің, балаларының өмірін қауіпке тігіп, қиыншылық кешпесін. Қазір біздің жағдайымызда жұмыс табу қиын болып тұр. Орамалмен барсаң, ешкім жұмысқа алмайды. Сіңілім екеуіміз де жұмысқа тұра алмай жүрміз. Қазір уақытша тазалықшы болып жұмыс істеп жүрмін. Үйін жинаймын, терезесін жуамын деген сияқты. Қиындықтан көз ашпай келеміз. Мұның бәріне өзіміз кінәліміз. Ең бірінші білімді көтеру керек. Білімсіздікпен айтқанға еріп кетуге болмайды екен. Соған көз жеткіздім. Халықтан кешірім сұраймын»-деп әңгімесін аяқтады Мүрия. Өз маңдайына бес елі сорды өзі байлаған Мүрияның бұл қателікке ұрынуына теріс діни ағым себеп болды. Солардың кесірі. Аңдамай басқан қадам қаншама зардап әкелді. Күйеулерінің сүйегі жат жерде қалды. Әкесі жүрек ауруына шалдықты. Сіңілісі қызынан айырылды. Өздері сенімнен кетті. Тізе берсең, зиян мен зардап жетерлік. Ең бастысы сақ болған, сақтанған жөн! Абай болыңыздар!

                                       Еділ  АНЫҚБАЙ