Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

"Түнде ғана ағады": Шымкенттегі Ынтымақ шағын ауданы ауызсуға жарымай отыр

Жауапты мамандар Ынтымақтағы 600 үйдің бұл аумаққа су жүргізу кезінде жобадан қалып қойғанын жасырмайды.

"Түнде ғана ағады": Шымкенттегі Ынтымақ шағын ауданы ауызсуға жарымай отыр
фото: видеодан скриншот

Шымкенттегі Ынтымақ шағын ауданының тұрғындары тіршілік нәріне қол жеткізу үшін түн ұйқысын төрт бөледі. Өйткені, су түнде, оның өзінде шектеулі  уақытпен ғана ағады деп хабарлады Paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап. 

Әдемі Байсейітова жаз шықса болды судан қиналатындарын айтады. Түнде сыздақтап  болсын ағады деп, сағат қоңырауын қойып, түнімен оянып шығады екен. Ынтымақ шағын ауданына көшіп келген алты жылдан бері көрген күніміз осы деп налиды ол.  

"Кәдімгі өзіміз ішуге сатып алып ішеміз. Құдығы бар туыстарымыз бар сол кісілерден жуынып шайынуға алып келеміз. Су жоқ міне. Барлық нәрсеміз осылай күн өтіп жатыр. Звондасақ газонға беріп жатырмын. Трубаны ауыстырып жатырмын... Солай айтады", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Әдемі Байсейітова.

Әдемі ғана емес, осындағы бар жұрттың жағдай осы. Суға олар да қарық бола алмай отыр. Бір түн ақса, екі күн жоқ болады десті. 

"Су бізде кейде үштен төртке дейін ақса, кей күндері ақпайды. Күндіз жұмыста жүреміз. Түнде суды аңдып ұйқылы ояу мәңгүрт адамдай жүреміз не істерімізді білмей. Ал енді осының зардабын әбден шектік. Санузелымыз үйдің ішінде. Судың жоқтығының қорлығын көріп отырмыз әбден", - дейді қала тұрғыны Света Камалқызы.

Тұрғындар бұл  қиындық наурызда басталып,  қарашаға дейін созылады дейді.  Айтуларынша  осыдан он жыл бұрын өз қаражаттарымен су жүйесін жүргізген.  Алғашқыда 15 үйге деп есептелген құбырдан қазір кемі 300 үй су ішіп отыр.  

"Бұл трассаны ауыстырмай болмайды су. Ол давление деген далбаса, 65 тікке қанша давление бер, 15 үй ашса су жетпейді бәрібір. Бізге тартатын трасса керек. Болды", - дейді қала тұрғыны Иман Сұлтанбеков.

Жауапты мамандар Ынтымақтағы 600 үйдің бұл аумаққа су жүргізу кезінде жобадан қалып қойғанын жасырмайды. Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілі судың тек түнде ағуын қысымның аздығынан деді. 

"Ол жерге біз қазір жоба жасап жатырмыз. Ертең осы айда құрылысын бастап, сол жерге мемлекеттің линиясы су құбыры жүргізіп, қараша айында толық сумен қамтамасыз ететін боламыз. Қазір бізде Көмешбұлақтан басы мыңдық трубамен келе жатыр , осы жақа алып кеп қосатын болсақ толық ауыз су осы жақта шешіледі", - дейді Шымкен қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Дәурен Балғанов. 

Мамандар тамыз айында жаңа су жүйесін толық жүргізіп боламыз деп сендірді. Түн ұйқысын төрт бөлген ынтымақтықтар енді бұл уәде тағы да сөз күйінде қалмаса екен деп тілейді.