Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Ақылы жолдарда апат көп болады. Бұған кім кінәлі?.. (ВИДЕО)

Жүйткіген көліктердің жануарларды қағуы жан-жағы қоршалған ақылы жолдарда алғаш рет тіркеліп отырған жоқ...

Ақылы жолдарда апат көп болады. Бұған кім кінәлі?.. (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Ақылы жолдағы апат. Бұл жолы Бурабайдағы демалыстан келе жатқан бүтін бір отбасы жолға атып шыққан бұландардың кесірінен жазым бола жаздады. Одан қалды бір өлімнен қалған жүргізушіге құзырлы орган әкімшілік айыппұл салып, жолға жауаптылар бүлінген қоршаулардың ақысын төлетпек. Көлігі жарамсыз жағдайға түскен келіншек қазір әділдік іздеп, сотқа жүгінген деп хабарлайды Paryz.kz, "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.

Ал күні кеше Қарағанды маңында ақылы жолмен келе жатқан жолаушыларға толы автобус бір үйір жылқыны қағып кетті. Абырой болғанда адамдар дін аман.

Күтіп баптауына қыруар қаржы жұмсалатын трассалар неліктен өмірге қауіпті?

Петропавл-Нұр-Сұлтан трассасында да осындай жағдайлар кездеседі. Жолаушылардың айтуынша, аталған аймақта жабайы аң-құстардың көшіп-қонуын жиі көруге болады екен. Мәселен, жануарлар жүйткіген көлікпен бірге жолда жүгіріп жүреді.

Тас жолдың бойында серуендеп жүрген дәл осы төртаяқтылар алматылық Гүлнәз Сәкенқызын отбасымен жазым қыла жаздаған. Өйткені, елордаға келе жатқанда қараңғыда бұландарға соғылып, апатқа ұшыраған. Абырой болғанда, көлікте болған 7 жолаушы дін аман. Ал темір тұлпары жарамсыз жағдайға түскен келіншекті тәртіп сақшылары жауаптың астына алып жатқан көрінеді.

 

Бұл оқиға Ақкөл маңында тіркелді. Көлікте менің кәмелет жасына толмаған 3 балам және әпкемнің 2 ұлы болды. Қараңғы түсіп қалған уақыт, кенет алдымыздан он шақты бас бұлан секіріп өтті. Мен жылдамдықты тежеп үлгерсем де, бір жануарды қағып кеттім. Соққының қатты болғаны соншалық автокөлік шыр көбелек айналып, жолдың жиегінде тұрып қалды. Осы жерде сұрақ туындайды, біз бұл жолға не үшін ақы төлеп жүрміз? - дейді зардап шегуші Гүлназ Сәкенқызы. 

Әупірімдеп аман қалған келіншек оқыс оқиға тіркелген маңда бұған дейін бірде-бір жол белгісі болмағанын айтады. 2-3 күннен кейін апат болған жерге барған уақытта, тіпті арам қатқан жануарлардың өлекселері де алынбағанын көрген.

 

Апат болған аймақта бірде-бір жол белгісі жоқ еді. Бірақ, үш күннен кейін апат болған жерге барсам жауаптылар жолға жабайы жануарлар шығуы мүмкін деген арнайы белгі орнатып қойыпты. Енді, осыны неге алдын-алуға болмайды? Ол аз дегенде жолға жауаптылар қоршауды сындырып өттің деп маған айыппұл салып жатыр. Әкімшілік іс те қозғалды. Көлігім жарамсыз жағдайға түсті. Енді, осы мәселелерді сотта көтеретін боламын, - дейді ол.

 

Ақылы жолға жауаптылар ол учаскеде барлық жағдай жасалған деп өздеріне шаң жуытар емес. Десе де, жабайы жануарлардың жолға шығып кетіп жүргенін мойындап отыр. Сондықтан мамандар жүргізушілерден түн мезгілінде жылдамдықты шетктен тыс асырмауға кеңес береді.

 

Бүкіл ақылы участок металлдармен қоршалған. Бірақ, бұғылар, жабайы аңдар кез-келген жерден шыға келеді. Себебі, олар 3,5 метрге жерге дейін секіреді екен жоғарыға. Бұл жол көлік оқиғасының жол қозғалысын қадағалайтын уәкілетті органдармен хаттама толтырылды. Қазір, Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді, - дейді "Қазавтожол" ҰК АҚ" ақылы автомобиль жолдары дирекциясы филиалының бас маманы Мұратбек Айтымбетов.

 

Жүйткіген көліктердің жануарларды қағуы жан-жағы қоршалған ақылы жолдарда алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Бұған дейін, сәуір айында "Шымкент-Самара" тас жолында 7 жолаушысы бар темір тұлпар жолға секіріп шыққан жылқыны қағып, 3 адам тіл тартпай кеткен болатын.