Бүгін, яғни 2021 жылғы 9 маусым күні Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде «Дін саласы бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы діни қызметкерлердің ықпалы» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы басталды.
Діни қызметкерлердің біліктілігін арттыруға арналған бұл курс үш күн болады. Ұйымдастырушылар карантин шараларын қатаң сақтай отырып, бағдарлама бойынша ашылу салтанатын Нұр – Мүбарак университетінің мәжіліс залында өткізді.
Жиында ең алғаш сөз алған Нұр – Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор Мухаммад аш-Шаххат ал-Жинди ислам дініне және барлық мұсылмандардың бүгінгі жай-күйіне тоқталды. Шынайы исламның сипатын Құран Кәрімнен, Мұхаммед пайғамбардың хадистерінен мысал келтіре отырып сөз етті. Адамзат баласын мейрім мен бауырмалдыққа тәрбиелейтін асыл дін – исламды ниеті бұзық, пиғылы жаман топтар өздерінің діттеген теріс мүддесіне пайдаланып жатқанын ашына айтты. Қазіргі таңда деструктивті ағымдардың кесірінен исламға, шынайы мұсылмандыққа кір жұғып, дақ түсіп жатқанын түрлі дәлелдермен жеткізді. Елдің тыныштығын, мемлекеттің бүтіндігін сақтайтын дәйектерді келтіре отырып, ынтымақ пен бірлікті, бейбітшілікті сақтаудағы исламның қағидаларын қоғаммен байланыстырды. Мемлекеттік саясат пен діннің дұрыс бағытта жүруі үшін Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының ұйымдастырып отырған осы іс-шарасын қолдайтынын, өзінің ризашылығын жеткізді және бұл мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық екенін атап өтті.
Екінші кезекте осы арнаулы курстың өтуіне мұрындық болып, мемлекеттен қаржы бөліп, діни қызметкерлерге қолдау жасап отырған Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Ахылбекұлы курсқа жиналған діни қызметкерлерге, ректор мырзаға, басқа да лауазымды тұлғаларға алғыс білдірді. – Биылғы жылы – деп сөзін жалғаған Ерғали Ақылбекұлы. – Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы Алматы қаласының имамдарын қолдау мақсатында бірнеше ірі жобаларды қолға алып отыр. Соның бірі бүгінгі үш күн бойы болатын осы курс. Бұл - біліктілікті арттыруға арналған курс. Тақырыбы айтып тұрғандай, «Дін саласы бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы діни қызметкерлердің ықпалы» яғни, имамдардың біліктілігін арттырудың маңызды болып тұрғандығы баса айтуымыз керек. Имамдардың мемлекеттік саясаттан хабардар, ұлттық дәстүрді білетін, діни қағидаларға жүйрік болуы – заман талабы. Өйткені бүгінгі таңда экстремизм мен терроризм қаупі теріс діни топтардың исламның атын жамылуы арқылы жүзеге асып, қарапайым халыққа зардабын тигізіп отырғанын көпшілік біліп, көріп отыр. Демек біз біліктілікті арттыру курсын жүргізу арқылы экстремизм мен терроризмнің алдын ала аламыз. Әр курс он сегіз сағаттан болады. Онда білікті маман-зерттеушілер сабақ жүргізеді. Бұл іс-шара нәтижелі болуға тиіс. Өйткені деструктивті топпен қалай күрес жүргізілетіні мемлекет пен діни қызметкерлер тарапынан бір ізге түсіп, біртұтас қадам жасалады деген сөз. Осы курста алған білімдерін халықты сауаттандыруда, белгілі бір шараларда қолданады. Бұл курста мешіт жамағатының деструктивті діни топтардың ықпалына түсіп кетпеуін қамтамасыз ететін қағидалар айтылады.
Сонымен қатар, ҚМДБ-ның білікті ұстаздарын тартып, онлайн түрде әлеуметтік желілерде халықтың діни сауатын ашуға, теріс ағымның тұзағынан сақтануға байланысты жұмыстар да жүргізіліп жатқанын айта кетуіміз керек. Бұл жылдың соңына дейін жалғасады. Зайырлы мемлекеттің құндылықтарын дәріптеу, дәстүрлі дініміздің мерейін арттыру бағытында бұдан басқа мақалалар жазылып, роликтер жасалып жатыр. Негізгі мақсат көпшіліктің ішінен жат ағымның жетегінде кетуін болдырмау. Ал Нұр-Мүбарак университетінде өткізуміздің себебі, бұл оқу орнында білікті теологтар, тәжірибелі дінтанушылар қызмет етеді. Сол білікті мамандар бүгінгі басталатын курс барысында дәрістер жүргізеді».
Ашылу салтанатында Алматы қаласының Бас имамы да сөз алып, мешіт қызметкерлеріне жасалып отырған мүмкіндікті жіберіп алмауын өтінді. Зейін салып, мұқият тыңдауға және сол өтілген сабақ негізінде нәтижелі жұмыс істеуге шақырды.
Бағдарлама бойынша жалпы қатысушыларға мақсат мүдде түсіндірілгеннен кейін, жүзден аса діни қызметкерлерді бес топқа бөлді. Әр топтың баратын аудиторияларын атап берді. Сонымен қатар қай топта қандай тақырып және ол сабақты кім жүргізетіндігі де аталып өтті. Мысалы үшін Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының директоры Тимур Нүсіпханұлы «Діни экстремизм проблемасының өзектілігі» тақырыбында, Университеттің Академиялық мәселелер департаментінің директоры, фарабитанушы Жалғас Сандыбаев «Имамның тұлғалық келбеті» тақырыбында, университет оқытушысы, PHD докторант Ернар Есімқұлов «Діни конфликтінің себептері мен алдын алу жолдары» тақырыбында, сондай-ақ «Шариғаттағы сұхбат жүргізудің әдіс- тәсіледір», «Қазақы жол және шариғат» тақырыптарында Нұржан Смағұлов, Түсіпхан Иамаммәди сынды білікті ұстаз-зертеушілер сабақ беретіні айтылып, әр қатысушының қолына үш күндік бағдарламаның барысы ұстатылды. Тақырып пен оны жүргізетін ұстаздардың білік-білімін саралай отырып, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының ісіне сәттілік тіледік. Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын деген емес пе?! Игі істен жақсы нәтиже шығарына сеніміз мол, үмітіміз зор.
Еділ АНЫҚБАЙ