Прямая трансляция

Астана

Астана

0°C

Мамай мен Иманбай берген 2 мың беттік жауапта бірде-бір дәлел жоқ – Байбектің заңгері

Белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбай Бауыржан Байбекке қатысты жариялаған видеоматериалдарына қатысты дәлел құжаттарын сотқа ұсынғанын кеше мәлімдеген болатын. Бүгін Әуезов аудандық №2 сотында өтіп жатқан соталды дайындықта Б.Байбектің заңгері Айжан Тәшенова 2 мың беттен тұратын құжаттар пакетінде ешқандай дәлелдің жоғын айтты

Мамай мен Иманбай берген 2 мың беттік жауапта бірде-бір дәлел жоқ – Байбектің заңгері

Оның сөзінше, жауап беруші тарап бұл құжаттарды 10 күн бұрын тапсыруы тиіс болған. Алайда, Мамай мен оның қорғаушылары сот талабын бұзып, аталған жауапты тек сотқа бір күн қалғанда ғана беріп отыр.

«Мен жауап беруші тараптың жауап құжаттарымен танысып шықтым. Алайда, олардың бірде-бірінде дәлел жоқ. Құжат деген қол қойылған, мөр басылған қағаз немесе электронды үлгідегі құжат болуы тиіс. Оның орнына түсініксіз жазбалар, интернет-ресурстарға сілтемелер, БАҚ беттерінен алынған цитаталар ғана бар. Сондай-ақ, мөр басылған қағаз да көп, бірақ олардың ешбірі біздің іске қатысты емес», - деді заңгер Айжан Тәшенова.

Ол 2 мың беттен тұратын жауаптар пакетін толық қарап шыққанын, алайда оның ішінен ешқандай ақылға қонымды дәйек таппағанын да айтты.

«Дәлел ретінде олар «UzunQulaq» Telegram-каналы мен «Басе» ютуб-каналына, жеке адамдардың әлеуметтік желідегі аккаунттарына, тіпті боттарға сілтеме жасаған. Және мұны қарапайым адам емес, білікті заңгерлер мен журналистер әзірлеген», - дейді заңгер.

Ол дәлелдің болмағаны Мамайдың «журналистік зерттеу» деп аталатын видеоның қып-қызыл жала екенін көрсететінін де мәлімдеді.