Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымы қандай?

Сессиялар аралығындағы кезеңде Ассамблеяны басқаруды Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен құрылатын Ассамблея Кеңесі жүзеге асырады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымы қандай?
Дереккөз: newtimes.kz

Қазақстан халқы Ассамблеясы тәуелсіздік жылдары ел бірлігінде орасан зор роль атқарғандығы баршаға мәлім. Көпшілік Ассамблеяны мақсаттарымен таныс болғанымен, оның құрылымы жайлы біле бермейді. Мақаланың бүгінгі санында Ассамблея құрылымымен қалың оқырманды таныстыруды жөн көрдік.

Ассамблеяның құрылымын Ассамблея Сессиясы, Ассамблея Кеңесі, Ассамблеяның, облыстар (республикалық маңызы бар қала, елорда) ассамблеясының аппараты (Хатшылығы) құрайды. Ассамблея Сессиясы — Ассамблея мүшелерінің жиналысы – Ассамблеяның жоғары басқарушы органы болып табылады. Сессия Қазақстан Республикасының Президенті қажеттілігіне қарай, жылына бір реттен кем емес жиілікте шақырылады.

Сессиялар аралығындағы кезеңде Ассамблеяны басқаруды Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен құрылатын Ассамблея Кеңесі жүзеге асырады. Кеңестің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. Кеңес Ассамблея құрамына кіретін этномәдени бірлестіктердің өкілдері, облыстар (республикалық маңызы бар қала, елорда) ассамблеяларының, мемлекеттік органдардың басшылары қатарынан құрылатын алқалы орган болып табылады. Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша Кеңестің құрамына Ассамблеяның басқа да мүшелері енгізілуі мүмкін.

Ассамблея аппараты (Хатшылығы) қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасымен регламенттелетін, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрамына кіретін Ассамблеяның жұмыс органы болып табылады. Аппаратты (Хатшылықты) бір мезгілде Ассамблея Төрағасының орынбасары болып табылатын аппарат (Хатшылық) меңгерушісі басқарады. Ассамблея Төрағасы Ассамблеяны, Ассамблея Кеңесін басқарады және Ассамблея қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады. Ассамблея Төрағасының орынбасарларын Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ассамблеялары өз қызметін жүзеге асыру кезінде Ассамблея алдында есеп береді және жауапты болады.

Ассамблеяның және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, елорданың) ассамблеяларының құрамы Қазақстан Республикасының азаматтары — этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, мемлекеттік органдардың өкілдері және қоғамдағы беделі ескеріле отырып, өзге де адамдар қатарынан қалыптастырылады. Ассамблея мүшелері қызметін осы Заңда айқындалған өкілеттіктер шеңберінде жүзеге асырады.

Ассамблея, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, елорданың) ассамблеялары, Ассамблеяның құрамына кіретін этномәдени қоғамдық бірлестіктер ұйымдастыратын Қазақстандағы этносаралық келісімді қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаржыландырылады.

Ассамблея сессиялары қашан өтті?

2008 жылдың 23-ші қазанында "Ел күші — бірлікте" тақырыбымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XIV сессиясы өтті. Форумда этносаралық және ұлтаралық келісімнің бірегей алаңын одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Атап айтқанда, Президент оны елдің 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына енгізу үшін ұлттық бірлік Доктринасын әзірлеуді ұсынды.

 Сондай-ақ, 2009 жылдың 6 наурызында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев "Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға" атты Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстан халқы Ассамблеясының маңыздылығын тағы бір мәрте атап өтті: "Қазір халық туралы шынымен кім ойлайтыны, ал кім ойламайтыны сөзбен емес, іс жүзінде тексерілуде. Әлем тарихындағы аса қатал дағдарысты еңсеру үшін бірігейік",-деді ол.

Сол сияқты республика аумағында 130-дан астам ұлт өкілдері, 40-тан астам конфессияны біріктіретін, 3 мыңға жуық діни бірлестік бейбіт, қатар өмір сүретін Қазақстан әлемдік діндер съезін өткізу ісін де қолға алды. Осылайша, 2009 жылдың 1-2 шілдесінде елордада Әлемдік және дәстүрлі діндердің үшінші съезі өтті. Дінаралық келісім мәселелерін дамыту үшін Қазақстан бастамашылық еткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі дінаралық келісімді дамыту бойынша тиімді құралға және әлемдік конфессиялар өкілдерінің кездесу алаңына айналды. Съезд "Толеранттылық және өзара құрмет негізінде бейбітшілікті орнатудағы дін басшыларының рөлі" тақырыбындағы пленарлық сессиядан, сондай-ақ "Әлемдік гуманизм және рухани құндылықтар этикасы" және "Дағдарыс жағдайындағы келісім" секциялық отырыстарынан тұрды. Съезге үш әлемдік діннің түрлі бағыттарының делегациялары, сондай-ақ құрметті қонақтар, халықаралық ұйымдар - БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО және ИЫҰ өкілдері қатысты.

Сонымен бірге, 2009 жылдың 25-ні қазанында "Ұлттық бірлік — біздің стратегиялық таңдауымыз" тақырыбымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясы өтті. Онда Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін сапалы жаңа деңгейге шығаруы тиіс үдерістер туралы ойымен бөлісіп, этносаралық және конфессияаралық қатынастардың барлық кешені бойынша мемлекет пен қоғамның іс-қимылының тұтас бағдарламасын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Сессия жұмысына республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің басшылары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни конфессиялардың, ҮЕҰ басшылары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшылары, халықаралық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясында сөйлеген сөзінде этносаралық келісімнің әлеуетін нығайту үшін бірқатар шараларды жүзеге асыруды ұсынды.

Осы ретте сессияда білім беру мен тәрбиелеу жүйесі арқылы қазақстандық қоғамдағы азаматтық бірегейлікті, толеранттылықты дамыту, БАҚ-та этносаралық қатынастар тақырыбын дұрыс жариялау, қазақстандықтардың құқықтық мәдениетін арттыру туралы ұсыныс айтылды. «Қазақстандық қоғамның ерекшелігін ескере отырып, этно-полимәдени білім беруді дамыту бойынша тұжырымдамалық ұсыныстар әзірлеу көзделіп отыр. Мектептер мен университеттерде "толеранттылық негіздері" элективті курсын енгізу туралы ұсыныс өте құнды болып көрінеді»,-деді Елбасы.

Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында қазақстандық қоғамның тұрақтылығының шарты Қазақстанда тұратын барлық этностардың ана тілін, мәдени мұрасын және дәстүрлерін еркін дамыту үшін жағдай жасау болып табылады деп бекітілді.

Қазақстандық қоғамда конфессияаралық келісім ұлттық бірліктің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Елімізде заңнамалық теңдік және діндер диалогының қағидаттары берік әрі мемлекет жалған діни бірлестіктердің қызметіне жол бермеу саясатын ұстанады. Бұл ретте еліміздің барлық діни бірлестіктерінің белсенді ұстанымы талап етіледі. Ұлттық бірліктің беріктігі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен барлық этномәдени бірлестіктер жұмысының тиімділігін арттырумен тікелей байланысты.

Осыған орай, ҚХА Хатшылығының үйлестіруші рөлін күшейту мақсатында, Ассамблея жанынан Ақсақалдар алқасы  құрылды. Сондай-ақ ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық кеңес жұмыс істеп тұр.  «Этносаралық қатынастар мәселелері бойынша қолданбалы зерттеулер жүргізетін ғалымдар үшін грант тағайындау керек. Халық ассамблеясы Жастар конгресімен көбірек жұмыс істеуі керек, мысалы, "Жастар Қазақстан халқының бірлігі үшін"жалпыұлттық форумын бірлесіп өткізу қажет. Үкімет пен облыс әкімдіктері деңгейінде этномәдени бірлестіктерге, оның ішінде әлеуметтік тапсырыс тетігі арқылы мемлекеттік қолдауды кеңейту туралы мәселені тереңірек ойластырған жөн»,-деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Жалпы, Елбасының 2008 жылғы 23 қазандағы Қазақстан халқы Ассамблеясының XIV сессиясында берген тапсырмасын іске асыру мақсатында ұлттық бірлік доктринасының жобасы әзірленді, онда ұлттық саясаттың мақсаттары, міндеттері, қағидаттары, сондай-ақ оны іске асырудың негізгі бағыттары тұжырымдалды. Доктрина қоғамды одан әрі топтастыру үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыруға бағытталған бағдарламаларды, заңнамалық және басқа да нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу үшін негіз болып табылады. Осылайша ел бірлігі доктринасы ерекше, біріктіруші рөл атқаратын, қазақстандық қоғамның топтасуына ықпал ететін тағы бір факторға айнала білді.