Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Қазақстанда былтыр жол көлік оқиғалары 36%-ға азайған

Алдағы уақытта ведомство Жамбыл, Ақтөбе және Атырау облыстары автожолдарының қауіпті учаскелерінде тағы 4 медициналық пунктті құруды жоспарлап отыр.

Қазақстанда былтыр жол көлік оқиғалары 36%-ға азайған
Дереккөз: liter.kz

Төтенше жағдайлар министрлігі ел тұрғындарын төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша ақпараттандыру жұмыстарын да қолға алуда. Сондай-ақ ведомство алдағы жылдары жол-көлік оқиғалары салдарынан орын алған оқыс жағдайлар бойынша, алғашқы көмекті беру жұмысына баса мән бермек. Ведомство алдағы жылдары қандай техника алады? Жол-көлік оқиғаларын азайтуға қатысты қандай шаралар қолға алынуда? Осы және өзге де сауалдардың жауабын аталған мақаладан білетін боламыз.

Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің айтуынша, ведомство халықты ақпараттандыруға және хабардар ету, электр сиреналары мен сиреналық-сөйлеу құрылғыларын іске қосу, телерадио хабарларын тарату, смс-хабарламаларды тарату, сайттарда жедел ақпаратты орналастыру шараларын қамтитын кешенді жұмысты жүзеге асырмақ. Айта кетерлігі, қазіргі таңда ел бойынша 3 мыңға жуық электр дабыл немесе шамамен олардың 40%-ы жұмыс істеп тұрған көрінеді, бұған қоса әлі де қосымша төрт мыңнан астам бірліктің қажеттілігі мәселесі бар екен. Министр келелі мәселе құлақтандыру жүйесін жаңғырту аясында ведомствомен, өңірлердің әкімдіктерімен  бірлесіп шешіліп  жатқанын алға тартты.

Сондай-ақ 2020 жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі бастамасы бойынша жергілікті бюджет есебінен үш жүзден астам сиреналық-сөйлеу қондырғылары, 48 сиреналар мен басқару пульттері сатып алынған. "Елімізде белсенді цифрландыру кезеңінде біз "Darmen" мобильді қосымшасын әзірледік, ол халықты 5 секунд ішінде уақтылы хабардар етуді қамтамасыз етеді. "Darmen" ТЖ қаупі туралы халықты дереу хабардар етуге мүмкіндік береді. Мысалы, қосымша арқылы азаматтардың смартфондарына магнитудасы 4 балл және одан жоғары жер сілкінісі кезінде сейсмодатчиктер іске қосылған кезде хабарламалар автоматты түрде жіберіледі", - деп мәлімдеді министр Юрий Ильин.

Сонымен қатар," Darmen "  жолдардың жабылуы, сабақтың болмауы туралы ақпаратты білуге ғана емес, автобустар, ұшақтар мен пойыздардың кестесі білуге мүмкіндік береді. Бүгінгі күні мобильдік қосымшаны пайдаланушылардың жалпы саны екі жүз мыңнан астам адамды құраған, олардың ішінде тек 2020 жылы 90 мыңнан астам адам тіркелген көрінеді.

Төтенше жағдайлар министрлігі елдегі жол-көлік оқиғаларының азаюына да атсалысуда. Атап айтсақ, министрліктің мәліметінше, жыл сайын Қазақстанның автожолдарында 2,5 мыңға жуық азамат қаза табады екен. Оның негізгі себебі – көлік жүргізу мәдениетінің төмендігі дейді ведомство өкілдері. "Министрлік жүйесіндегі автожолдарда өлім-жітімді азайту үшін 40 трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді. Олардың ерекшелігі жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен тұлғаларға шұғыл көмек көрсетудің кешенді тәсілі болып табылады. Шұғыл әрекет ету бригадаларының құрамына құтқарушылар да, дәрігерлер де бар", - дейді ҚР ТЖМ басшысы.

Қуантарлығы 2020 жылы жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны 36%-ға, зардап шеккендер саны 27%-ға азайған. Министрлік биыл құтқарушылар 382 адамды құтқарғанын мәлімдеді.

ТМҚП қызметкерлері азаматтардың өз өтініші бойынша медициналық көмек көрсетеді. Алдағы уақытта ведомство Жамбыл, Ақтөбе және Атырау облыстары автожолдарының қауіпті учаскелерінде тағы 4 медициналық пунктті құруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ автожолдарда апатты азайтудың қосымша тетігі ретінде авариялар мен апаттар кезінде шұғыл шақыру ақпараттық жүйесі енгізілмек. Бұл жол-көлік оқиғаларына жедел жедел қызметтерді (112,101,102,103) шақыру жүйесі болып табылады.

Сол сияқты төтенше жағдайлар министрлігі елдегі сейсмикалық жағдайды жақсартуға қатысты бірқатар бастамаларды қолға алуда. Статистикаға сүйенсек, өткен жылы 2 балдан асқан 18 жер сілкінісі тіркелген. Қазіргі күні 6 тұрғын-үй, 28 мектеп және мектепке дейінгі мекемелерде, 35 денсаулық сақтау мекемелерінде сейсмикалық күшейту бойынша жұмыстар жүргізіліп, 12 мыңнан астам ғимарат тексеріліп, 10 мыңнан астам нысан паспорттандырылған. Ведомство басшысы мүдделі органдармен бірлесе 2023 жылға дейінгі жол картасын әзірлеу басталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша жоба аясында ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету, ғимараттардың сейсмикалық орнықтылығын арттыру, халықты ақпараттандыру жүйесін дамыту және жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдарға оқыту, жер сілкінісінің туындауы туралы ерте ескерту жүйесін енгізу жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыру көзделген.

Сондай-ақ, жыл сайын ТЖМ елеулі күштері табиғи өрттерді сөндіруге жұмылдырылады.

"Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында тұрғын үй секторына көшумен ірі табиғи өрт болды. Өрттің жалпы ауданы 287,4 гектарды құрады. 30-дан астам тұрғын-үй, 200-ден астам шаруашылық құрылыстар, 6 автомобиль зардап шекті. Бір адам қаза тауып, екеуі жарақат алды. Әкімдік зардап шеккендердің материалдық залалын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіп, бүгінде үйінен айырылған тұрғындарға баспана салу мәселесі қолға алынуда", - дейді министр.

Өртті сөндіру ТЖ вице-министрінің басшылығымен жүзеге асырылды. Сондай-ақ өрттің ықтимал себептерін зерттеу жүргізілген. Риддер орман шаруашылығы аумағынан барбекюдің металл конструкциялары, алкогольдің шыны бөтелкелері, сондай-ақ жиналған отын табылғаны анықталғае. Осыған орай, өрттің алдын ала себебі халықтың отпен абайсыз қарым-қатынасы, атап айтқанда, шөптің жануы, от жағудың ашық көзі - жанып жатқан көмір, сіріңке және өрттің одан әрі ағаштарға көшуінен болғаны анықталды. Осылайша, аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, өртті сөндіруге жеке құрамның бес жүзге жуық адамы, 77 бірлік техника және екі тікұшақ жұмылдырылған.

"Еріктілер мен немқұрайлы емес азаматтарға өрт салдарын жоюға тікелей қатысқаны және зардап шеккендерге ғана емес, біздің құтқарушыларымызға да көмек көрсеткені үшін ерекше алғысымды білдіргім келеді. Олар тәулік бойы ыстық тамақ пен ауыз сумен қамтамасыз етілді. Мен осы өртті сөндіруге қатысқаны үшін 14 еріктіні марапаттау туралы бұйрыққа қол қойдым", — дейді Юрий Ильин.

Еске салсақ, өткен жылы табиғи өрттердің салдарынан Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарындағы 2 ауылдың тұрғындарын шұғыл эвакуациялау жүргізіліп, 3 тұрғын-үй, 20-дан астам уақытша құрылыс өртенген, сонымен бірге 65 саяжай, бау-бақша зардап шеккен еді. "Егер жалпы айтатын болсақ, жыл сайын еліміз бойынша төрт мыңға жуық табиғи өрт болады. Заңнамаға сәйкес дала жануын сөндіру әкімдіктерге жүктелген, орманды жою жергілікті билік пен табиғатты қорғау мекемелерінің өзара жауапкершілігінде", - деп атап өтті Юрий Ильин.