Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Биыл ТЖ қызметкерлері қар құрсауынан қанша адамды құтқарды?

Биыл уақтылы қабылданған шаралардың арқасында төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары 4,5 мыңнан астам адамды, оның ішінде 414 баланы эвакуациялаған.

Биыл ТЖ қызметкерлері қар құрсауынан қанша адамды құтқарды?
Дереккөз: ult.kz

Қазақстанда қысы қатты, қар қалың жауатын аймақтарды жыл сайын құтқару операциялары жүргізіліп жатады. Төтенше жағдайлар министрлігінің жіті бақылауында болатын мәселе, биыл да назардан тыс қалмады. Ведомство басшысы Юрий Ильиннің айтуынша, қысқы кезеңде ауа райының нашарлауына байланысты құтқарушыларға күндіз-түні еліміздің автожолдарында қызмет атқарудың күшейтілген нұсқасын алып жүруге тура келеді. Министрдің сөзінше, жыл сайын автожолдарда қысқы кезеңде адамдардың қаза болуына жол бермеу мақсатында бірқатар іс-шаралар кешені қабылданады. Олардың қатарында халықты ауа райының нашарлауы туралы ерте хабардар ету, блок-бекеттерді қою, сондай-ақ жолдарды тазарту бойынша жол қызметтерімен нақты өзара іс-қимыл жасау және т.б. шаралар бар. Биыл уақтылы қабылданған шаралардың арқасында төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары 4,5 мыңнан астам адамды, оның ішінде 414 баланы эвакуациялаған. Айта кетерлігі бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 63% -ға аз көрсеткіш болып табылады. Сонымен бірге, қар құрсауынан 1 646 бірлік техника, оның ішінде 1067 жеңіл көлік, 536 жүк көлігі және 41 автобус шығарылған.

         Алайда ведомство өкілдерінің сөзіне сенсек, көп жағдайда ел тұрғындары төтенше жағдай қызметінің хабарламаларына құлақ аспайтын көрінеді. Салдарынан оқыс оқиғаларға тап болып, қыста қар құрсауында қалады екен. Мысалы биылғы жылдың желтоқсан айында республикалық маңызы бар "Үшарал-Достық" автожолының қозғалысын жабу туралы смс-хабарламаларды елемеген екі жүргізуші "Камаз" автолкөлігімен қар құрсауында қалған. Нәтижесінде ауа-райының қолайсыздығына байланысты оларды эвакуациялау 28 сағаттан астам уақытқа созылған.

         Сол сияқты төтенше жағдайлар министрлігі елдегі көшкі қаупі бар аймақтарды да өз бақылауында ұстайды. Бұл бағытта республикада "Қазселденқорғау" мекемесі айналысады. Бүгінгі таңда аталған мекеме көшкін және селдің алдын алу қызметімен шұғылданатын жалғыз мекеме болып табылады.

Еске саларлығы "Қазселденқорғаудың" Алматы, Шымкент, Талдықорған, Есік, Өскемен, Тараз қалаларында 6 филиалы бар. Қауіпті учаскелерді бағалау, мониторингтеу және бақылау  жұмысымен жыл бойы 62 бекет, шамамен 30 диспетчерлік бекет және 30 қар өлшеу маршруттары айналысады. "Қазселденқорғау" тұрақты бақылауында селден қорғайтын 37, желілік – 38, көшкіннен қорғайтын – 1 903 қондырғы бар.

Жалпы республика аумағында еліміздің таулы аймақтарында алты жүзден астам көшкін қаупі бар учаскелер (ШҚО – 336, Алматы қ. – 165, Алматы обл. – 96, Түркістан обл. – 10, Жамбыл обл. – 1) бар. Осылайша биылғы жылдың мамыр айының 20-сына дейінгі мәлімет бойынша, елде өздігінен қар көшкен 87 оқиға тіркелді (Алматы қаласында – 76, Алматы облысында – 10, ШҚО – 1).

"Көшкін қаупі бар кезеңдегі жағдайды бағалау және мониторинг жүргізу үшін бақылау және хабарлау қызметі ұйымдастырылады (жыл бойы 59 бекет, 29 диспетчерлік пункт және 30 қар өлшеу маршруттары), учаскелерде ақпараттық және ескерту қалқандары қойылады, жердегі тексерулер жүргізіледі", - дейді ведомтва басшысы.

Сонымен қатар, Юрий Ильин 2020 жылы еліміз бойынша 8 сел шығарындылары мен 18 көшкін құбылысы тіркелгенін хабарлады. Жыл сайын "Қазселденқорғау" мекемесінің құтқарушыларымен учаскелерді аэровизуалды тексеру жүргізіліп, 17 аса қауіпті мореналық көлдерде алдын алу іс-шаралары қабылданған. Селмен күресу үшін қазақстандық құтқарушылар Қорғас, Ақсай және Аюсай өзендерінде сел ұстайтын бөгеттер салу бойынша жобаларды іске асыруда. "Іле Алатауы алматылықтар мен көптеген туристердің сүйікті орны екені сөзсіз, сондықтан қазір бұл жерлерге бару қауіпсіз емес. Осыған байланысты азаматтардан бөгеттің құрылысы аяқталғанға дейін Үлкен Алматы көліне баруды шектеуді сұраймын", — дейді Юрий Ильин.

Елімізде соңғы рет сел жүру оқиғасы күні кеше ғана Шарын шатқалында орын алған еді. 29 мамырда болған төтенше жағдайдан 2 адам көз жұмып, 6 адам зардап шеккен болатын. Қайтыс болған адамдардың бірі – Алматы мектептерінің бірінің 5-сынып оқушысы болса, екіншісі сол мектептің бейінді пән мұғалімі еді. Қуантарлығы бастапқыда жоғалып кетті деп саналған қыз бала кейін құтқарушылардың көмегімен аман қалып, ол ата-анасына табысталған болатын. Айта кетерлігі, аталған жайтқа байланысты екі қылмыстық іс қозғалған болатын.

Бүгінде елдің таулы аудандарында екі мыңға жуық қар ұстайтын қалқандар бар. Сонымен бірге, төтенше жағдайлар министрлігімен жыл сайын қар көшкінінің алдын алу жұмыстары да жүргізіледі. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында автожолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл 18 профилактикалық қар көшкіні жүргізілді. Себебі, қысқы жауын-шашынды ескере отырып, су тасқыны жағдайының асқыну қаупі жоғары болды. Қуантарлығы, республика бойынша жыл сайын көктемде су басқан елді мекендер көрсеткіші төмендеп келеді. Мысалы, 2018 жылы ел бойынша су тасқынынан 1 453 үй, 2020 жылы – 60 тұрғын-үй, ал биылғы жылы бес елдімекенде 49 үй зардап шекті (Нұр-Сұлтан қаласы – 1, Ақмола облысы – 5, ШҚО – 4, Қостанай облысы – 39).

Сонымен бірге биылғы көктемде автомобиль жолдары арқылы 72 су тасқыны тіркелді (Ақмола облысында – 33, Ақтөбе облысында – 1, Атырау облысында – 1, ШҚО-2, БҚО-2, Қарағанды облысында - 8, Қостанай облысында – 9, Павлодар облысында – 1, СҚО – 15), автожол учаскелерінің 4 шайылуы (СҚО – 2, Ақмола облысы – 1, Павлодар облысы - 1) тіркелді. Су тасқыны қаупінің алдын алу бойынша қабылданған шаралардың арқасында — қорғаныс бөгеттерін салу, жағалауды нығайту, елдімекендерді инженерлік қорғау, өзендердегі мұзды бұзу шараларының нәтижесінде, биыл елде ауқымды су тасқыны оқиғасы болмады.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, су тасқыны салдарын жою жұмыстарында министрліктің әскери бөлімдері ерекше рөл атқарады. Олардың негізгі міндеті ТЖ алдын алуға және жоюға, зардап шеккен халықтың тіршілігін қамтамасыз етуді ұйымдастыруға қатысу болып табылады. Министр өткен жылдар ішінде әскери бөлімдер өздерінің әлеуметтік қажеттілігін, маңыздылығы мен тиімділігін көрсеткенін атап өтті. "Соңғы бес жылда әскери бөлімдер барлық ірі және резонанстық төтенше жағдайларды жоюға қатысты. Олар сондай-ақ коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу іс-шараларына белсенді қатысып, өңірлерде дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді. Тек ағымдағы жылдың басынан бастап әскери бөлімдер олардың жауапкершілік аймақтарында 27 жедел шығу жұмысын жүзеге асырып, оларға бір мыңнан астам әскери қызметші және 117 бірлік техника жұмылдырылды", - деп толықтырды ол.

Сонымен бірге, әскери қызметкерлер Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Түркістан және басқа да облыстарының аумағындағы көктемгі су тасқыны уақытында азаматтар мен материалдық құндылықтарды құтқаруға қатысқан. Бүгінгі таңда көктемгі су басу қаупі бар 905 елдімекеннің 315-інде қауіп жойылып, тағы 314-ке қауіп азайтылған. Оларда жалпы саны 70 мыңнан астам тұрғын-үй мен 350 мыңнан астам азамат қоныстанғаны белгілі болды.

Сондай-ақ, елдімекендерді су тасқынынан қорғау, су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы 2023 жылға дейін жалғасын таппақ. Оның аясында жалпы сомасы 160,2 млрд теңгені құрайтын екі жүзден астам іс-шараны жүзеге асыру көзделіп отыр.

Сол сияқты өзен арналарын қайта жаңарту және тазалау, каналдарды, бөгеттерді, гидротехникалық құрылыстарды салу және жөндеу, нөсерлік кәрізді дамыту, авто және темір жолдарды, көпірлерді жөндеу жоспарланып, қосымша екі құлақтандыру жүйесі сатып алынады деп күтіліп отыр.