Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

2020 жылы Қазақстанда ТЖ саны 7%-ға азайды

Сонымен бірге мемлекет бойынша ТЖ-дан өлім-жітім көрсеткіші 24% - ға төмендеп (КВИ-ді қоспағанда), оқыс оқиғалардан бір мыңнан астам адам зардап шеккен.

2020 жылы Қазақстанда ТЖ саны 7%-ға азайды
Дереккөз: newtimes.kz

Қазақстанда 2020 жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында елде төтенше жағдайлар министрлігін құру қажеттігі туралы тапсырмасынан соң құрылды. Осылайша министрлікке төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, өнеркәсіптік қауіпсіздік және Мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру саласындағы қызметтер берілді, сондай-ақ министрліктің қарамағына азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері де кірді. Мақаланың бүгінгі санында аталған ведомство былтырғы жылы қандай нәтижелерге қол жеткізгендігі туралы айтатын боламыз.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдай министрі Юрий Ильиннің айтуынша, былтыр елде төтенше жағдайлар саласында біршама бастамалар қолға алынып, жоғары жетістіктерге қол жеткізілген екен. Мәселен, 2020 жылы республикадағы төтенше жағдайлар саны 7%-ға азайып, олардан шамамен 14 мың адам құтқарылған көрінеді. Сондай-ақ, ТЖ бөлімшелерімен 71 мыңнан астам құтқару операциялары жүзеге асырылып, ТЖ аймағынан 19 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Ал 4 мың зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілген екен.

Сонымен бірге мемлекет бойынша ТЖ-дан өлім-жітім көрсеткіші 24% - ға төмендеп (КВИ-ді қоспағанда), оқыс оқиғалардан бір мыңнан астам адам зардап шеккен. Олардан келтірілген материалдық шығын 5 млрд теңгені құраған.

2020 жылы ел аумағында болған ең ірі төтенше жағдай – Өзбекстандағы су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан, Түркістан облысы Мақтаарал ауданының 5 елдімекенін су басқан оқиға болды. Салдарынан 2020 жылы аталған ауданда 6 мыңнан астам адам ТЖ залалын көрген еді. Десе де ел Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің аталған бағыттағы жұмыстарды жылдам қолға алып, төтенше жағдайдың салдарын жоюға қатысты бірқатар бастамаларының нәтижесінде өңір тұрғындарына дер кезінде көмек көрсетіліп, ауданда төтенше жағдай салдары толығымен жойылды.

Осылайша аудан тұрғындарына уақтылы материалдық көмек көрсетіліп қана қоймай,  жаңа мектептер, ауруханалар мен үйлер бой көтерді. Сондай-ақ, жаңа инженерлік инфрақұрылым мен жолдар салынды. Бұл ретте, Түркістан облысындағы төтенше жағдайды жоюға Үкімет резервінен 16 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Егер 2020 жылға дейінгі кезеңді қарастырғанда, жалпы соңғы 5 жыл ішінде елде ТЖ жоюға 44 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалғаны белгілі болды. Сондай-ақ, мемлекеттік материалдық резервтен 365 бірлік техника броньнан шығарылды.

Биылғы жылғы төтенше жағдайларға қатысты көрсеткіштерге келер болсақ, 2021 жылдың І тоқсанында 3 мыңға жуық төтенше жағдайлар мен оқиғалар тіркеліп, олардан 354 адам зардап шеккен (КВИ жағдайлары есепке алынбады).  Сонымен бірге олардан 171 адам қаза тапқан (КВИ жағдайларын есептемегендегі көрсеткіш). Ал, ТЖ-дан келген материалдық шығын шамамен 600 млн теңгені құраған.

"Жылу беру кезеңі басталар алдында және былтырғы жылдың қараша-желтоқсан айларында біз тұрғын үй секторында өрт пен төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын жүргіземіз.  Олардың қатарына аулаларды аралау, нұсқамалар жүргізу және жадынамалар тапсыру жұмыстары жатады. Ағымдағы жылыту кезеңінде осындай жұмыстармен 2,4 миллионға жуық тұрғын-үй немесе олардың жалпы санының 90%-ы қамтылды. Негізгі назар халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйіне аударылды", - дейді Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Айта кетерлігі, республикада 2019 жылдан бастап азаматтардың осы санатымен жұмысқа әлеуметтік қорғау, білім беру және полиция органдары тұрақты түрде тартылады.

Қазіргі таңда мұндай есепте барлығы 118 мың отбасы тұр, оларға толығымен жылына кем дегенде екі рет осынлай түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Айта кету керек, әлеуметтік осал азаматтардың 8 мыңнан астам үйінде заң бұзушылықтар анықталған. Ведомство басшысының айтуынша, бұл туралы әкімдіктер де хабардар көрінеді. Аталған түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде, биылғы жылы халықтың әлеуметтік осал топтарының арасында өрт санын 18 есеге (354-тен 19-ға дейін), қаза тапқандарды 38-ден 1 адамға  дейін азайтуға мүмкіндігіне қол жеткізілген.

Бұдан бөлек, министрдің сөзінше 2020-2021 жылдары жылу беру маусымы кезеңінде 19 өрт тіркеліп, олардан 1 адам қаза тапқан. Сол сияқты өрттің алдын алу жұмыстарының арқасында, улы газдан адам өлімі 28% - ға төмендеген.

Десе де, биыл  қыста өрт саны 9%-ға және ал одан қаза болғандардың саны 24% - ға артқан. Министрлік ұсынған мәліметке сәйкес, былтырғы жылы және биыл қыста орын алған тілсіз жау ошақтарының негізгі үлесі – тұрғын-үй секторына тиесілі екенін аңғаруға болады. Дәлірек айтсақ, 45% (2 461 өрт) шаруашылық құрылыстарға, жеке тұрғын-үйлерге – 43,6%, көп қабатты үйлерге – 11% тиесілі болып табылады. Бұл ретте өрт ошақтары адамдар тікелей болатын жерлерде (ас үй мен тұрғын бөлмелерде) орын алғанын, бұл адами фактордың, оның ішінде отты абайсыз пайдалануды айғақтайтынын көрсетеді. Өрт қауіпсіздігінің бұзылу себептері бойынша пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт 26%, электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде 27% орын алған. Бұл ретте қаза тапқан 276 адамның 97-сі мас күйінде болса, 59 адам төсекте темекі шеккені белгілі болды. "Әрине, біздің жұмыс тек алдын-алумен шектелмейді. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін әкімдіктердің қолдауымен 25 мыңнан астам үйде өрт датчиктері орнатылды. Осылайша, бірлескен күштің арқасында биыл 15 адамның, оның ішінде 8 кәмелетке толмаған баланың өлімінің алдын алуға мүмкіндік туды", - деп атап өтті ҚР ТЖМ басшысы Юрий Ильин.