Әлия Назарбаева кітап жазып жатыр

Кітап 2021 жылдың қыркүйегінде шығады деп жоспарланған.

Әлия Назарбаева кітап жазып жатыр
фото: ашық дереккөз

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаева кітап жазып жатыр деп хабарлайды Paryz.kz

Автордың өміріндегі оқиғалар мен балалық шақтағы естеліктер топтастырылған кітап биыл күзде жарыққа шығады екен. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Назарбаеваның хабарлауынша, кейінгі кезде желідегі оқырмандары одан кітап жазу туралы ойы бар ма деп сұрай бастаған көрінеді. Ол пандемия кезінде алғашқы кітабының бірнеше тарауын жазып қойғанын айтты.

"Менің осы әрекетім желідегі оқырмандарымның ойымен үйлескен секілді. Мен мұндай сәйкестікке сенемін, оны кездейсоқ емес деп санаймын. Кітап "Место силы" деп аталады. Көп жыл бойы өзім іздеп тапқан, өміріме енген рухани білімімді оқырмандарыммен бөлісемін. Өмірде болған оқиғалармен, балалық шақтағы жылы естеліктермен бөлісіп, көп дүниені түсінікті тілде жеткіземін", - деп жазды Назарбаева.

Ол жазда әлеуметтік желіде #Местосилы хэштегі арқылы кей үзіндіні оқуға болатынын жеткізді. Ал кітапқа бұған дейін жарияланбаған фотолар енгізіледі.

Кітап 2021 жылдың қыркүйегінде шығады деп жоспарланған.

Айта кетейік, Елбасының кенже қызы былтыр ерлік жасаған азаматтарды марапаттауға арналған ADAM BOL Аwards жобасын қолға алған болатын. Жобаның 12 жеңімпазына 1 миллион теңгеден берді. Бұл жоба биыл да жалғасады.

Сонымен қатар Назарбаева елдегі экология саласына да қатысты бастамалар көтерді. Еліміздегі көгалдандыру туралы бастамаларды біріктіру мақсатында "Қазақстан үшін егілген ағаштар" жобасын ресми түрде іске қосылғанын хабарлаған болатын.