Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Қонаев туралы фильмге ақша жетпей жатыр - режиссер

Белгілі болғандай, бүгінде фильмнің жартысы түсіріліп қойылған...

Қонаев туралы фильмге ақша жетпей жатыр - режиссер
фото: дереккөз

Отандық журналист әрі режиссер Ербол Жұмағұл Дінмұхамед Қонаев туралы деректі фильмнің түсірілімін аяқтауға ел азаматтарынан қаржылай көмек сұрап отыр, деп хабарлады paryz.kz.

Оның жазуынша, "Қонаев ғасыры" деп аталатын жобаға жеке адамдардың қаражаты жұмсалып жатыр.

"Өткен жылдың қыркүйек айынан "Қонаев ғасыры" атты толықметражды деректі фильмнің түсірілімімен айналысудамын. Жоба жекменшік қаражат есебінен түсіріліп жатыр. Жобаны досымның қолдауымен бастадым. Бастапқыда екі демеуші болды, алайда екінші демеуші аяқ асты шешімін өзгертіп, жобадан кетті, енді жоба аяқталмай, түсірілім белгісіз мерзімге созылатын түрі бар", - дейді ол.

Белгілі болғандай, бүгінде фильмнің жартысы түсіріліп қойылған.

"Қазірге дейін 80 түсірілім күнінің 45-і артта қалды, қаңтардан мамырға дейін фильм өз қалтамнан шыққан ақшаға түсірілді. Қазір ондай мүмкіндігім жоқ. Барлығына түсінікті болу үшін айта кетейін, осыған дейін мен сценарий, режиссура үшін өзіме әлі тиын да бөлген жоқпын. Оның үстіне, командаға қаңтар айынан бастап қарызбын", - дейді режиссер.

Сондай-ақ ол алдағы жоспарларын да жасырмаған. Жаз-күз айларында Мәскеуге, Украинаға, Калининградқа, Өзбекстанға барып, бірнеше адаммен сұхбат жазу жұмыстары жоспарланып қойғанын жеткізді.

Осы күнге дейін фильмге 17,5 млн теңге жұмсалған, енді оны аяқтауға 20-22 млн теңге жетпей тұрған көрінеді. Ербол Жұмағұлдың қаражат іздеп жүргеніне екі ай уақыт болған. Одан нәтиже болмаған соң, деректі фильмді аяқтау үшін "асар" ұйымдастыру туралы ойға келген.

Режиссер жиналған ақшаның есебін беруге уәде беріп отыр.