Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Орал - жастар көзімен"

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков шаһардағы жастармен бейресми түрде кездесті.

"Орал - жастар көзімен"
Фото: Жұбан Мұрат

"Орал - жастар көзімен" деп аталған бұл кездесу табиғат аясында өтті. Оған жоғары сынып оқушылары, студенттер, ерікті, белсенді, депутат жастар қатысты.

Кездесуде қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланып, еркін форматта сұхбат болды. Алдымен "Назар аудар" театрының әртісі Самат Қабдиев сөз бастады. Ол ел көлемінде Ақ Жайық өңірінің атын асқақтатып жүрген дарынды замандастарының аз еместігін тілге тиек етіп, Оралда талантты жастардың басын қосатын заманауи "Жастар сарайы" керектігін айтты. Сонымен қатар көңілді тапқырлар алаңы мен "Жайдарман" ойындарын дамытып, Жайықтың жайдарманшылар мектебін қалыптастыруды ұсынды. Бұдан әрі пікірсайыс ойындарының қатысушысы, белсенді жастардың бірі Ақерке Шайхы қала жастары арасындағы жұмыссыздық мәселесін қозғаса, жас айтыскер ақын Әділ Ахметов өнер саласындағы кейбір түйткілді мәселелерді тілге тиек етті. Кездесу барысында КазИИТУ ғылыми білім кешенінің  тәрбие ісі жөніндегі проректоры  Закир Хамзин бүгінде көрермен көзайымына айналып үлгерген, жергілікті "Aqjaiyq" телеарнасының эфирінен шығып жүрген "Білімділер додасын" республикалық деңгейде өткізу туралы ұсынысын жеткізді. Басқосудың ең жас қонағы әрі бүгінде түрлі тәттілер жасап, көпшілікті таңғалдырып жүрген оралдық 13 жасар Бейбарыс Сұлтан кәсіпке қалай бет бұрғанын айтып, өзіне қолдау білдіріп жүрген жанашыр жандарға алғысын жеткізді. Бұдан кейін кездесу кешіне деп арнайы пісіріп алып келген тәттілерін ұсынды.

Шара соңында Абат Абайұлы жастардың әр бастамасына қолдау білдіретінін айтып, білім мен еңбекті ұштастырып жүрген  қала жастарынан зор үміт күтетінін жеткізді.

 

Жұбан МҰРАТ,

Орал қаласы