Лот талаптарына сәйкес, спорт алаңдары басқарушысы енді олардан 3 жыл бойы табыс өндіре алады.
Оралда 10 спорт алаңы сенімгерлік басқаруға өтетін болады. Бұл туралы мәлімет мемлекеттік реестр сайтында жарияланды. Осылайша қаланың әр аумағында орналасқан спорт алаңдары енді коммерциялық бағытта да пайдаланылатын болады, деп жазады Paryz.kz.
Лот талаптарына сәйкес, спорт алаңдары басқарушысы енді олардан 3 жыл бойы табыс өндіре алады. Сондай-ақ ол алаңды тәулігіне 7 сағаттан артық қолдана алмайтын болады. Тәуліктің басқа уақытында қала тұрғындары алаңдарды тегін қолданады. Сонымен бірге табыстың 50%-ы облыстық бюджетке түсуі қажет. Ал спорт алаңдарының тазалығы мен жабдықталуына оның иесі жауап бермек. Жалпы сенімгерлік басқаруға қатысу үшін кәсіпкерлер бюджетке 2,2 млн теңге қаражат төлеуі тиіс.
Қазіргі таңда сенімгерлік басқаруға берілетін 10 алаңы көп функционалды екені белгілі болып отыр. Осылайша оларды қыста мұз айдыны ретінде, ал жазда футбол ойнауға пайдалануға болады.
Орал қаласы әкімдігі спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Артур Шерғалиевтің айтуынша, 2020 жылдың күз айында әкімдік аула алаңдарын саудаламақ болған екен. Алайда сенімгерлік басқаруға тек 1 кәсіпкер ғана қызығушылық білдірген көрінеді.
«Біз спорт алаңдарын тексеріп отыратын арнайы топ құрған болатынбыз. Десе де қаладағы барлық спорт алаңдарын бақылау қиынға соғады. Ал алаңдарды кәсіпкерлер қарамағына берсек, ол өңір бюджетіне де, жергілікті кәсіпкерлерге де тиімді болатын еді»,-дейді әкімдік өкілі.