Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Аңдамай басқан адасады

Деструктивті діни топтардың негізгі шабуылдарының бірі ұлттық құндылық, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдар. Дінге теріс түсінік беру арқылы құрбандығын ұлттық болмыстан ажыратып, өздері құрастырған өтірікке иландыру. Қарапайым тілмен айтқанда, өздеріне ыңғайлы қалыпқа  салу. Ыңғайлы адам қалай жетелесең, солай жүреді. Серікжанның (есімі өзгертілген – ред.) шалыс басқан қадамы бізге осындай тұжырым жасатты.      

Аңдамай басқан адасады

Серікжанның теріс діни ағымға кездеспей, миы уланбай, түсінігі өзгермей тұрғандағы болмысы мүлде басқа болыпты. Көпшіл, көңілді, ұйымдастырғыш қабілеті зор, өзгелерді өз дегеніне тез иліктіретіндей ашық-жарқын, әңгімесін әзілмен әрлейтін тапқырлығы да бар екен. 
     Ерлі-зайыпты Тамира (есімі өзгертілді – ред.) екеуі  бала сүйіп, ел қатарлы өмір сүріп жүреді. Бірақ отбасылық бақытты ғұмыр ұзаққа бармапты. Серікжан бастапқы мінезінен өзгере береді, өзгере береді. Жарының шынайы болмысын іздеген Тамира кілтипанның құпиясын ашуды ойланып, санасы сан-саққа жүгіріп жүргенде, күйеуі із-түссіз жоғалып кеткен. Әне кеп қалар, міне кеп қалар деп уақыт өте береді. Арада бірнеше ай зырғып кетсе керек. 
     - Бір күні  Серікжанның бауырларымыз деп екі сақалды адам жолымды кес-кестеді. Мен оларға Серікжанның  сендер сияқты бауырларын білмейді екенмін деп сөйлесуден бас тарттым. Сөйтсем, діни ағымда «братство» деген бар екен. Ұққаным бұлар да сол сектаның адамы екен. Бұл ойға кейін келдім ғой. Бастапқыда сөйлесуден бас тарттым деп айттым ғой. Бірақ жоқ боп кеткен күйеуіңнің атынан сөйлеп тұрған соң, илігесің ғой. Аяқасты жоқ боп кеткен күйеуіңнің бұл ісін неге жорыңды білмей, іштен тынып жүргенде сүйген жарыңның атынан сәлем жолдап келгендер қалай болғанда да үмітіңді оятады екен. Кім сүйіп қосылған жарынан тірідей айрылғысы келеді дейсіз?! – деген Тамираның көңілі босап бара жатты. Көзі боталап, тамағына ащы өксік тығылғандай күй кешті. Стакандағы суды ұсындым. Тамира су ішіп, бойын  жинағандай болғанда, күйеуімен алғашқы кездескен кездерін сұрадым.      
«Күйеуіммен  кафеде таныстым – деді, Тамира.  - Ол кезде мен 22-де болатынмын, күйеуім 23 жаста еді. Төрт жылға жуық кездесіп жүрдік. Біз бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Ол кез-келген отырысты жандандырып жіберетін өте көңілді жігіт болатын. Қыдырғанды, басқосуларды жақсы көретін. Үйленгеннен кейінгі үш жылдан аса өте тату өмір сүрдік. Екі балалы болдық. Екеуі де ұл болды. Серікжан керемет қуанып жүретін. Тапқанын балаларына, маған жұмсайтын. Ал мен екінші баламды босанған кейін намаз үйреніп, оқи бастағанмын. Аталарым намаз оқыған.  Ал Серікжан анда-санда жұмаға баратыны болмаса, намаз оқымайтын. Бір күні ойламаған жерден намаз оқимын деді. Мен қуанбасам, ренжіген жоқпын. Ол қалай намазды бастады, солай өзгеріп шыға келді. Мен ішімнен «намаз оқыған адам жақсыға қарай өзгеруші еді, Серікжанның жағымсыз болып бара жатқаны несі...» деп ойладым. Ақырындап аталарымыздың намаз оқығаны туралы айта бастасам, «олар адасқан, білімсіз болған» деп тиып тастайды. Сыпырғыны жатқызып қойсам, неге оны жатқызып қоясың, сыпырғы жатса, бірдеңе өзгере ме деп ашуланады. Оңтүстіктің қызы болған соң, жақын туыс қайныағаларыма сәлем салатынмын. Басында бұл ісіме Серікжан қуанатын. Ал намаз бастағаннан кейін, қайныағаларым келіп, әдеттегіше сәлем салғанмын. Олар кеткесін, бұл әдетімді тастауымды бұйырды. Сен Аллаға серік қосып жүрсің дейді. Біз Алланың алдында ғана иілуіміз керек. Адамға табынуға болмайды дегеніне қарсы уәж айтып көріп ем, тіпті өршеленіп кетті. Мен күйеуімді танымай бара жаттым. Әуелі, ағайын-туыс, жақындармен бірге дастарханға отырмай жүрді. Себебін сұрасам «олар намаз оқымайды. Намаз оқымағандар  кәпір» деп айыптады. Осылайша күйеуімнің өзгерісіне басым жетпей жүргенде, ол ұшты-күйлі жоқ болды. Жоғалардың алдында мен аса құпия шаруалармен кетемін, сен ешкімге айтушы болма! Мен бауырларым үшін, сендер үшін, балаларым үшін барамын ол жерге дейтін. Сол себепті ешкімге тіс жармадым.  
  Жоғарыда айттым, әрі-сәрі күй кешіп жүргенде сақалдылар кездесті. Олардың айтуынша Серікжан жиһад жасауға дайындалып, оқып, үйреніп жүрген көрінеді. Осы бауырлары арқылы әйеліне, яғни, маған сәлем жолдаған. Серікжан менің осыларға ілесіп, баламды алып, бірге келуімді айтыпты. Бұлар Құдайдың құтты күні жолымды торуылдайтын болды. Серікжанның басқа жақта тапсырмамен жүргенін айтады. Егер сен оның адал жары болсаң, күйеуіңнің айтқанын істеуге міндеттісің. Сен сол кезде ғана жәннатық боласың. Ал күйеуіңнің айтқанын қылмасаң, сен харамсың деген сияқты ауыр әңгімелер айтады. Кейде тым жұмсақ әңгімелермен еліттіреді. Әртүрлі дәлел келтіреді. Дәлелдері қисынды. Әрсен дегені (есімі өзгертілген – ред.) тіпті шешен. Күнде көріп, үнемі тіл қатысқаннан кейін адам үйренісе бастайды екен ғой. Мен де олармен үйренісіп қалғанымды, олардың жылы сөйлеп, баурап бара жатқанын өзім де сезбей қалдым. Күннен күнге олардың айтқаны дұрыс бола бастады. Айналама іштей қалай қарсылық туғанын білмей қалдым. Қысқасы, мен екі баламды алып, сақалдылармен күйеуімнің қасына бардым. Серікжанның үйдегі өзгерісі ештеңе емес екен. Көрмеген 2-3 айдағы өзгерісі адам танымастай. Мен мүлде басқа дамды көрдім. Алайда, Серікжан мені аз-ақ уақытта баурап, дегеніне көндіріп алды. Мен үшін оның айтқаны заң сияқты сезілді.  Қабілетіне қарай, ол сол ортада беделді екен. Серікжанға үлкен бастықтары тапсырма береді, ал Серікжан болса, мені алып келген Әрсен сияқтыларға  тапсырма береді. Тапсырма бұлжымай орындалады. Серікжанға үлкен бастықтарының, ал Әрсендерге Серікжанның айтқаны заң. Сөйтіп жүріп жаттық. Бір қызығы, Серікжанға тапсырма тек интернетпен келетінін байқадым. Мен де солардың ұстанымына толық қосылып кеттім. Менің де көзқарасым мүлде өзгерді. Аталарымның оқыған намазы теріс болып көрінді. Әбден шатастым. Жиһад жасап, Сирияға кететін болып шештік. Ондағы қысым көріп жатқан бауырларға көмектесу керек деген ұран тасталды. Бірақ жоспарымыз іске аспады. Біз аттанып бара жатқанда ұсталдық. Серікжан теріс дінді таратқаны үшін, бірнеше адамның қалыпты өмірін бұзып, қылмыстық және заңға қайшы  әрекеттер  ұйымдастырғаны үшін сотталып кетті. Мен кеңес беру, оңалту мекемесіндемін. Осылайша өз бақытымызды өзіміз аяқпен теуіп, сорлап отырмын. Кеш те болса, түсіндім. Ештен кеш жақсы дейді ғой. Үміт бар. Енді тек қателікті түзеу керек. Замандастырама айтарым, бақытты өмірдің қадірін біліңіздер»-деп аяқтады әңгімесін Тамира. 
  Көзі ашық, көкірегі ояу адамға бұл оқиғаны талдап, саралап жатудың қажеті жоқ шығар. Бір ғана сөзбен түйіндегенді жөн көрдік. Шаңырақтың шайқалуы оңай, оны қайтадан қалыпқа келтіру қиынның қиыны. Ең бастысы әр қадамды дұрыс басқан жөн. Сақ болайық! Сақтанайық! 
                                                                            
   Еділ  АНЫҚБАЙ