Оралдағы Зачаган ауылының аты өзгермейді. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиев орталық коммуникациялар алаңында өткен онлайн брифингте мәлім етті, деп жазады Paryz.kz.
Өңір басшысының айтуынша облыс орталығындағы Зачаган ауылының атын өзгертіп, оған Бөкейханның есімін беру жайлы бастама осыдан үш-төрт жыл бұрын көтеріліпті.
"Біз осы ұсынысты көптің талқылауымен қарауды жөн көрдік. Бірақ қала тұрғындарының пікірі екі түрлі болды. Олардың кейбірі ауылға Алашатын беру керек деген ұсыныс айтты. Бұл біріншіден. Екіншіден қазір елімізде елді мекендердің аттарын өзгертуге мораторий жарияланды. Сол себепті жыл соңына дейін ауыл атын өзгерту мәселесі кейінге қалдырылды. Бірақ алдағы уақытта аталған мәселе бойынша ортақ шешімге келеміз деген ойдамыз",-деп мәлімдеді өңір әкімі.
Естеріңізде болса 30-шы сәуірде Зачаган және Меловые горки ауылдарының атын өзгертуге қатысты отырыс өткен болатын. Жиын барысында Зачаган ауылына Жұбан, Бөкей хан және Алаш атауларын беруге, ал Меловые горки ауылына Бортау атауы берілуі туралы ұсыныс айтылған еді.