Оралда өткен аптада қаладағы ең ірі деп саналатын Орталық базар аумағына арнайы рейд ұйымдастырылып, сауда орындары иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қала әкімдігі жанынан құрылған топта құзыретті орган өкілдері, депутаттар мен полицейлер, "Орал таза сервис" ЖШС қызметкерлері болды.
Осылайша, топ өкілдері рейд барысында сауда орындары иелеріне базар аумағындағы тазалықты сақтау мақсатында коммуналдық мекемелермен келісімшарт жасау қажеттігін мәлімдеді.
Бұдан бөлек, олар сауда орны алдында қоқыс контейнерлерінің болу керектігін де түсіндіріп өтті. Рейд ұйымдастырушыларының айтуынша, аталған іс-шаралар базар маңын таза ұстауға жол ашатын көрінеді.
Өкініштісі, бұған дейін Досмұхамедов көшесіндегі базар аумағында сауда орын иелері бірнеше рет рұқсат етілмеген орынға қоқыс лақтырған оқиғалар тіркелген еді. Қала әкімдігі өкілдері мұндай рейдтер алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, апта сайын ұйымдастырылатынын жеткізді.