Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Теріс дін жарға жығады

Діннің атын жамылған деструктивті топтар талайдың санасын улап, мыңның  миын айналдырды. Адасушылар атойлап шекара асты. Мемлекет шұғыл әрекетке көшіп, экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша министрлік, агенттіктер құрылды. «Жусан» операциясы  ұйымдастырылды. Адасқандарды елге қайтарды. Деструктивті діни топтар мен ағымдарды, секталарды зерттейін, адасқандарға кеңес беру, оларды оңалту орталықтары ашылды. Қазіргі уақытта психологтар, теологтар, діни қызметкерлер, имамдар қарқынды жұмыс істеуде.

Теріс дін жарға жығады
Фото: ашық дереккөз

Мемлекет адасқандарды түрмеге қамап, тар қапаста ұстап қана отырған жоқ. Олардың санасын түзеп, ұғымын дұрыс қалыптастырып, қатарға қосылуына әрекет етіп  жатыр. Біз осы тұрғыда олардың жайы қандай? Күйі нешік? Беті түзелді ме? Санасы өзгерді ме? Қандай өзгеріс бар? деген секілді сауалдар төңірегінде жазаланушыларға дәріс беріп, олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жүрген Қанат Өтебаевпен әңгімелескен едік. Әңгіменің алғашқы ауаны жалпы ахуалдан басталды:

         - Жасыратыны жоқ, діни экстремизим мен терроризмге байланысты елімізде көптеген жағдайлар болды. Бір қуанарлығы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәлімдеуі бойынша соңғы үш жылдың көлемінде бірде-бір қазақстандық азамат Сирия сияқты елдерге адасушылықпен аттанбапты. Керісінше, шет ел асқан адасушыларды «Жусан» операциясы арқылы елімізге әкелдік. Қазақ айтады: «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң...» немесе «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деп. Артына қаншама соқпақ тастап, қаншама қазақстандық азаматтар шетелге кетті. Отбасын, ата-анасын жылатып кетті, бірақ олардың істеп жүргендері жақындарының, ата-анасының бір тамшы көз жасына тұрмайтынын білмеді ғой. Осындай ерлер де, әйелдер де бар. Адасқандар кетіп, жақындарын уайымға салса, енді өздері көз жасын көл етіп отыр. Мысалы мен Алматы облысына қарасты «Заречный», «Жауғашты» сияқты қатаң режімдегі түрмелерде сабақ беремін. Осы бес жылдың ішінде қаншама адасқан тағдырларды көрдім».

          Осы тұста Қанат мырза  көрген тағдырлардың адасуына себеп болған жайтты нақтылай түсуін өтіндік.

« - Деструктивті топтар ең бірінші мемлекетті, мемлекет басшысын, имамдарды, сондай-ақ Қазақстандағы білім беретін орындарды, қандай жақсы ұстаздар бар, солардың бәрін жамандап, құрбандығының алдына осы айтылғандарды тыңдамайтындай етіп тосқауыл қойып тастайды. Бұдан кейін, әлбетте, олар теріс ағымның айтқанын миына сіңіреді. Мысалыға осыдан бес жылдай бұрын Ақтөбеде қиын оқиға болды ғой. Олар аңшылық дүкенге кіріп, қару алып, бейбіт елді атқаны белгілі. Олардың бәрі түрмеде отыр. Солармен сөйлестім. Олар айтады. Сол кезде бір бөлмеге барлығы жиналған. Ешқандай тамақ болмаған,тек қана су ішіп отырған. Бір кезде біреуі аңшылық дүкенде  тұрғанда есін жинайды. Екіншісі  қолында мылтығы бар «Алаһу акбар» деп көшеде тарсылдатып адам атып жүргенде, «мен не істеп жүрмін?» деп есін жинайды. Бұл жерде діннен басқа да дүниелер тұр. Гипноз болуы мүмкін. Сосын Дүниежүзі денсаулық ұйымы Шри Ланка деген жердегі шөпті құрту үшін жылына көп қаражат құяды екен. Бұл шөп адамның есінен адастырып, не істеп, не қойғанына бақылау жасай алмайтындай дәрежеге жеткізеді екен. Оны дәрі жасап, ішкен адам жеті-сегіз сағатқа дейін есін білмей зомби болып қалады екен. Міне, солай отырғандар да бар. Олардың қазір қолдарында телефон жоқ. Баяғыдай пір тұтатын шейхсымақтары тағы жоқ. Біздің сабаққа қатысады. Екі-үш сабақтан кейін санасы ашылып, жылағанын көрсеңіз... Көздерінен сорасы ағады. Түзеліп жатыр, бірақ кейбірінің артындағы отбасы түгел уахабилік бағытпен кетіп қалған ғой. Олар қайтып еліме бармаймын дейді. Ол жаққа барсам мені кәпір деп санайды дейді. Әйелі, әкесі, достары – бәрі теріс дінмен кеткендер бар. Оларға менің сөзім өтпейді дейді. Көп нәрсені түсіндім, бірақ адасқандарды сөзіме иландыра алмаймын деп зар еңірейді.  Көрдіңіз бе, , трагедия қайда?»

          Иә, бір қателік қаншама қиындық туғызды. Біріншіден, тар қапаста қамалып отыр. Екіншіден сенімнен айрылды. Үшіншіден қайтып барар елі қабылдамайды. Міне, арты соқпақ дегеніміз осы шығар. Қанат Өтебаев оларды қоғамға қайта қосудағы жайтты да айтып берді. – «О баста «Жусан» операциясы басталғанда бұл іске қарсы шыққандардың бірі мен болғанмын. Оларды елге әкелудің қажеті не? Олардың миында вирус бар. Адасқандарды қамайтын жеке түрме жоқ. Біреу болып кіріп, жүз болып көбейсе, қайтеміз деген ой болғаны рас. Алайда мен қате ойлаған екенмін. Берілген сабақтан нәтиже шығып жатыр. Оларға бұл істерінің ешқандай да жиһадқа жатпайтынын, барған жеріңде өлсең, арам өлім болатынын айтамыз. Оларды  теріс ағымдар өз мүдделеріне пайдаланғанын жеткіземіз. Тіпті бұның бизнес екенін дәлелдейміз. Жанына тиетін қарапайым мысал келтіреміз. Егер өзің өлсең, ертесі қатыныңды біреудің астына еш ойланбастан салып бере салатын айтамыз. Бұл шындықты айтқанда, көбісі көзімен көргеннен кейін біздің сөзімізге иланбасқа, өз істерінің қате екенін мойындамасқа амалы қалмайды. Осындайда қазағымыздың: «Өз балаңды өзегінен тепсең де кетпейді, өзгенің баласын кісендесең де тұрмайды деген сөзі еске түседі». Амал жоқ елімізден шыққан адасушыларды қоғамға қайта қосу, оларды түзеу міндетіміз» - деп түйіндеді, сөзін Қанат Өтебаев.

          Жалпы бұны «бәлен жерде бақыр бар, барсаң таста жоқ» дегенмен де қорытындылауға болады. Діни фанатизмге шалдыққандардың бақытқа жеткені жөнінде бірде-бір факты жоқ. Таба алмайсыз. Өйткені діни фанатизм дұрыс жол емес. Ол жолға түскендердің арысы ажал, берісі абақты, азап. Сондықтан теріс діннің жетегіне еріп, өмірді өксікке айналдырмаса екен дегенді айтқымыз келеді. Әр қадамды санап басып, әр сөзді талғап тыңдаған дұрыс. Сақтанайық! Сақ болайық!

                                                                  

Еділ АНЫҚБАЙ