Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Сарсаңға түскен Салтанат

Қателікті әркім жасайды. Ең бастысы бір жасаған қателікті қайталап жасауға болмайды. Қателік қайталанса,  нағыз ақымақтық сол дейді ақылмандар. Айталық Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың  жанындағы «Оңалту» орталығы адасқандарды қатарға қосумен айналысады. Ал біздің қателік жасаған тағдырларды мақаламызға арқау етуіміздің басты себебі өзгелер сабақ алса, қателік қайталанбаса екен дейміз.

Сарсаңға түскен Салтанат
Фото: ашық дереккөз

Бүгінгі кейіпкеріміз Салтанат. (есімі өзгертілген – ред.) Салтанатты сарсаңға салған өзінің емес, өзгенің қателігі. Нақтырақ айтқанда күйеуінің ағасы, яғни, қайныағасының қателігі. Қайынағасының есімі – Орал екен. (есімі өзгертілген – ред. )   Оралға ықпал еткен деструктивті діни топ. Салтанат ол діни топты салафиттер дейді. Әңгіме барысында Салтанаттың ызғар шашқан көзінен отбасының шырқын бұзған салафиттерге деген өшенділігін байқау қиын емес еді. Ол ызаға толы жанарын аударып-төңкеріп отырды да, бір нүктеге қадалып, аз уақыт отырып қалды. Селт етіп оянғандай көзін үлкейте ашып, қайтадан тарс жұмды.

Салтанаттың бұл қиымылын қалт жібермей бағып отырмын. Оның ішінде астаң-кестең арпалыс жүріп жатқанын сезгендеймін. Осылардың кесірінен қаншама түн ұйқысыз, қаншама күн күлкісіз өтті. Әлі алысып келемін. Балаларымның болашағы үшін күресемін – деп қайраттанғандай болған Салтанат жалт етіп маған қарады да:  – Басынан бастайын, иә – деді де терең бір күрсініп алды. –  Күйеуімнің ағасы – Оралдың күнде кешкісін діни жиналыстарға барып жүретінін білетінбіз. Негізі шынайы исламның пайдасы болмаса, адамға зияны жоқ қой. Алғашында кәдімгі имани жолда, дұрыс бағытта, дәстүрлі дінде деп ойлағанымыз рас. Бірақ Орал исламның атын жамылған  теріс діни ағымға барып жүр екен. Оны кеш білдік. Отбасымызды ойрандап, шаңырағымызды шайқалтқаннан кейінгі білгеннің несі жақсы, дейсіз?!  Не нәрсені болсын дер кезінде, дәл уақытында білген, сезген жақсы ғой. Алайда біз дәл уақытын жіберіп алдық. Ештен кеш жақсы деген тағы бар. Осыдан ары қарайғы жағдайым дұрысталып, бала-шағаммен бірге жақсы  өмір сүріп кетсем, оған да шүкір етемін. Психологтар, теологтар көп көмек жасап жатыр. Алғыстан басқа айтарым жоқ. Тек қана, жақсы басталған ерлі-зайыпты өмірімді талқандаған қайныағама, енеме ренжимін, оларға ықпал етіп, өз айтқандарын істеткен діни теріс ағымға лағнет айтамын,- деп күйінеді, Салтанат. 

Салтанаттың айтуынан байқағанымыз Оралдың діни әңгімені өз отбасына сіңіруі белгілі бір ережемен, есептелген қадаммен жасалып отырған. Діни ағымның идеологтары Оралға бағыт-бағдар бергені көрініп тұр.   Бастапқыда діни жиналыста болатын әңгімені отбасына жұмсақтап, үркітіп, шошытып алмай жеткізген. Отбасы мүшелерінің құлағын әбден үйреткен секілді. – Орал қайынағамның алғашқыдағы діни әңгімелері бізге қызық көрінетін. Бәріміз ұйып тыңдайтынбыз. Жұмсақтап, жеңіл айтып жүрді. Енемнің тарапынан көп мақұлдау, қолдау тапқан сайын Орал қайынағамның жаны кіретін. Орал ақырындап енеме көбірек назар аударып, бізге оны үлгі ете бастады. Жәннат, о дүние деген сөздер жиі қолданыла бастады.

Күндер өте келе діни жиналыстарға енем де баратын болды. Енді екеуі екі жақтап, діни әңгімелерді жарысып айтатын болды. Мен күдіктене бастадым. Әңгімені басқа жаққа бұрып, тақырыпты басқаға аударғым келгенмен, қолымнан келмеді. Өйткені күйеуім де олардың сөзін сөйлейтін болды. Бұрын әңгімемен шектеліп жүргеніміз ештеңе емес екен, енді енем бізден жиналысқа баруды ашық талап етті. Күйеуім олардың дегеніне көнді. Олар үшеуі бірдей кештетіп, жиналысқа кетеді. Келе салысымен діни уағыздарын айтады. Айтып қана қойса, бір сәрі ғой, талап қояды және сол талаптарды жүзеге асыру керек болды. Мен аса көне қоймадым. Иә, намаз оқуға келсітім, бірақ олардың талабы миға симайтын еді. Қайныағам өз талаптарын орындатуды әйелінен, яғни, абысынымнан бастады.

Орал ең бірінші әйелін басынан аяғына дейін хиджабпен қымтады. Жұмыстан шығарды. Күйеуінің рұқсатынсыз көшеге аттап басуына тиым салды. Абысыным бұрын көлік жүргізетін, ол күндер көзден бұлбұл ұшты. Бәрінен қыздарына жаным ашиды. Сабаққа баруды кілт тоқтатты. Оларға да хиджап кигізілді. Айтпақшы, сабаққа бармауына осы хиджаб себеп болды. Мектеп қыздарға тұмшаланған хиджабпен кіруге, сабақ оқуға рұқсат етпеді. Заң бойынша бұлай етуге болмайтынын Оралға түсіндірмек болған екен, ол тарс ашуланып, мұғалімдерді кәпір деп айыптады. Үйге келген соң да біразға дейін басыла алмай, мемлекетті айыптап, мектепті кәпір деп, елдің бәрін адасқандар деп көпке дейін сөйледі. Үйдегі телевизор, компьютер, басқа да ойыншықтар қоқысқа тасталды. Ең болмаса, көршілерге берейік деген сөзіме құлақ аспады. Оған айтар уәжі: «кәпірлікке біз де себеп болмауымыз керек» дейді. Сондағысы телевизор көру, компьютерде отыру, ойыншықпен ойнау – кәпірдің, адасқандардың ісі екен. Байғұс балалар, көшеге шығудан қалды. Ертеден қара кешке дейін құран жаттайды. Одан қалса бала қарайды. Кішкентай демесеңіз, тура әйелдің әрекетінен басқа ештеңе істемейді.

Ырың-жырыңмен уақыт өте берді, абысыным сол арада үш бала туып тастады. Салафиттердің ұғымынша әйел жылда туу керек екен. Абысынымның жасы 45-тен асса да төртіншісіне жүкті. Үш жылда үш бала туып, төртіншісіне жүкті болу деген сұмдық нәрсе ғой. Әрине, ұрпақ көбейткен жақсы, бірақ бұлай емес шығар. Менің қарсылығым осыларды көрген сайын үдей түсті. Енем мен күйеуім, қайынағам үш жақтан таласа да қарсылығымды тоқтатқаным жоқ. Жағдай күннен күнге ушыға берді. Күйеуім дегеніме көнбесең, үстіңнен әйел аламын деді. Енем мен қайнығам оның сөзін қолдап, қуаттай түсті. Көп өтпей-ақ күйеуім менің үстіме әйел алып келді. Ол да сол ағымның өкілі екен. Дәл абысыным секілді тұмшаланып, олардың сөзін екі етпейді. Ал мен ажырасуға арыз бердім. Енді бұлар мені қорқыта бастады. Әрине, қорқамын. Бірақ балаларымның болашағы үшін өз айтқанымнан қайтпадым. Менің де ел-жұртым бар. Күйеуім, қайынағам, енем солардан қаймықты. Мен де үрейленемін, бірақ білдірмеуге тырысамын. Соттасып жүріп тағы үш жылдай уақыт өтті. Сол арада күйеуімнің екінші әйелі үш бала тапты. Салафиттер өз қатарын көбейтуге тырысатын тәрізді. Бұлар өте қауіпті. Көпшілікке осыны айтқым келеді.

Қазір бөлек тұрамын. Үрей де бар. Мемлекеттің қамқорлығына да арқа сүйеймін. Жүйкем де сыр бере бастағандай. Психологтар, теологтардың кеңесі мен балаларымның болашағы мені сүйреп, өмір сүруге жетелеп келеді. Қандай қиындық болса да күресуге бел байладым. Әркім өз өмірін, балаларының болашағын қиындықты жеңумен қалыптастырады ғой. Мемлекетке рақмет! Осы орталықтан ақыл-кеңес, қолдау тапқаныма ризамын. Ал құрбыларыма, замандастарыма айтарым, әсіре әңгімеге алданбаңыздар! Қайынағам жиһад жасауға кетті деп естігенмін. Алты айдан асты дейді, өлі-тірісі белгісіз. Өзі ғана емес інісін, енесін, әйелін, балаларын сарсаңға салды. Құдай жазасын өзі берер-деп булығып қалған Салтанат сөйлеуге шамасы келмей қалды. Мен де қинамадым. Тек айтарым Салтанаттың өмірінен сабақ ала біліңіздер. Орал секілді ақ-қараны ажыратпай әрекет қылмаңыздар дегім келеді. Сақ болайық! Сақтанайық!      

 

Еділ  АНЫҚБАЙ