Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Туған елдей ел болмас

Қате жасап, бармақ шайнағаннан гөрі, шалыс қадам баспаған дұрыс. Жеті рет өлшеп, бір рет кес деген сөз осы жерге дәл келетін секілді. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың  жанындағы «Кеңес беру және оңалту» орталығындағы жаза басқан тағдырлардың оқиғасын естігенде осындай ойға қаласың...

Туған елдей ел болмас

             Бұл осыдан үш жылдай бұрын айтылған әңгіме. Сириядан «Жусан» операциясымен келген павлодарлық Бағила ол кезде отызға да толмаған еді. Бейбіт өмірдің қадірін білмегеніне кеш те болса өте өкініпті. Мынадай тыныш өмірге қайта оралғанына әлі де сенер емес. Сирия есіне түссе болды денесі түршігіп, жарылған бомба елестейді, зулаған ұшақтың, зеңбіректің дауысы естіледі. Мұндай кезде өзін қоярға жер таппай кетеді. Бастан кешкен қиындық, көрген қорлық, өзегі талған аштықтың келмеске кеткеніне сансыз шүкір етеді. Қазақстандай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дейтіндей елін енді еш жерге айырбастамасына серт етіпті. Сирияда алты жыл азап шеккен өмірін досы түгілі жауына да тілемейді.     

             Бағиланың екі ұлы бар. Екеуі де Сирияда дүниеге келген. Үлкені Сириядан келген 2019 жылы бес жаста болатын.  - Қазақстанға келгеннен кейін аулада алаңсыз ойнап жүрген  балаларымды көріп көз жасымды тия алмай жылайтын едім. Бала емес пе, олар азапты өмірді тез ұмытты. Тек анда-санда оқыс дыбыстан шошып кететіні болмаса, аштықтан жылайтын кездері жоқ қазір, - деп тағы да көз жасына ерік берген Бағила біразға дейін өксігін баса алмай жылады. Өзегі өртенгендей өксіктен өткен өмірінде адам нанғысыз азап көргенін байқау қиын емес еді. – Аулада отырып, өз немерелерімен бірдей көріп мейірленген  мейірімді апалар мен аталардың құшағына тығылған балаларыма қарап, қандай ақымақ екенімді сөзбен жеткізе алмаймын – деп қайтадан көз жасына ие бола алмаған Бағила екі алақанымен бетін басып, солқылдап отырып әңгімесін жалғасытырады.

 – Білген жоқпын... Қиналып жүрген кезім еді... Ол қиындық Сириядағы азаптың қасында нағыз бақыт екенін кеш түсіндім ғой мен. Қайдан білейін, жазған басым?! Күйеуім Түркияға барайық дегенде бірден келістім. Оқуды сол жерде жалғастыруды ұсынды, Мысырға баратынымызды айтты. Магистратураға түсеміз, жаңа өмір бастаймыз, ұнаса қаламыз деді. Мен кететінім жөнінде әке-шешемді хабардар еттім. Оған дейін біз күйеуімнің дәстүрлі исламда емес екендігіне  қылдай күмәніміз жоқ-ты. Дін тақырыбында ешқандай сөз қозғаған емес. Менің намаз оқып, хиджаб киіп жүретініме риза еді. Сөйтіп Сирияға бізден басқа да қазақстандықтармен бірге жеттік. Бізді күтіп алғандар Сирияға бару керектігімізді, ол жерде мұсылмандарға қысым көрсетіп жатқанын, бауырларымызға, қарындастарымызға көмектесуіміз қажеттігін айтты. Күйеуімді тастап кете алмадым-дейді, Бағила.

             Оларды шекарадан күтіп алып, содырлардың лагеріне апарған. Үйлерге орналастырып, азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Үлкендерге айына 50 доллардан, балаларға 25 доллардан ақша төлеген. Бір айдан кейін күйеулеріне содырлар өз-өздерін жаруды бұйырған, бірақ ол бас тартқан. Сосын бұларды бөліп жіберіпті. Күйеуі 2014 жылы қайтыс болған, анығында өлтіріп кеткен. Бағилаға содырлар күйеуінің  ауыр жарақаттан қансырап өлгенін айтқан. Кейін Бағиланы күйеуі өлген жесірлердің лагеріне ауыстырған. Ол жерден рұқсатсыз шығуға және бөтен адаммен сөйлесуге тиым салған. Аз уақыт өткен соң, жас әйелді басқа біреуге күйеуге берген.

        Бағиланың айтуынша, содырлар  қоныстарын жиі ауыстырған екен. Орналасқан жерінде әйелдер мен балаларды кепілдікте ұстап отырған. Алты жылдың ішінде Ракку, Шадат сияқты бірнеше елдімекендерде тұрған. Ең соңғы болған жері Багуз деп аталады екен. Ол басқа жесір әйелдермен бірге аш-жалаңаш өте ауыр жағдайды бастан кешіріпті.  – 2017 жылдан бізге ақша, тамақ, азық-түлік беруді мүлде тоқтатты – дейді Бағила. – Балаларымыз аш болды, тамақ табу өте қиын болды. Заттарымызды саттық. Содырлардан сұрадық, олар қалған-құтқан, жуындыларын ғана беретін. Тұрған жерімізді үнемі бомбалайтын. Ажал айналып жүргендей сезінесің. Кішкентай сылтау тауып, бізді жазалайтын. Кейбір әйелдер балаларымен шекарадан өтпек болды, бірақ көбісін ұстап алып, қинап, түрмеге қамап, кейбірін өлім жазасына кесті. Қанша елге кеткім келгеніммен, ұстап алса өлтіреді деп  қорықтым. Бізді үнемі түрмемен, өліммен қорқытатын. Елдеріңде ешкімге керек емессіңдер деп айтатын. Өздеріңді түрмеге отырғызады, балаларыңды тартып алады дейтін.

              2019 жылы Бағила балаларымен  және бейбіт тұрғындармен бірге күрдтерге эвакуацияланыпты. Сол жерде скайппен ата-анасына хабарласқан. 

– Қазақстандықтар келіп, елге алып кеткенде сенер-сенбесімді білмедім. Бастапқыда бізді Ақтауға әкелді. Ол жерде бізбен психологтар, теологтар жұмыс істеді. Мен Сирияда азап шегіп жүргенде өзімнің қатты қателескенімді түсініп, тек жылағаннан басқа ештеңе істей алмай қиналатын едім. Қазір балаларыммен, ата-анаммен бірге өткізген әр минутым, әр күнім мен үшін бақыт. Әрине, маған өте қиын. Азапты күндерді ұмыту оңай емес. Бірақ қайтадан бейбіт өмір силаған еліме қарыздармын. Алдағы уақытта бәрі жақсы болатынына сенемін. Барлық замандастарыма айтарым, басқа жақтан бақыт табылмайтынына көзім жетті. Бақыт ата-анаң, туғандарың, елің, жерің екен. Бұдан басқа бақыт жоқ екен - деп аятады сөзін,  Бағила.

              Иә, барымызды, бақытымызды бағалайық! Сақ болайық! Сақтанайық!  (мақала tengrinews.kz сайтында 2019 жылы 21 маусымда жарияланған материалмен толықтырылды) 

                                                   Еділ АНЫҚБАЙ