Лаура Нұртазинова секілді арнайы санаттағы үйге мұқтаж жандарға салынатын үйлердің көбі сапасыз.
Елімізде жыл сайын милилондаған шаршы метр баспана салынғанымен, талай жыл үй кезегінде тұрған азаматтарға соның берілетіні аз, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мысалы, былтыр кезек 23 процентке көбейсе, үй алғандардың саны тек 3 процентке жеткен. Депутат Ирина Смирнова "мұндай қарқынмен кезектің соңында тұрғандар 80 жылдан кейін баспана ала алады" дейді. Арнайы санаттағыларға берілетін пәтерлердің саны да аз. Енді шенеуніктер жыл сайын 10 мың емес, 37 мың пәтер береміз деп отыр.
Нұр-Сұлтандық Лаура Нұртазинова 1 бөлмелі пәтерді 6 жылдан бері 75 мың теңгеге жалдап келеді. Жалғызбасты ана ретінде ол екі жыл бұрын үй кезегіне тұрған. Бірақ, төленбеген несиелері болғандықтан, мемлекеттен тек сатып алу құқығынсыз пәтерді жалдай алады. Қазір Лаура атаулы әлеуметтік көмек пен жалғызбасты ана үшін алатын жәрдемақыға күн көріп отыр. Қолы қалт етсе еден жуады.
“Біз қара тізімге кіріп кетіп отырмыз, ешқандай программаға қатыса алмай отырмыз. Но бірақ біз квартира төлеп тұрып жатырмыз. Біреуге. Міне алты жылдан бері қаншама 75 мың теңгеден қаншама ақша төлеп жатырмыз”, - дейді жалғызбасты ана Лаура Нұртазинова.
Лаура Нұртазинова секілді арнайы санаттағы үйге мұқтаж жандарға салынатын үйлердің көбі сапасыз. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша "әкімдіктегі шенеуніктер үйдің сапасына емес, санына, Үкіметке тапсыратын статистикасына бас қатырады". Ол мүгедек жасөспірімдер 18-ге толса да кезегі сақталуын, мүгедек баланы асырап отырған азаматтарға төменгі қабаттан, арнайы бөлмесі бар пәтер беруді, Бақытты отбасы бағдарламасының алғашқы жарнасын 5 пайызға төмендетуді, осы бағдарламаға 1 және 2 топтағы мүгедек жандарды қосуды да ұсынып отыр.