Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Не нәрсені де дұрыс түсінген жөн

Шындығында келгенде халыққа қауіп төндіру, елдің ішін дүрліктіру, мемлекеттің тыныштығын бұзу әрекеттері кесіп айту керек жиһад емес.

Не нәрсені де дұрыс түсінген жөн

Қазіргі заман – Ақпараттық технологиялар заманы. Өзгеріс, даму, ілгерілеу, кері кету, адасу – бәрі-бәрі ақпараттың ықпалымен болып жатыр. Ықылым заманнан ізгіліктің бастауы болған діннің  діңгегі шайқалып, әсіресе, исламның ізімен жүрем дегендер жалған ақпараттың кесірінен адасуда. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы қала халқын дұрыс бағытпен жүруге шақырады.  

Ұлттық бірлікті, халықтық ынтымақты қалыптастыратын діннің өңін өзгертіп,  мұсылмандықты терроризммен байланыстырып, исламға шоши қарайтын жағдайға дейін жеттік. Бұл жалған  ақпараттардың ықпалы. Осы жалған ақпараттарды асыл  дін – исламға, шынайы мұсылманға   қарсы пайдаланып жатқан  теріс пиғылды деструктивті  топтар. Мысалы үшін «жиһад» деген сөзге қарапайым халық шоши қарайды. Өйткені әр жерде болып жатқан жарылыс «жиһадпен» байланыстырылады.

Шындығында келгенде халыққа қауіп төндіру, елдің ішін дүрліктіру, мемлекеттің тыныштығын бұзу әрекеттері кесіп айту керек жиһад емес. Өзін-өзі жару исламға мүлде жат нәрсе. Ақиқатында  өзіне-өзі қол салуға исламда тиым салынған. Бір сөзбен айтқанда, ислам – адамгершілік діні. Мәселен, бір адамды өлтірген адам барлық адамды өлтіргенмен бірдей дегенге келетін шариғи сөз бар. Ислам ғана емес, барлық дінде мейірім бірінші орында тұрады.

Айталық, Алматы қаласында 17 діни конфессия бар. Сол түрлі діни кофессиялардың өкілдерімен Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың ұйытқы болуымен ұйымдастырылған іс-шараларда бірнеше рет болғаным бар. Жетекшілерімен арнайы жолығып әңгімелестім, зейін салып зерттедім. Қай дінді алсаңыз да қылаудай қауіп, адам үшін зиянды ойламайтындығына көз жеткіздім. Сондықтан кез келген діни қадамға зер салып, әрбір әрекетке ойлана барған дұрыс. Енді бастапқы әңгімемізге қайта оралайық. Біздің сөзімізге арақу болып отырған жиһад ұғымы еді ғой. Сонымен жиһад деген не? 

         Жиһад – шын мәнінде өзін-өзі тәрбиелеу. Жиһад – өз нәпсісімен күресу. Жиһад – ақиқатында өз бойындағы жат қылық, оғаш мінезден арылу, өзгені алдап, арбап, адастыру емес. Жиһадшы – негізінде  имандылықтың жолына шын ниетімен беріліп, адам түгілі шыбын-шіркейге де  зиянын тигізбейтін, тұла бойы мейірімге толы ақ жүректі, адал ниетті шын мұсылман. Жиһад жолындағы мұсылман – жүрегі шуаққа, болмысы иманға, жүзі нұрға, әрекеті адамгершілікке, сөзі ізгі, әңгімесі әділдіктен айнымайтын, дөрекі қылығы жоқ, басқаға басы артық пікір білдірмейтін, өсек-өтірік айтпайтын, дұшпанына да жамандық тілемейтін, ғайбатқа жаны қас, елін, жерін сүйетін, заңды бұлжытпай орындайтын, мемлекеттің әрбір жетістігіне қуанатын, жастардың біліммен толысқанын, тәрбиелі балалардың үлкенге болысқанын, заманауи технологияны меңгерген, Үрім бола ма, Қырым бола ма, Қытай дейсіз бе, Еуропа ма, АҚШ-ты айтасыз ба, Батысты айтасыз ба, әйтеуір, білім соңына түсуді жөн көрген,  бар болмыс-бітімімен жақсылықты қалайтын, мемлекетшіл  адам. Ақиқаты осы.

Деструктивті топтар исламның атын жамылып, мұсылмандықтың берекесін қашырды. Олар жиһад деген ұғымды теріс насихаттайды. Шын жиһад пен бұл «жиһадтың» арасы жер мен көктей. Тыныш жатқан елін, берекелі жерін тастап,  Сирияға аттанғандар жиһадты теріс түсінгендер. Шын жиһадшы отанын тастап, белгісіз отқа оранып кетпесе керек. Жиһадтың өңін айналдырып, теріс бұрып алғандар – пиғылы жамандар.

       Жиһад жасаушы өз бойындағы кемшілікпен күресетін мұсылман, бірақ ол басқа діндегілерге соғыс ашып, қырып жою емес. Ақиқатында жиһад –  нағыз адами жол. Жиһадтың этникалық сепаратизмге, діни экстремизмге, лаңкестікке ешқандай қатысы жоқ. Жиһадтың негізгі мәнінен ажыратып, өңін теріс айналдырып, адам санасына кері мәнде сіңіріп жүрген  пиғылы теріс топтар. Олар жаңа заманға, технологияға, Батыс елдеріне қарсы үгіт жүргізеді, бірақ жиһад жаңа технологияға, Батыс елдеріне қарсылық емес. Құрғақ сөзден гөрі дәлел мен дәйек қажет қой. Келтірейік!   

Мәселен, ISPU (Әлеуметтік саясат және түсіністік институты) өте ірі көлемде, нақтырақ айтқанда, отыз бес елдегі елу мың мұсылман жолындағы азаматтардан: Батыс елдерінің өркениетіне деген пікірлерін сұрағанда барлығы  дерлік оң көзқарас танытқан. Тек,  Сауд Арабиясының 6%, Иран елінің 2% тұрғындары ғана Батыс пен АҚШ елдеріндегі еш нәрсе ұнамайтынын айтқан. Отыз бес мемлекеттің ішіндегі екі елдің 6% және 2%-ы, бейнелеп айтқанда, теңіздің қасындағы тамшыдай ғана көрсеткіш. Ал тұтас жатқан теңіздің толқынын бір ғана тамшы өзгерте ала ма? Демек, жоғарыда айтып кеткен жалған ақпараттың кесірі, шынайы мұсылманның беделіне нұқсан келтіріп жатқанын осындай статистиканың нәтижесінде көз жеткіземіз. Қазақта қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ деген сөз бар. Жоғарыдағы аз топ сол қыңырлардың қатарына жатады.

        Ойымызды жеткізе түсу үшін «жиһад» сөзінің мағынасына байланысты ғылыми анықтаманы да келтіргеніміз жөн болар: «Жиһад» сөзі араб тіліндегі «жә-хә-дә» етістігінен тарайды. Ол белгілі бір мақсатқа ұмтылу, сол тұрғыда еңбектену, талпыну, күресу деген мағынаны білдіреді. Бұл туралы Құран мен хадистерде бірқатар мәліметтер кездеседі. Құрандағы кейбір аяттарға қарасақ:«Кімде-кім жиһад жасаса, өзі үшін жасайды», - делінген.

        Жиһад ұғымы адамнан адамға, қоғамнан қоғамға, жағдайдан жағдайға, заманға  қарай түрленіп отырады. Ең басты өзегі адамның өзін-өзі тәрбиелеуі және өзгеге жақсылық жасауымен түйінделеді. Мысалы бір дәрігердің өз саласында кәсіби деңгейге қол жеткізуі үшін тынбай еңбек етіп, ізденуі, экономика маманының елдің әлеуметтік жағдайының түзелуі үшін жұмсаған қажыр-қайраты, мұғалімнің сауатты түрде бала оқытуы – мұның бәрі жиһадқа жатады.

        Міне, шын мәнінде жиһад –  ізгіліктің жолындағы істер.  Жалған ақпарат пен арам пиғылды топтардың кесірінен әрбір адамды тура жолға салатын ұғымды шатастырып, жат әрекет деп ойлап жүргендер бар. Осы мақала ойы әрі-сәрі болып жүргендерді дұрыс бағытқа жетелесе дейміз.  Анығында, жиһад адам шошитындай сөз емес. Сондықтан анығын білмей тұрып, арандалып қалмайық! Сақтанайық! Сақ болайық!  

                                       

Еділ АНЫҚБАЙ